«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында білім саласына өркениет жетістігі - ақпараттық технологияны енгізу қарқынды даму жолына түсті. Жас ұрпақтың заманауи жетістікке қол жеткізуін көздеген ұстаздардың қаржылай қолдауды ұйымдастыруы, демеушілердің қаржылай көмек көрсетуімен Сам орта мектебінде IТ сыныбы ашылды. Ақпараттық технологиялық сыныптың ашылу салтанатында Бейнеу аудандық білім бөлімінің басшысы Батырбек Демократұлы, «Нұр Отан» партиясы Бейнеу аудандық филиалының кеңесшісі Ерболат Бектілеу құттықтау сөз сөйлеп, игілікті іске демеуші болған азаматтар мен ұйымдастырған мектеп ұжымына жылы лебіздерін білдірді. Одан әрі сынып есігіне керілген лента қию рәсімі орындалып, жаңа сыныпта атқарылатын жұмыстар таныстырылды. IТ сыныбын ашуға мектеп ұжымы бастамашы болып, акция ұйымдастырған. Ұстаздар бастамасына мектепті өткен оқу жылында бітірген түлектер мен ата-аналар арасынан Рая Дощанова бірден қолдау танытыпты. Нәтижеде аталған акция мен демеушілердің 480 мың теңге көлеміндегі қаржылай қолдауы арқылы ақпараттық технология сыныбы ашылды. Мектепте әлеуметтік желіде мобильді қосымшалар мен сайт жасаудың сырларын меңгерген, жалпы ақпараттық технологиялық салаға қызығушылығы зор оқушылар бар. Жаңа сынып олардың бағдарламалар жасау негіздерін терең үйреніп, роботтехника жасаумен айналысуларына мол мүмкіндік жаратады. Сондай-ақ мектеп түлектерінің бүгінгі таңдағы еңбек нарығында сұраныс жоғары бағдарламалау саласына бейімделуіне тигізер ықпалы зор болмақ.
Қартбай ҚОЖАЕВ