Жаңаөзен қаласының әкімі Мақсат Ибағаров қызметіне кіріскен екінші аптасында әлеуметтік маңызы бар бірқатар нысандарды аралады. Жаңаөзен қаласының әкімі алдымен Теңге ауылындағы №17 орта мектеп аумағында салынып жатқан балалар ойын алаңының құрылысымен танысты. Спорт алаңы «Менің елім» әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында «Samruk-Kazyna Trust» қорының демеушілігімен салынуда. Мұнда шағын футболға арналған алаң, воркаут және балалар ойын алаңы бой көтермек. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары басталып кетті. Әмбебап алаңның көлемі 2000 шаршы метрге жуық жерді құрайды. Келесі нысан қаламыздағы тұрмыстық қалдықтарды шығарумен айналысатын «Тазалық» ЖШС-ның әкімшілік ғимаратында болды. Мекеменің әкімшілік ғимараты, GPS мониторинг кабинеті, техника жөндеу цехтары және қызметкерлердің қызмет барысымен танысты. Қаладағы тұрмыстық қалдықтардың шығарылу процесін жүйелету мәселесін көтеріп, «Тазалық» ЖШС басшылығына Деминг принципімен жұмыс жасауды ұсынды. - Қала тазалығы ең бірінші орында тұратын мәселе болуы тиіс. Қазіргі жағдайды жақсартуға жұмыстану қажет. Техникалық мүмкіндіктерді барынша пайдаланып, қызу жұмыс жасау қажет, - деп нақты тапсырма берген Мақсат Ибағаров алдағы уақытта мекеме жұмысы жіті бақылауда болатынын жеткізді. Бұдан кейін, Жаңаөзен қаласының әкімі тұрмыстық қалдықтар полигонында болды. Полигонда қала бойынша қоқыс жинап келген көліктер электронды таразымен өлшенеді. Қалдықтардың салмағы туралы ақпарат тіркеліп, экология департаментіне тапсырылып отырады. Қала бойынша жиналған тұрмыстық қалдықтар арнайы комбайнда сұрыпталып, пластиктер, консервілер және тағы да басқа қалдық түрлері бойынша біріктіріліп жиналады. Полигон аймағында пластиктен брусчатка және жабынқыш (черепица) жасап шығаратын арнайы аппарат бар. «Тазалық» ЖШС-ның әкімдік ғимараты тұрғындармен етене жұмыс жасауы үшін алдағы уақытта қаламыздағы жаңа ғимаратқа көшірілмек. Жаңаөзен қаласының әкімі Мақсат Ибағаров сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Асет Баймағанбетовке тұрғындар үшін барынша қолайлы жағдай жасау, көлік тұрағын кеңейту, жол бойына жол белгілерін ұтымды орналастыру сынды шараларды жүзеге асыруды тапсырды. Қазіргі таңда, ғимарат құрылысы толығымен аяқталған, қосымша жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қолданысқа қазан айында беріледі деп күтілуде. Жаңаөзен қаласын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған Кешенді жоспары бекітілген болатын. Жоспарда шағынаудандар мен ауылдарға жаңадан автокөлік жолдарын салу көзделген. Осы мақсаттағы жұмыстардың бірқатары Рахат ауылында да жүзеге асырылып жатыр. Атап айтар болсақ, «Мерей» шағынауданы №3 аралық (34 көшеден №46 көшеге дейін) және №3 аралық (№46 көшеден №61 көшеге дейін) автокөлік жолдарының құрылысын жалпы ұзындығы 2,9 шақырымды құрайтын автокөлік жолдарының құрылысын жүргізу қаралған. Бүгінде, Рахат ауылы «Мерей» шағынауданы №3 аралықтың (34 көшеден №46 көшеге дейін) 400 метріне автокөлік тас жолын салу құрылыс жұмыстары жүргізілді, қалған 900 метріне автокөлік тас жолын салу қыркүйек айының аяғына дейін жоспарланған. Мердігер мекеме - «Алтын Құрық» ЖШС. Сонымен қатар, қала бойынша қазіргі таңға дейін Астана шағынауданының Н.Андрусов, Қ.Оңғалбаев көшелері және «Ақбұлақ» шағынауданының Т.Әшімбаев көшесіне автокөлік тас жолдарын салу құрылыс жұмыстары жүргізілген. Қала әкімі М.Ибағаров Рахат ауылында жаңадан салынып жатқан автокөлік жолдарымен танысып, жұмыс барысын қадағалады.
Жаңаөзен-Ақпарат