Келер жылдан бастап ҚР Президентінің микро және шағын кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге үш жылдық тыйым салу туралы Жарлығы күшіне енеді. Сондай-ақ микро және шағын бизнес компаниялары үш жыл мерзімге табыс салығын төлеуден босатылып отыр. Бұл туралы өңірдегі «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында өткен «Есеп берудің бірыңғай күні» шарасында мәлім болды. Шара ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бақылау-қадағалау органдарының бизнес-қауымдастық алдында өңірлерде бірыңғай есеп беру күнін өткізу мақсатында ұйымдастырылды. Жиынды ашқан Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Әлихан Қыраубаев шараның мақсат-міндеттерін тарқатып айтып берді. «Құрметті кәсіпкерлер! Бірыңғай есеп беру күніне қатысушылар! Мемлекет басшысының биыл 24 мамырда Президент жанындағы Ұлттық инвесторлар кеңесі отырысында берген тапсырмаларына сәйкес бүгін біз бірінші реттеуші органдардың бизнес қоғамдастықтың алдында бірыңғай есеп беру күнін өткізіп отырмыз. Мұндай іс-шаралар еліміздің барлық аймағында қолға алынған. Бірыңғай есеп беру күнін өткізудің мақсаты – мемлекеттік бақылау мен қадағалау мәселелері бойынша міндетті талаптардың бұзылуының алдын алу. Бұл шара кәсіпкерлердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, сондай-ақ мемлекеттік органдардың бизнес қауымдастықпен кері байланысын қалыптастыруға көмектеседі деп санаймыз. Соңғы жылдары елімізде бизнесті қолдау мақсатында көптеген бастамалар іске асырылды. Заңнамалық деңгейде реттеушілік пен бақылау-қадағалау тетіктерін жетілдіру бойынша кешенді шаралар қабылданды. Мемлекеттік органдар тарапынан тексерулерге қатысты тәртіптер жинақталған. Бұған алдымен жаңа Салық және Кеден кодексі, сонымен бірге Кәсіпкерлік кодексіне енгізілген түзетулер ықпал етті. 2020 жылдың қаңтар айынан бастап Президенттің микро және шағын кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге үш жылдық тыйым салу туралы Жарлығы күшіне енеді. Сонымен қатар микро және шағын бизнес компаниялары үш жыл мерзімге табыс салығын төлеуден босатылды. Сондай-ақ салық және кеден салаларындағы дауларды сотқа дейінгі реттеу механизмін енгізуді атап өткен жөн. Соның нәтижесінде кәсіпкерлердің сотқа жүгінулер саны 30 пайызға төмендеген. Бұл – өз кезегінде басқа салаларға да тарату қажет етілетін жақсы тәжірибе», – деді Әлихан Сұлтанмұратұлы. Дегенмен осы жылдың сегіз айындағы талдау көрсеткендей, Маңғыстау облысында шағын және орта кәсіпкерлікке қатысты тексерулер саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,6 есеге артқан. Мәселен, желі бойынша мемлекеттік кірістер департаменті – 414, қала құрылысын және жерді бақылау басқармасы – 200, мемлекеттік еңбек инспекциясы 236 тексеріс жүргізген. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда екі есеге жоғары көрсеткіш. Жиын барысында осындай тексерістердің көбею себептері мен алғышарттары талқыланды. Облыстық прокуратураның қоғамдық мүдделерді қорғау жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Серік Әділовтің айтуынша, осы ретте биыл кәсіпкерлер тарапынан 22 арыз-шағым келіп түскен. Тексерулердің тәртіптік ретіне мән берген дұрыс деген ол орынсыз тексерістердің алдын алу қажеттігін жеткізді. Ал Маңғыстау облысы бойынша құқықтық статистика және арнайы есепке алу басқармасының басшысы Ершат Айбеков биылғы сегіз айдың қорытындысы бойынша бақылау-қадағалау органдары 4400-дей тексеру жүргізгенін хабарлады. Оның ішінде 1600 тексеріс мемлекеттік органдарда, 2800 жеке меншік мекемелерде болса, жеке кәсіпкерлікте – 2094 тексеріс, ірі кәсіпкерлікте – 110 ірі, орта – 14, шағын кәсіпкерлікте 1375 тексеріс жүргізілген. Жиында бизнес-қауымдастыққа қатысты бақылау-қадағалау саласының өзекті мәселелері талқыланып, мүдделік танытқан уәкілетті органдардың мәліметтері тыңдалды. Қатысушылар бүгінгі шара мемлекеттік органдар тарапынан тексерулерді реттеуде алға қадам басуға мүмкіндік беріп, кәсіпкерлердің құқықтық сауаттылығын арттыруға ықпал ететініне сенім білдірді. Жиын соңында кәсіпкерлер мен қатысушылар қажетті кеңестер алу үшін және бақылау-қадағалау функцияларын жүзеге асырушы мемлекеттік органдар өкілдеріне толғандырған сұрақтарын қойып, мәселелерінің шешімін табу жолдарын анықтады.
Жайық НАҒЫМАШ