Маңғыстауда жыл басынан бері 2 мыңға жуық азамат базалық зейнетақы, 1963 азаматқа жас шамасына байланысты зейнетақы төлемдері рәсімделген. Бүгінгі таңда облыста 52844 зейнеткер бар. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Маңғыстау облысы бойынша филиалы мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. «Біз зейнеткерлікке шығу рәсімін барынша жеңілдетуге тырысып жатырмыз. Бір жыл бұрын зейнеткерлікке бір өтінішпен шығуға мүмкіндік беретін композит қызметін енгіздік. Биыл ХҚО-ға бармай-ақ, SMS-хабарлама арқылы зейнеткерлікті рәсімдеуге мүмкіндік беретін проактив қызметін іске қостық. Цифрлық жаңашылдықтар құрметті демалысқа артық қағазбастылықсыз шығуға жол ашады», – дейді филиал директоры Ербол Байжігіт. Айта кетейік, зейнеткерлік жасқа жетуі, базалық зейнетақының төленуі мен мемлекеттік кепіл төлем жасау туралы, сондай-ақ БЖЗҚ-ға төлемдерді төлеу сияқты төрт өтініштің орнына бір ғана өтініш өткізуге мүмкіндік беретін композит қызметі 2018 жылдың қазан айында енгізілді. Зейнет жасына толғанға дейін 10 күн бұрын болашақ зейнеткерге қызметті проактивті түрде рәсімдеуге ұсыныс білдіретін SMS-хабарлама жолданатын қызмет 2019 жылдың тамызында іске қосылды. Әзірге бұл қызметті мемлекеттік корпорациядан зейнеткерлікке шығатын жұмыскерлер пайдалана алады. Алматы облысында 5954 адам базалық зейнетақы тағайындалса, ал Атырау облысында 1554 азамат базалық зейнетақы ала бастаған.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА