Құрық өнер мектебі өнерпаздарының ән-күйімен бастау алған дәстүрлі тамыз кеңесі аудандық мәдениет үйінде өз жалғасын тапты. Жылына бір рет айналып келетін мерекелік шараны лайықты атап өту мақсатында аудандық білім беру бөлімі мен мектеп ұжымы аз тер төкпеген екен. Аудан әкімі Қ.Беков бастаған бір топ басшылар мәдениет үйінің фойесінде орналастырылған білім ошақтарының кешегісі мен бүгінгісінен сыр шертетін көрме мен бейнероликтерді тамашалады. «Kелешекке - кемел біліммен» атты тамыз конференциясына аудан әкімі Қыдырберді Әндірұлы, Маңғыстау облыстық «Дарын» қосымша білім беру орталығының директоры Несібелі Қыдырғалиқызы, аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Әлия Қульбаева, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы А.Бишенов пен ауыл әкімдері, бөлім басшылары, ардагер ұстаздар, мектепке дейінгі ұйымдар, білім беру ұйымдарының басшылары мен мұғалімдері қатысты. Тамыз кеңесіне арналған салтанатты жиын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен бастал- ды. Кеңесті аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Алия Қульбаева жүргізіп отырды. Алғашқы сөз кезегін алған аудан әкімі Қыдырберді Әндірұлы барлық жиналған қауымды Білім күні мерекесімен құттықтап, әр мектеп пен ұстаздарға шығармашылық табыс, жаңа серпіліс тіледі. Салтанатты шара барысында «2018-2019 оқу жылының қорытындысы және 2019-2020 оқу жылындағы алда тұрған міндеттері» жөнінде аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Әлия Сұлтанғалиқызының баяндамасы тыңдалды. Сонымен қатар Маңғыстау облыстық «Дарын» қосымша білім беру орталығының директоры Несібелі Қыдырғалиқызы ұстаздыққа бет бұрған жас мамандардың жаңа қызмет жолына ақжолтай тілеп, ұстаздар қауымын білім жолында аянбай қызмет етуге шақырды. Бұдан кейін күн тәртібіндегі мәселелер бойынша жарыссөздерге кезек беріліп, бірқатар азаматтар тамыз кеңесіне тартымды пікірлер қосты. Тамыс кеңесі барысында ауданымызға жас маман болып келіп, ұстаздық жолын бастаған, бүгінгі таңда білім саласында елеулі еңбек еткен ұстаздар Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталды. Шәкірт тәрбиелеу бағытында өлшеусіз еңбегімен ерекшеленген бір топ мектеп басшылары мен ұстаздарға бұл күні облыс, аудан әкімінің Алғыс хаттары, облыстық білім басқармасының, аудандық білім беру бөлімінің Құрмет грамотасы мен қаржылай cертификаттары табысталды. Сонымен қатар талай ірі тұлғаға білім берген ардагер ұстаздарға гүл шоқтары ұсынылып, құрмет көрсетілді. Ардагер ұстаздар сөз сөйлеп, жылы лебіздерін білдірді. Тамыз кеңесі соңында білім беру саласы бойынша ауданымызға келген 10 жас маманның анттары қабылданған соң оларға аудан әкімі Қыдырберді Әндірұлы еңбек кітапшасы мен тілек хат тапсырды. Сондай-ақ аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы А.Бишенов сөз сөйлеп, ұлағатты ұстаздар қауымына ақ батасын берді.
Фариза ХАЙДАРОВА