«Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы–тіл» деген ұлағатты сөз қалдырған Ахмет Байтұрсынұлы ана тілдің айбынын асқақтатып, мәртебесін көтерудің аса маңызды іс екенін ескерткен еді. Бабадан балаға, ұлыдан ұрпаққа мирас болып жеткен ана тілімізді ардақтаған елімізде туған халқының тілі үшін күрескен ұлт ұстазының туған күні—5 қыркүйек Тіл мерекесі болып атап өтіледі. Өңірімізде биылғы 5 қыркүйекте Қазақстан халқы тілдерінің күніне арналған «Тіл–ұлт қазынасы» атты облыстық фестиваль ашылған болатын. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында тапсырылған ана тілімізді ұлтаралық қарым-қатынастар тілі мəртебесіне көтеру міндетін орындау және облыстағы тұрғындарды, барлық қоғамдық ұйымдарды, түрлі әлеуметтік топтарды мемлекеттік тіл саясатын жүргізуге, ынтымақтастықты, рухани тұтастықты, отандық патриотизмді нығайтуға, ұлтаралық келісімді қамтамасыз етуге жұмылдыру мақсатында ұйымдастырылған осынау шара барысында жастарды ана тілін құрметтеуге шақырып, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейте түсуге бағытталған алуан түрлі шаралар өтті. Мәселен, фестиваль аясында ұйымдастырылған «Тілге құрмет–елге құрмет» атты мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт жастарының форумы, «Тіл мәртебесі—ел мәртебесі» тақырыбындағы пікірсайыс, жаңа қазақ әліпбиін насихаттау мақсатында «Жаңа әліпби–рухани жаңғырудың негізі» акциясы, Тіл туралы алғашқы заңның қабылданғанына 30 жыл толуына орай «Тіл–мәдениет, тіл-әдебиет, тіл-тарих» әдеби кеші, этнобірлестіктер арасында «Ұлт қазынасы—бірлік» атты кеш, үш тілді меңгерген жастар арасындағы «Тілдарын», «Тіл шебері», Абай атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің облыстық конкурстары сынды шараларды атап өткен артық болмас. Қыркүйектің соңғы күні «Хан Шахар» салтанат сарайында Қазақстан халқы тілдерінің күніне арналған фестивальдің салтанатты қорытындылау шарасы өтті. Онда Маңғыстау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Пания Сармурзина құттықтау сөз сөйледі. - Тіл—мемлекеттің тұғырлы тірегі, халықтың рухани байлығы, өткені мен болашағының айқын көрінісі, - деді ол. Тіл қай елде, ұлтта болсын қастерлі, қасиетті ұғым. Елбасымыз айтқандай, «Біз өзіміз, қазақ халқы, халық болып, ұлт болып бәріміз тілімізді қолдауымыз керек және бүкіл қазақстандықтарға осы тілді қастерлеп үйретуіміз керек». Киелі Маңғыстауымызда 50-ге жуық этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүреді. Бүгінгі таңда 672 өзге ұлттың балалары қазақ сыныбында білім алып, қазақ топтарында тәрбиеленуде. Осының өзі мемлекеттік тілді ұлтаралық қарым-қатынастар тіліне айналдырудың нақты қадамы болып табылады. Мемлекеттік тілді жетік меңгерген маңғыстаулық жастар–өзге ұлт өкілдері еліміздің астанасы Нұр-Сұлтан қаласы мен өңірлерінде еңбек етіп жүр. Өздеріңізге белгілі, мемлекетімізде «Тіл туралы» алғашқы Заң 1989 жылы қабылданды. Биыл, міне осы заңның қабылданғанына 30 жыл толды. Бұл уақыт ішінде елімізде заңнамаға сәйкес жұмыстар атқарылды, көптеген жағымды өзгерістер болды, мемлекеттік тілдің мәртебесі көтерілді, Қазақстан этностарының тілдерін дамыту шаралары қабылданып, іске асырылып келеді. Әрине, осындай жетістіктерге жетуге еліміздегі азаматтардың аянбай еткен еңбегі арқау болды. Осы жиында, арамызда мемлекеттік тілдің мерейін өсіріп, қолдану аясын кеңейтіп, ұлтаралық қатынас құралына айналуына үлес қосып, қызмет етіп жүрген азаматтар мен азаматшалар отыр. Жиналғадарға ыстық лебізін жеткізген П.Сармурзина мемлекеттік тілдің мерейін арттыру жолында тер төгіп жүрген бір топ азаматтарға марапаттар тапсырды. Бұл күні Маңғыстау облысының «Қазақ тілі» қоғамының басқарма төрағасы Бектұр Төлеуғалиев, облыс әкімдігінің мемлекеттік тіл сарапшысы, аудармашы Аталық Әбдешұлы, Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Бибайша Нұрдәулетова, «Азаматтық құқық» қоғамдық бірлестігінің директоры Айнагүл Байбатырова «Тіл туралы» Заңның қабылданғанына отыз жыл толуына орай, мемлекеттік тілдің мерейін өсіріп, қолдану аясын кеңейтіп, ұлтаралық қатынас құралына айналуына сіңірген еңбегі үшін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хатына ие болды. Ал түрлі салалар қызметкерлері мен қоғам белсенділерінің бір тобы «Тіл туралы» Заңның қабылданғанына отыз жыл толуына орай және тіл саясатын дамытуға қосқан үлесі үшін Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмовтың Алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ «Тіл–ұлт қазынасы» облыстық фестиваліне белсене қатысып, фестиваль аясында ұйымдастырылған байқауларда жеңімпаз атанған маңғыстаулықтарға тиісті марапаттар табысталды. Қазақ тілін жетік меңгерген журналист, қоғам белсендісі, блогер, өлкеміздің қонағы Максим Рожин мемлекеттік тілде сөйлеп, тіл тазалығы, тілге деген құрмет жайында әңгімелеп, игі тілегін жеткізді және мемлекеттік тілдің өркендеуі өзімізге тікелей байланысты екенін атап айтты. Фестивальдің жабылуына арналған мерекелік шарада «Жорға» және «Нур» би ансамбльдері мен жас әншілер өз өнерлерімен шашу шашты.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="85907,85896,85897,85898,85899,85900,85901,85902,85903,85904,85905"]