Он отбасына пәтер кілті табысталды
[ 2019 ] 10 қазан, 11:03 | Қоғам
Кез-келген ауылда жағдайы төмен отбасылар аз емес. Оларға басқадай қайырымдылық көмек көрсету бір басқа, ал баспана алып беру - екінің бірінің қолынан келмейтін ерлік.
Күні кеше Мұнайшы, Жетібай ауылдарындағы мүмкіндігі шектеулі, жағдайсыз (отбасында мүгедек бала өсіріп отырған, көпбалалы әрі аз қамтылған) жанұяларға 10 пәтердің кілті табысталды.
Оның алтауы - Мұнайшы, төртеуі - Жетібай ауылының тұрғындары.
Иә, жағдайы төмен, мүгедек бала асырап отырған, баспанасыз жандарға бір күнде қуаныш сыйлап, 10 пәтер алып берген атымтай жомарт, жетімін жылатпай, жарлыға жаны аши білетін, ата салтымыздың ақ жолымен жүрген қайырымды жандардың бірі - «Оғыланды-Бекет ата» қоғамдық қорынының төрағасы Тұрғанбай қажы Сәулеұлы.
Баспаналы болғандарды атап айтсақ, Мұнайшы ауылы бойынша: Хайдарова Улжанға Салтанат шағын ауданынан 3 бөлмелі, Аманова Назираға Салтанат ш/а, 2 бөлмелі, Махамбетова Амангүлге ВПЧ-18 ш/а, 4 бөлмелі, Алыева Аққаймаққа Салтанат ш/а 1 3 бөлмелі, Нурбаева Венераға Көктем ш/а 4 бөлмелі, Онгайбаева Ляззатқа Салтанат ш/а 2 бөлмелі пәтердің кілті берілді.
Жетібай ауылы бойынша: көпбалалы ана, жолдасы қайтыс болған Боранбаева Зейнепке, Жаңақұрылыс шағын ауданы, 62 үйден 3 бөлмелі, көп балалы ана, мүгедек баласы бар, Жолдасбаева Жамалға 2 ауыл шағын ауданы, 8 үйден, 5 бөлмелі, мүгедек қызы екеуі тұратын, үйі жоқ Қилыбаев Кенжеғұлға Жаңақұрылыс шағын ауданы, 52 үйден 3 бөлмелі, 7 баласы бар, үйі жоқ Қазтуғанова Раушанға Жаңақұрылыс шағын ауданынан 4 бөлмелі үйдің кілті табыс етілді.
Жетібай ауылында өткен инклюзивтік орталықтың ашылу салтанатында ауыл қуанышын еселеп, он отбасына баспана сыйлаған Тұрекең тұрғындарға:
- Бірде Қарақия ауданының әкімі Қыдырберді Әндірұлы атаның басына зиярат етіп барғанда осы екі ауылдағы баспанасыз адамдардың жағдайын айтып, қайырымдылық жасауды өтінген еді. Міне, әкімдеріңіздің өтінішін орындап, сіздерге қуаныш сыйлағаныма өзім де қуанып отырмын. Бұл - атаның аманаты, халықтың садақасы ғой. Бұйырса, келер жылы да қарастырамыз. Алған үйлерің өздеріңе құтты болсын! - деді.
Баспаналы болған тұрғындар да бар ықылас-пейілімен алғыстарын айтты.
Расын айтқанда, қуаныштан көз жастарын тия алмады. Пәтер кілтімен қоса оларға «Атаның дәмі» деп аталатын ас қоржын және ыдыс-аяқ топтамалары сыйға берілді.
Ал аудан әкімі Қ.Беков Тұрғанбай қажыға Алғыс хатта быстай отырып, барша қарақиялықтар атынан, пәтерлі болған тұрғындар атынан ризашылығын жеткізді. Бұдан соң аудан, ауыл басшылары мен «Оғыланды-Бекет ата» қайырымдылық қорының өкілдері және Тұрғанбай Сәулеұлы баспаналы болған тұрғындардың пәтерлерін аралап, олардың тұрмысымен танысып, атаның атынан ақ бата берді.
Шынар КЕНДІН
1199
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.