Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығында Сүгір жырау Бегендікұлының 125 жылдығына орай «Маңғыстау түбегінің бірегей тұлғасы» атты ғылыми-танымдық кездесу кеші өтті. Өлкенің тарихи-мәдени мұраларын насихаттау және жас жеткіншектерге патриоттық тәрбие беру, саналы ұрпақты тәрбиелеу, өз елінің тарихын, мәдениетін, құрметтеуге үйрету, Сүгір Бегендікұлының өмірі мен шығармашылығына тоқтала отырып, өнегелі жолы мен шығармашылық мұраларының өміршеңдігін ұғындыру мақсатында ұйымдастырылған кешті «Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы» ММ мәдениет басқармасының «Экскурсия-көпшілік» бөлімінің меңгерушісі Айман Керліқұлқызы жүргізді. Аталмыш іс-шараға өлкетанушылар Бекболат Төлегенов пен Маңғыстау өнер колледжінің ұстазы Темірбек Асқанбаев және Маңғыстау өнер колледжінің білімгерлері қатысты. «Маңғыстау түбегінің бірегей тұлғасы» тақырыбында баяндама оқылып, қай заманда да қауымды бірлікке бастап, елін ертеңіне үндейтін, өткеннің тарихын жадына тоқып, келешегіне бағдар сілтейтін шамшырақ тұлғалар болады. Сүгір жырау туралы деректі фильм көрсетілді. Сондай-ақ танымдық кешке шақырылған құрметті қонақтарымызға сөз кезегі беріліп, Маңғыстау өнер колледжінің ұстазы Темірбек Асқанбаев Сүгір жыраудың атамекенге 1967 жылы оралып, Бейнеу ауданына қарасты Ақжігіт деген жерге қоныстанғанын, кейін Қызылсай мұнайшылар кентінде Ұзақбай жыршымен қатар тұрғанын айтты. Бүгіндері Қызылсайдағы мектеп пен мәдениет үйі сол екі жыршының атында екенін, олардың рухани достығы жалғасын тауып, жас ұрпаққа білім мен мәдениет үлгісі ретінде қатар тұрғанын тілге тиек етті. Одан соң қорықтың директоры Бекболат Төлегенов сөз алып, жыраулық өнер, қазақтың тұрмысы, Сүгір жыраудың туған жері мен шығармашылығы туралы орыс тілді қатысушыларға жеткілікті мәлімет берді. Мәдени шараға қатысушы Жалғас Қуаныш пен Теңел Қайырбек Сүгір Бегендікұлының терме, насихат жырларынан үзінді орындап, көпшілік қошеметіне бөленді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жасақталған «Маңғыстаудың қасиетті нысандары» жылжымалы көрмесі бойынша экскурсия өткізілді.
Үміт ЖӘЛЕКЕ