«Nur Otan» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы «Үздік бастауыш партия ұйымы» атты республикалық конкурсының облыстық кезеңін өткізді. Бұл сайыстың мақсаты – облыстық іріктеу кезеңін өткізіп, үш санат бойынша үздік бастауыш партия ұйымдарын анықтап, республикалық байқауға жолдау. Комиссия мүшелері ретінде «Nur Otan» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының ұйымдастыру-бақылау жұмыстары бөлімінің меңгерушісі М.Дощанов, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының Саяси кеңесінің мүшесі, Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты, «Форте Банк» директоры А.Өрісбаев, Жаңаөзен политехникалық колледжінің директоры Т.Болатбаева, партия ардагері Е.Іңірбайұлы, «Nur Otan» партиясы МОФ «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Б.Қуандық, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының баспасөз хатшысы З.Пулатова қатысты. «Nur Otan» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы төрағасының орынбасары З.Есбергенова сөз сөйлеп, бастауыш партия ұйымдарының жұмыстарын жандандырып, олармен тығыз байланыста болу қажеттігін айтты. Конкурсқа қатысушы – бастауыш партия ұйымдарының төрағалары комиссия алқасының алдына келіп, өздері басқарып отырған ұйымдардың жұмыстары туралы баяндап, атқарылған істерін, жеткен табыстарын айтып, сұрақтарға жауап берді. Бастауыш партия ұйымдарының басшылары арасында жастармен қатар әжелер де қатысты. Мәселен, Түпқараған ауданы, Ақшұқыр ауылынан келген Күләш Қасымова Елбасының тапсырмаларын, бағдарламаларын жүзеге асыруға үлес қосып жүргендігін мақтан тұтатынын айтты. Оған қоса Күләш әже бастауыш партия ұйымының әлеуметтік желілерін де өзі жүргізеді. – Бастауыш партия ұйымдары «Nur Otan» партиясы бағдармаларының халыққа пайдасын, тиімділігін жақсы түсінеді. «Кедергісіз келешек», «Ардагерлерді ардақтайық», «Бақытты отбасы» сияқты бағдарламалар қоғамға өте қажет, – деді К.Қасымова. Конкурс соңында комиссия мүшелері әр санат бойынша бастауыш партия ұйымдары берген ақпараттары мен құжаттарын сараптап, біраз талқылап, конкурс жеңімпаздарын анықтады. Жеңімпаздарды мәлімдеу шарасы алдағы уақытқа жоспарланды.
Ханым ҚУАТ