«Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары туралы» жарлық, «Тілдердің үштұғырлығы» мәдени саясаты және Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016–2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында нақты пәндер қатарына жататын химия, биология, физика мен информатика пәндерінің ағылшын тілінде оқытылуын жалпы білім беретін орта мектептерге кезең-кезеңімен енгізу көзделген. Осы мақсатта қолға алынған шаралардың бірі – аталған пән мұғалімдерін ағылшын тіліне үйрету. Соған орай республикамыздың облыс орталықтарында мұғалімдер ағылшын тілі курстарында оқып, өз біліктілігін арттыруда. 2019 жылдың 25 ақпанында Астана халықаралық университеті (AIU) ұйымдастырған химия, физика, биология және информатика пәндері мұғалімдеріне арналған тілдік және кәсіби құзыреттілігін арттыру курсында маңғыстаулық 137 мұғалім ағылшын тілін үйреніп жатыр. Олар жазғы демалыстан кейін өз білімін әрі қарай жетілдіруін жалғастыруда. Қазіргі таңда маңғыстаулық ұстаздар B1 (CEFR бойынша) деңгейін тәмамдап, CLIL пәндік компонент бағдарламасын меңгерді. CLIL (ағылшын тілінде Content and Language Integrated Learning немесе пән мен тілді кіріктіріп оқыту) – аталған пәндерді шет тілдің көмегімен оқушыларға үйрету әдіс-тәсілі. Қазіргі ғылым мен техника дамыған қоғамда білім беру жүйесінде кәсіби құзыреттілігі дамыған, бәсекеге қабілетті мамандарды талап етіп отыр. Осы мақсатта болашақ мамандарды заман талабына сай даярлауда оқыту үдерісінде пәндік кіріктіру қажеттілігі туындап тұр, яғни CLIL технологиясы – бұл мәселені шешудің негізгі амалдардың бірі. CLIL кезеңі Маңғыстауда қыркүйектің 23-інен қазанның 4-іне дейін жалғасты. Курстың бұл кезеңін Астана халықаралық университеті (AIU) Ұлыбританияның British Study Centres (BSC) компаниясымен бірлесе өткізіп жатыр. Екі апталық CLIL курсында Қазақстанның жеті қаласында сегіз апта ішінде 1014 мұғалім дайындықтан өтті. Жалпы British Study Centres (BSC) компаниясы CLIL курсын жоғары дәрежеде өткізуде және тәжірибелі тренерлер сабақ берді. Ақтау қаласында тоғыз шетелдік маманнан тұратын топ 72 академиялық сағат көлемінде жоспарланған CLIL компонентін оқытуды іске асырды. Академикалық бағдарлама толығымен бірегей болып табылады, себебі оны BSC-дің қызметкерлері AIU-дің жобаларды жүзеге асыру департаментімен бірігіп Қазақстанның білім беру стандарттарына сәйкестендірді. Департамент директоры Абуов Бауыржан: «Біздің департамент CLIL бағдарламасының 10 тарауының әрқайсысын оқып, Британиядағы әріптестерге кері байланыс берді. Енді бағдарлама Қазақстан мұғалімдеріне тиімді болды», – деді. – British Study Centres әлемнің барлық мұғалімдерінің біліктілігін арттыруына қолдау көрсетеді. Біз осы бағдарлама аясында Қазақстанмен де жұмыс жасап жатырмыз. Менің білуімше, осы елмен серіктес болып отырғанымызға үш-төрт жыл толып отыр. Біздің бағдарлама тек қана екі аптаға созылды. Бірақ бұл уақыт атаулы әдістемені үйренуге жетпей қалуы да мүмкін. Себебі мұғалімдер үйретіп жатырған тәсілдерді уақыт тапшылығының кесірінен тәжірибе жүзінде бірақ рет қолданады. Осы аптада олар microteaching-ді меңгерген болатын. Қатысушылар топқа бөлініп, өз пәндерін басқа топ өкілдеріне, яғни басқа пән мұғалімдеріне ағылшын тілінде түсіндіреді. Мысалы, физика оқытушылары физиканы биология, химия немесе информатика мұғалімдеріне түсіндіреді, – деді жоба жетекшісі Адель Пеннингтон. Сонымен қатар ол жобаға қатысушы жергілікті мұғалімдер – еңбекқор екендігін жеткізді: «Менің оқытушыларым өз оқушыларының еңбекқор, көздеген мақсатына жеткісі келетін, жаңа нәрселерді үйренуге дайын екендігін айтты. Бірақ кейде ағылшын тілінде сөйлеуде ұялшақ болады, оларға біраз батылдық қажет. Дегенмен олар топтық жұмыстарда бір-бірлеріне үлкен қолдау көрсетті». Нақты пәндерді шетел тілінде қалай оқыту әдістемелік мәселелері бойынша шетелдік мамандар CLIL технологиясының қырсырымен, ағылшын тілінде сабақ берген кезде пәнді жақсы түсінуге көмектесетін түрлі сабақ беру әдістемелерімен, іс-тәжірибелік стратегиялармен және тиімді тәсілдермен, CLIL әдістемесін енгізуде топтық, жұптық жұмыс формаларын қолдану жолдарымен таныстырды. Кіріспе сабақтарда CLIL әдістемесінің негіздері мен міндеттері, сондай-ақ сабақ беру тұрғысынан алғандағы оның маңызы туралы мағлұмат берілді. Бұл курс дәріс стилін қолданудан гөрі тыңдаушыларға «і-сәрекет жасау арқылы үйрену», «бір нәрсені ашу арқылы үйрену», «қолдану арқылы үйрену» және «ойлану арқылы үйрену» практикасын тиімді қолдануға бағытталған. Курстың осы кезеңінде тыңдаушылар CLIL әдістемесі және өз пәні бойынша өз тілдік тапсырмалармен және материалдармен қаруланып, оларды өз сабақтарында тікелей қолдана алатын дәрежеге жетуі көзделген. Бірінші аптада өткен сабақтар CLIL-дің теориясы мен әдістемесін түсінуге және қолдануға, яғни төрт негізгі аспектісін (мазмұн, таным, байланыс таным) іс жүзінде қолдана білуге арналған. Бұл сессияның соңында тыңдаушылар CLIL оқулығын қолдана отырып, семинар-сабақтарда өз пәні бойынша не үйренгенін көрсетті. Екінші аптада «Сабақты жоспарлау» тақырыбынан кейін тыңдаушылар пәндік топтарда 40-50 минуттық сабақты жоспарлауды үйренді. - Өткен аптада біз сабақты жоспарлаудың әдіс-тәсілдерін үйрене бастадық. Сабақты бірнеше кезеңге бөліп тастаймыз. Дәріс барысында бұл кезеңдерді қалай жүзеге асыру керек екендігін, сондай-ақ оқушының жақсы немесе нашар нәтижелеріне не себеп болатыны жайлы түсінік алдық. Мысалы, біздің оқушымен қарым-қатынасымыз оның болашақтағы нәтижелеріне әсер етеді. Олармен ағылшын тілінде сөйлесетін болғандықтан, сөйлемдерімізді қандай шақта (осы, келер, өткен) қолданатынымыз да маңызды. Сондай-ақ біз өз материалдарымызды түрлендіріп, толықтырып отыруымыз керек. Мысалы, біздің оқушыларға берер тапсырмамыз көп. Тапсырмалар уақытында әрі сапалы орындалуы үшін оқушылар оларды топта шешуі керек. Тапсырмалар орындалғаннан кейін, оқушылар өз пікірлерімен алмасады. Бір түсінгенім, қазіргі біздің сабақ жүргізу технологиямыз мен CLIL әдістемесі бір-біріне ұқсас. Сабақ барысында оқушының белсенділігін арттырып, мұғалімнің сабақ түсіндіруін азайтамыз, – деді Ақтау қаласындағы №7 мектеп-лицейінің физика және информатика мұғалімі Наталья Менғали. - Тренерлерімізден біз оқушыларға тақырып түсіндірудегі «scaffolding» тәсілін қолдануды үйрендік. «Scaffolding» – тапсырма орындау кезіндегі оқушы мен мұғалім арасындағы диалог. Бұрын біз оқушыларға тапсырма беретінбіз, ал оларды қалай орындау керек екендігін білмей отырады. Осы әдіс бойынша, мұғалім баланың тапсырманы шешуі үшін оған бағыт беруі, қолдау көрсетуі тиіс. Сонымен қатар енді біз балаларды топтық жұмыстарға баулимыз. Оның басты мақсаты – сабақ оқу қабілеті мықты оқушы мен сабақ оқу қабілеті әлсіз оқушының бір топта болып, бір-біріне қолдау көрсетуін қамтамасыз ету. Оқушының қабілеті нашар болатын болса, оның себептерін анықтап, кейін бұл мәселені шешу жолдарын қарастырамыз және шешеміз. Сосын баланың ойлау қабілетін арттыру мақсатында мұғалімдер тақырып түсіндірместен бұрын, балаға сол тақырыпқа қатысты сұрақтар қойып, оның тақырып жайлы не білетінін анықтаймыз, – деп бағдарламаның қатысушысы, №11 мамандандырылған физика-математика мектебінің биология пәнінің мұғалімі Әйгерім Әмірқанова өз ойымен бөлісті. Маңғыстаулық мұғалімдер жалпы курстың тиісті деңгейде өтіп жатқандығын және CLIL әдістемесін озық тәжірибелі шетелдік мамандардан үйренуге мүмкіндік жасаған Астана Халықаралық университетіне өз алғыстарын білдірді. CLIL – екі апталық курс, мұғалімдер оны тәмәмдағаннан кейін General English курсын қарашаның басына дейін жалғастырады. Бағдарлама аяғында қатысушылар курс өткендігі жайлы сертификат алады. - CLIL курсы екі аптаға созылады. Оны бітіргеннен кейін, мұғалімдеріміз осыған дейін оқып келген ағылшын тілі курсын жалғастырады және CLIL-ді өткені жайлы сертификатқа ие болады, – дейді жоба ассистенттері Анаргүл Габдуллина және Жанар Абулханова.
Арай ЖАУПЕРОВА