Мен Әбекеңді бала кезден білемін. Ауданда жауапты қызметте істейтін әкеміз Өтежан Әбіш демалысқа келгенде қызметтік көлігіне мінгізіп, ауылы Ондыға аттандырып салатын. Ол менің анам – Ақзерді «апа» дейтін де, әкеме «аға» дейтін. Әр жазда студент Әбіштің Ондыға келуі ауылда кішігірім тойға ұласып жататын. Анасы малын сойып, ауылдың бар адамы сол үйдің айналасына топырласып, жазғы түнде, қазан астында жалпылдай жанған оттың жарығымен бұйрабас жас жігіттің Алматы туралы әңгімесіне қаумаласып отырып құлақ түретін. Әбішке нағашы апа саналатын менің анам Ақзер: «Әбіш-ау, әңгімелерің кілең «Бір шөкім бұлт», «Бір уыс топырақ» болып кетті ғой, үлкен дүниелерді қашан жазасың?» – деп, әзілдеп отыратын. Сол Әбішіміз Алматыға келіп, үлкен жазушы болды. Атақ пен даңққа бөленді. Талай асылдарымыздың мекені болған, ізі қалған Алматының апортының дәмін осында алғаш татқан Әбекең Алматыны ерекше сүйіп өтті. Осы шаһарда университет бітірді, ғұлама Әуезовтің дәрісін тыңдады, дарынын шыңдап, әлемге әйгілі шығармаларын тудырды. 40 жыл 4 ай ару кенттің саф ауасын жұтып, былайша айтқанда Алматыны Әбекеңнің жаһандық кеңістікке самғауына тұғыр болған нағыз Жиделібайсын деуге болады. Алматыға барған сайын Әбекеңнің үйіне соқпай кетпейтінбіз. Студенттік шақта, сабақтан бос кезде ағамыздың төрін босатпайтынбыз. Айсәуле шешеміз оқып жүрген маңғыстаулық жастардың бәріне ана болды. Қысқасы, ол бала Әбіштен дана Әбішке айналған аралықтың бәрінде біз ағалыінілі болып араласып, сыйласып жүрдік. Кезінде бүкіл Кеңестер Одағының, шетелдік оқырмандардың назарына ілінген «Ханша дария хикаясы», «Дала балладары», «Аңыздың ақыры», «Шыңырау» және т.б. өшпес шығармалары мен «Елең-алаң»,«Үркер» секілді көлемді романдилогиялары осы қалада, көпшілік туындылары осы үйдегі пәтерінде жазылып, оқырманына жол тартты. Шығармашылық адамының көрер қиындығын да бір адамдай басынан өткізгенін де айта кеткен жөн. Осы үйдегі өз пәтерінің кіреберісінде ұзын солдат шинелі ілулі тұратын, жеке өмірінде қиындық болған күндерді де бастан өткізгені біздің есімізде қалыпты. Талантты жас жазушыны сол кездегі соғыс жанжалы болып жатқан Жалаңашкөл аймағындағы әскери құрамға жібергенін аға ұрпақ жазушылар ұмытпаған болар деп ойлаймын. Бала-шағасы мен қарт анасын қалдырып, шын мәнінде, соғыс жүріп жатқан аймаққа жіберілуі Әбіш ағаға және оның отбасына оңай болмағаны, ауыр күйзеліс әкелгені есімізде. Бірақ қалай десек те ол үй – Әбекең мен оның сүйікті жары – Клара жеңгеміздің отбасылық қуанышты сәттерінің көбірек куәсі болған үй. Үлпершектей ұлдары Әулет пен Дәулет, қызғалдақтай қыздары Зәузат пен Сәулет, сүйікті немерелерінің қызығына тоймаған бақытты сәттеріне де осы үй куә. «Тарыдай тасыңдар, бидайдай бөртіңдер» деп амандық-саулық сұрай келгендерге, осы үйдің төрінде ақ батасын жаудырып, Айсәуле анамыз отыратын. Оны да көре қалғанбыз. Әбіш ағаның туғанына 80 жыл, дүниеден озғанына 4 жыл болып қалған шақта, еліміздің әр тарабынан жиылған жақын іні-қарындастары, дос-жарандары Алматы шаһарында бас қосты. Әбіш аға ат арқасы қияндағы Маңғыстаудың Онды ауылында дүниеге келіп, 1956 жылы мектеп бітіріп, содан 9 адамдық моторлы қайықпен Каспийді кешіп өтіп, Гурьевке келіп, сол жерден пойызға отырып, білім іздеп Алматыға жеткенін өзінің де жазғаны бар. Осының бәрін ескеріп, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Әбдірұлы Сағынтаев Әбіш ағаның 80 жылдығы қарсаңын да, өзі отбасымен тұрған үйге ескерткіш тақта орнатып, қала көшелерінің біріне есімін беруге шешім қабылдауы кемеңгер тұлғаға деген ел құрметі деп білеміз. Қала басшысына, осы істің басықасында жүрген азаматтарға ұлы замандасымыз Әбекеңнің аруағы алдындағы інілік, перзенттік, ұлыларын ардақтаған ата-баба дәстүріне деген шынайы ілтипаттарына бүкіл ел риза деп айтсақ артық айтқандық болмас. Алланың нұры жаусын дегеннен басқа айтарымыз жоқ. «Мың жыл бірге толғатса да мың қазақ, Туылмайтын өтті өмірден бір қазақ»–деп Әбекеңнің ақын інісі Сабыр Адай айтқандай, Әбіш ағаның қалдырған мол мұрасы, айтқан асыл сөздері, мына ескерткіш тақтада бейнеленгендей ойшыл бейнесі халқының жадында мәңгі ұмытылмайды. Ұлылардың туған күні болады, өлген күні болмайды. Әбіш ағаға енді өз ұлтымен мәңгілік бірге болу бақыты, ұлтының ұлы болу бақыты бұйырғаны анық. Ағаның аруағы риза болып, жаны жәннатта, нұры пейіштің төрінде шалқысын! Елжұрты аман болсын!
Зейнолла АЛШЫМБАЕВ, мемлекет және қоғам қайраткері, «Мұнай-газ кешенінің ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігінің бас директоры