Облыс тұрғындары үшін жағымды жаңалық! Ендігі жерде «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы баспана алғысы келетін әрбір салымшы уақыт ұттырып «Халыққа қызмет көрсету орталығына» сабылмайтын болады. Тұрғындар аталған орталықта көрсетілетін қызмет түрлерін енді ТҚЖБ-ның өзінен-ақ ала алады. Ол үшін арнайы маман жұмыс жасауда. Мәселен, күнделікті сұранысқа ие ЭЦҚ арқылы жылжымайтын мүліктің бар-жоғы туралы, мекен-жай жөніндегі, зейнетақы аударымдары, сонымен қатар несие тарихы туралы анықтамалар, барлығы алпысқа жуық құжат еш кедергісіз беріледі. Нақтырақ айтсақ, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің бастамасымен «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» ғимаратында электронды қызметтерді тегін алуға мүмкіндік беретін «өзіне өзі қызмет көрсету бұрышы» ашылды. Ашылу салтанатына арнайы қатысқан Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Қашақов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы Нұргүл Жанназарова, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ облыстық филиалының директоры Медет Абугалиев, Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Тимур Сәдуақасов жауапты мамандарға сәттілік тілеп, алғашқылардың бірі болып электрондық қызметтерді алды. «Осындай қызмет бұрыштары тұрғындар үшін өте қолайлы. Мәселен, тұрғын-үйге несие рәсімдеудің өзінде түрлі анықтамалар қажет болуы мүмкін. Қызмет алушыларға ендігі жерде халыққа қызмет көрсету орталықтарын, мемлекеттік органдарды жағалап кетпей, өздеріне қажетті құжатты, анықтамаларды осы банктегі жаңадан ашылған бұрыштан алу өте қолайлы болмақ. Банк саласында тұңғыш рет ашылған осындай шағын орталық Мемлекет басшысының халықтың түрлі әлеуметтік топтары үшін қызметтерді электронды нысанға көшіру және цифрландыру арқылы қолжетімді ету қажет деген тапсырмасын орындаудағы тағы да бір нақты қадам деп айтуға толық негіз бар. «E-gov», Telegram-bot сияқты цифрлық сервистердің мүмкіндіктерін халық арасында кең көлемде насихаттау Агенттіктің аумақтық департаментінің негізгі басым бағыттарының бірі», - деді Н.Жанназарова. Қазіргі таңда азаматтардың сұранысын жедел орындау мақсатында жаңа технологияларды қолданудың маңызы өте зор. Бұл бағытта мемлекеттік қызметтерді цифрлы жүйе бойынша лезде алу айрықша рөл атқарады. Осы орайда банк бұрышынан ашылған қызметтің шарапатын көрген тұрғындар да өз ықыластарын білдіруде. Қала тұрғыны Бердібай Толыбек 3-4 күн бойы несие рәсімдеу үшін ХҚКО мен банк арасында жүрістің көп уақыт алатынын айта келе, ал қазір өзіне керекті мекен-жай анықтамасы мен несие тарихы бойынша құжатты осы жаңа ашылған қызмет бұрышынан лезде алғанына қуанышты екенін жасырмады. Сонымен бірге, зейнет жасындағы мұғалім Қарлығаш Нұртаева халыққа көрсетілетін қызметтердің басым көпшілігі электронды нұсқада болуы тұрғындарға өте қолайлы және мемлекет тарапынан қызмет алушыларға жағдайдың жасалуы біріншіден уақыт үнемдеуге, екіншіден қажетті құжаттарды жылдам алуға мүмкіндік беретінін алға тартты. Өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштарының басты мақсаты – қызмет алушыларға барынша жағдай жасау, қызмет беруші мен қызмет алушы арасындағы бетпе-бет қарым-қатынасты болдырмау арқылы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою, халық арасында «E-gov» электронды үкімет порталын танымал ету. Айта кетейік, облыс халқының 80%-ы тұрғын үйді ТҚЖБ арқылы алады. Сондықтан оларға қызмет көрсету бұрышының дәл осы банктен ашылғаны өте ыңғайлы болмақ. Сонымен қатар, мұндай электрондық қызмет көрсету бұрыштарын өңірдің басқа да халық көп шоғырланған қоғамдық әрі қолжетімді орындарында ашу алдағы уақытта жалғасын табатын болады дейді аталған департамент мамандары. Еске сала кетсек, жақында осындай қызмет түрі Ақтау қаласында орналасқан «Заман» әмбебап сауда орталығында ашылды.
Айгүл ОРЫНБАЕВА