Иә, елдің ішкі-сыртқы шаруаларына араласып, бір әулет, бір ауылға сөзі өтіп тұрған ақсақалдан именіп, айтқанына тоқтаған халықпыз. Ақсақал десе, бітті, мәселе солай шешіледі. Жақында Маңғыстау ауданының орталығы Шетпе кентіндегі ардагерлер үйінде ауыл ақсақалдарымен кездесу өтті. Оны Маңғыстау аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің тапсырмасымен «Боевое братство» ауған соғысы ардагерлері қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. Бас қосу тақырыбы – «Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алайық». Кездесуді «Боевое братство» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Матжан Шаулиев ашып, жиналыстың мақсатын түсіндірді. Матжан Рамазанұлы жобаның мақсаты – діни тұрақтылықты қамтамасыз ету, сондай-ақ бұрмаланған діни көзқарастардың қалыптасуының алдын алу үшін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінен біліктілігі жоғары, дінтанушы, теологтарды шақыру арқылы аудандағы бұрмаланған діни ағымдағы тұрғындардың дәстүрлі дінге деген оң көзқарасын ояту, оңалту, патриоттық сезімін нығайту екендігін айтты. Ал жат ағымдардың алдын алу және шынайы патриотизмді күшейте түсу үшін ұлттық рухты нығайтуға бағытталған іс-шаралар ұйымдастырудың маңызы зор. Ардагерлер алдында сөйлеген «Нұр Мүбәрак» университетінің оқытушысы, сарапшытеолог, исламтану магистрі, республикалық ақпараттық насихат тобының мүшесі Рауан Чингужанов иманы берік, аузы дұғалы ақсақалдар балаларға қазақи тәрбиені дұрыс бере алса, жастардың жат ағымдар жетегінде кетпейтінін қаперге берді. – Жүрегінде иманы бар адамға керегі – намаз. Рух содан ләззаттанады екен, – деді ол. – Мәселен, біреудің көлігі бар делік, оны күнде жуады, бензинін құйып тұрады, жақсы күтім жасайды. Бірақ өзі аш, үсті-басы кір-кір болып жүре берсе, мұның жақсы емес екені барлығымызға да түсінікті. Сол сияқты, біздің де көпшілігіміздің денемізді барынша күтіп, әдемілеп, семіртіп қойғанымызбен, рухымызға мән бере бермейтініміз өтірік емес. Ал сырты сұлу болып, бірақ рухы жұтаң адамда түрлі проблемалар пайда болып тұрады. Сондықтан мұсылман екенімізді біліп, жұма сайын мешітке барып, уағыз тыңдап тұрсақ, иманымыз, рухымыз күшейеді. Ал дене мен рух күшейіп, біріккен кезде одан кәміл адам шығады, мықты ұрпақ пайда болады. Рухы күшті ақсақалдың айтқан сөздері рухы әлсіз кісінің айтқанынан мың есе әсерлі болады. Өмірі даналыққа толы кемел ақсақалдардың ұрпаққа берері өте көп. Ұрпаққа өнеге болатын тұлға сіздерсіздер, қадірлі аталар. Жасыратыны жоқ, кейде үлкен аталардың немерелеріне «менің жасымда сөйтіп едім, бүйтіп едім» деп үлгі етуге тұрмайтын ұсақ-түйектерді айтып, мақтанып жататыны бар. Ауыл арасында өсек-аяңды әңгіме қылып, аузы әзілқалжыңнан босамайтын қарттарды көріп жүрміз. Бұл кісілер қолына таспихын алып, иманын күшейтіп, истихфар, салауат айтып жүрсе, рух күшейер еді. Рух күшейген соң олар тілдерінен дұғалы сөз шығатын, ірі сөйлейтін ақсақалға айналар еді. Ондай мықты аталарының айтқанын балалары мен немерелерінің екі етпесі анық. Көргенді ата мен дана әженің тәрбиесін көріп, ата дініміздің асыл тұнығынан сусындап өскен баланың бұзық болмасы да белгілі. Ең бастысы, оңы мен солын танитын ондай бала дін атын жамылған жат ағымдарға ешқашан еріп кетпес еді. Теолог болған соң теріс ағымдар жетегінде жүріп, сотталған жастармен жұмыс жүргіземіз. Сонда сөйлескен балалардың барлығы дерлік ата мен әже тәрбиесін көрмеген, салт-дәстүрімізден, тарихымыздан бейхабар болғанын байқаймыз. Егер «тәйт» деп, дер кезінде тыйып тастап, ұлағатты әңгіме айтып отыратын аталары болса, бұл балалар адаспаған болар еді. Сондықтан «мен қартайдым, енді кімге пайдам тиеді» демей, жастар тәрбиесімен айналыса беру керек. Ақсақал ұсақталса, ұрпақ жоғалатынын, бүкіл елдің руханияты ақсақалдың батасына байланысты екенін бір сәтте естен шығармайық. Біздің тарихымызда солай болды және солай болып қала бермек. Рауан Жұмабайұлы мемлекетіміздің исламға қарсы емес, теріс бағыттағы исламға қарсы екенін атап айтты. Сондықтан дінімізді насихаттап жүрген имамдарға тіліміз тиіп кетпесін. Олай болса, Алланың дініне тіліміз тиіп кеткені екенін жеткізді. Ғалымның тұшымды сөздерін ұйып тыңдаған ақсақалдар сауалдарын қойып, өз ойпікірлерін де білдірді. Ал Сабақбай Тілегенұлы ақсақал кездесудің тартымды өткеніне разы болғандықтан сол мезетте жүрегін жарып шыққан төмендегі өлеңін арнады. Ақтардыңыз ойыңыздың шын бәрін, Түсіндіріп дінімізде мін барын. Көзін аштың біздей ардагерлердің, Теолог інім, Рауан атты діндарым. Білігіңе жоқ ешқандай секем шын, Ислам жолын нық ұстанған бекемсің. Жаулап алған тыңдаушылар санасын Үлгі алардай нағыз ұстаз екенсің. Терең білген біздің діннің саласын, Ерекшелеу өмірге көзқарасың. Үлкендерге діни ақыл беретін Біздер нағыз аңсап жүрген баласың. Білімі мол, болмасақ та ірі біз, Ниеті түзу ақсақалдың біріміз. Дін жолында бізді сауаттандырып, Ортамызға жиі келіп тұрыңыз. Сондай-ақ ағамыз «Боевое братство» ҚБ төрағасы М.Шаулиевке деген ризашылығын мынадай бір шумақпен жеткізді: Теологті бастап келе жатқан бала, Ауған асып, талай орден таққан бала. Сапарың сәтті болсын Маңғыстауға, Жақсы інім, батыр тұлға, Мәтжан бала. Қарттардың әдемі сөздері мен ақ батасынан кейін осындай кездесу өнер мектебінде жалғасты. Мектеп залында жиналған оқушыларға Рауан Жұмабайұлы балаларға түсінікті тілмен насихат айтып, жат ағымдардың қайдан пайда болғанын, оның басында тұрған адамдардың мақсаты қандай екенін жан-жақты түсіндірді. Ашық-жарқын әңгіме барысында оқушылар дін тақырыбында сауалдарын қойып, тұшымды жауап алды.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА