Киелі түбектен дүреген дарабоз дарын, көркем сөз зергері, тұңғиық ілім, терең ақыл, биік өре, таным-парасат иесі Әбіш Кекілбайұлының 80 жылдық мерейтойы таяп келеді. Мен де Әбіш ағамен жүздесу бақыты бұйырған жас буынның бірімін. 2014 жылы Ақтау шаһарында «Нұр Плаза» қонақ үйінің кең залында халықаралық мұражайлар көрмесі ұйымдастырылды. Жоғары оқу ордасын таяуда ғана тәмамдап, алға ойша көз тастап, жоспар құрып жүрген сәтім. Ойда-жоқта Жезқазғаннан жақын құрбым қоңырау шалып, «Ұлытау» тарихи-мәдени мұражайынан жеткен делегация өкілдеріне көмек көрсетуімді өтінді. Міндетім – шетелдік көрерменге құнды тарихи жәдігерлер жайлы ағылшын не орыс тілінде тұшымды мағлұмат беру, көрме қонақтарының сауалына нақты деректермен тіл қату. Көрменің атмосферасы аса ерекше еді. Адамзат өркениетінің асыл мұралары, бүкіл бір дәуір тылсымы тұнған, қат-қабат тарих шежіресінен сыр шерткен неше алуан археологиялық қазба деректері, жылжымалы экспозициялар топтамасы, көне қолжазбалар, тарихи құжаттар, құнды басылымдар қалың қауым назарына ұсынылған еді. Шама-шарқымша, алдын ала ыждағатпен оқып, ойға түйген дүниелерімді түсіндіруге тырысып бақтым. Бір мезетте залға сол тұстағы облыс әкімі Алик Айдарбаев пен Әбіш Кекілбайұлы кіріп келді. Алға қарай қатар аяңдап, әр экспонат тұсына аялдап, асықпай зер салып, тамашалап келеді. Біраз уақыт өткен соң менің тұсыма таяп, тұра қалысты. Мен бар оқып-білген, ойға түйгенімді сап түзеген сарбаздай тұра қап, тақылдай жөнелдім. Әбіш секілді данышпанға мен баяндаған тарихи деректер тосын емес, аса білімдар, қазақтың көзі тірі энциклопедиясы атанған тұлғаны таңғалдыру осал нәрсе ме еді?!. Осы тұста әйгілі әдебиет сыншысы Зейнолла Қабдоловтың «Мен Әбіштің ұстазымын деуге аузым бармай тұр. Неткен білім бұл?!» деген бір ауыз ләмі ойға оралады. «Ұлылық – қарапайымдылықта» деуші еді көне баба даналығы. Жылы жүзді, дарқан пейілді, ақжарқын аға аса қарапайымдылық, үлкенге тән ізет танытып, аты-жөнімді, қай оқу орнын, қандай мамандықпен бітіргенімді сұрап, «Бақытты бол, айналайын» деген бір ауыз батасын да берген еді. Осылайша менің өмірімде аты аңызға айналған абызбен кездесу орын алған еді. Әбіш Кекілбайұлы шығармашылығы оқырман ойын образды, шұрайлы, бейнелі, нәрлі тілімен, ерекше, мінсіз сөз саптауымен баурайды. Көне тіркестерге, көмескі ұғымдарға жан бітіріп, оларды кейіпкерлер образын айшықтай, ой-өзегін арши түсуде шебер қолдана білуін шексіз ақыл-ой даналығынан деп білемін. Әбіш Кекілбайұлының «Бір шөкім бұлт», «Бір уыс топырақ», «Шеткері үй», «Құс қанаты» әңгіме-хикаяттары – бір деммен оқып, түгескен сүйікті әдебиетім. Әңгіме желісінде шынайы өмір, күйбең тірлік ізіне түскен шынайы адамдар сол тұрысында сипатталады. Ал кемеңгер жазушының сүйегі ірі, салмағы да ауыр тарихи романдары, повестері қазақ әдебиетінде алар орны бөлек, шоқтығы биік туындылар екендігі даусыз. Адам өз топырағына тарта туады деген түсінік бар. Қазыналы түбек қойнауында «қара алтын» қаншалықты мол болса, кемеңгер ой-өресі, таным-түйсігі де – тұнған жауһар. Түбек төсін терең ұңғи берсең, мұнай бұрқағы атқи түседі. Сол секілді Әбіш феномені мен рухани мол қазынасын қаузаған сайын жұмбақ сыры да молая түседі. Бұл бір таңғажайып тылсым дерсің. Әбіш әлемі, ізінде қалдырған мол мұрасы баяғыда-ақ халықаралық деңгейде жоғары бағасын алып қойған. Абыз турасында толғана қалам тербеген көркем әдебиет классиктерінен асып ештеңе айта алмасымыз ақиқат. Біздің міндет – ұлы жазушының артында қалған өміршең мұраларынан сусындау, ең қастерлі тұсын өмірлік ұстанымның өзегіне айналдыру.
Голрох ЖЕМЕНЕЙ