1990 жылы 14 желтоқсанда Бас Ассамблея 1 қазанды «Халықаралық қарттар күні» деп жариялаған болатын. Жалпы бұл мереке ХХ ғасырда пайда болды. Басында Қарттар күні Еуропада, кейін Америкада тойланған. Ал 1980 жылдардың аяғынан бері бүкіл әлемде аталып өтіліп келеді. Қарттар күнін атап өтудегі басты мақсат – аз қамтамасыз етілген қарт адамдарға, жалғыз басты қарт зейнеткерлер мен қарт мүгедектерге көңіл бөлу, оларға материалдық, әлеуметтік-тұрмыстық және басқа да көмек түрлерін көрсету болып табылады. Бұл күні біздің елімізде ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінде қарттарға арналған мерекелік іс-шаралар өткізіліп, оқушылар мен студенттер тарапынан қарияларға көмек көрсетілетін алуан түрлі жобалар ұйымдастырылып, мемлекет тарапынан жәрдемақылар тағайындалады. Міне, осынау мереке Жаңаөзен қаласында да аталып өтті. Қалалық әкімдіктің ұйымдастыруымен «Атамекен» мейрамханасында арнайы дастархан жайылып, қаладағы қариялар шақырылып, өзара әңгіме дүкен құрып, ән, жыр, терме, күй тыңдап бір жасап қалды. Мейрамхана дастарханына жиналған қарттарды Жаңаөзен қаласының әкімі Мақсат Ибағаров құттықтады. Оның айтуына қарағанда Жаңаөзен қаласында 9 мыңға жуық зейнеткер қарттар бар. Олар кезінде қаланың дамуына, әлеуметтік жағдайының өcіп-өркендеуіне, «қара алтын» байлығының қарқынды көбеюіне үлес қосқандары көп екен. Сондықтан қарттар қала әкімдігінің ерекше назарында болатынын тағы бір рет еске салды. Мұнан кейін қарияларды қалалық мәслихаттың хатшысы Сақи Мыңбай мен «Нұр Отан» партиясы Жаңаөзен қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрберген Худибаев құттықтап, оларға зор денсаулық, қажымас күш-қуат және бала-шағаларының, немере-шөберелерінің алдында аман-есен жүре берулеріне тілектестік білдірді. Қарттар атынан қала ардагерінен Асылбек Айдаров, Андрей Нұртаев және бірқатар әжелер шығып сөйлеп, қала әкіміне мерекелік көңіл күй сыйлағаны үшін алғыс айтты. Қарттарға қаладағы «Өнер» МКҚК өнерпаздары өз өнерлерін көрсетіп, құлақтан кіріп бойды алып, көңілге түрлі ой салар, әсем әндері мен тәтті күйлерін тарту етті. Сөйтіп өздерінің мерекелік шараларына жиналған қала қариялары қала әкімінің тапсырған сыйлықтарына мәз болып, отбасы-отандарына көңілді оралды. Қарттар көңілді, денсаулықты болса, қазіргі және соңғы ұрпақтардың көргенді, елжанды, тәрбиелі, қажырлы, қайратты болып өсіп жетілісіп, елге, жерге қорған болуға көп пайдасы тиеді. Ауылдың сырты бел болса, Ертеулі тұрған атпен тең. Қарттарың болса ауылда, Жазулы тұрған хатпен тең. Сондықтан тарихтың тылсым сырлары мен шырғалаңы көп шежіреден сыр тартып, ертедегі ата-бабаларымыздан өмірінен, ел қорғау жолындағы ерлік істерінен мәлімет беріп отыратын қазыналы қарттарымыз, жазулы тұрған дайын хаттарымыз әрдайым аман болсын!
Мұратбай ҰЛЫҚПАН