Облыс орталығындағы Достық үйінде Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орай Мемлекеттік рәміздердің мазмұны мен маңызын және оларды насихаттау бойынша білімді кеңінен тарату жөніндегі ағарту орталығының ашылу салтанаты өтті. Маңғыстау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымдастырған басқосуды Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ержан Күмісқалиев ашып, тәуелсіздігіміздің тірегіне айналған Ата заң–Конституциясы күнімен құттықтады. Сондай-ақ «АЛА-ТОО» қырғыз этномәдени бірлестігінің төрағасы Курбанали Газизбеков пен «Чосон» кәріс этномәдени бірлестігінің төрайымы Раиса Маденова құттықтау сөз сөйлеп, Қазақстан елінде алуан түрлі ұлттар мен ұлыстармен бірге құқықтары тең, тату-тәтті тұрып жатқанын мақтан тұтатындарын жеткізді. Ержан Күмісқалиев бір топ белсенді этномәдени бірлестіктер жетекшілеріне облыс әкімінің орынбасары Нұрлыбай Аққұловтың Алғыс хатын тапсырды. Құттықтау тілектерден кейін жиналғандар Мемлекеттік рәміздердің мазмұны мен маңызын және оларды насихаттау бойынша білімді кеңінен тарату жөніндегі ағарту орталығын көрді. Орталықты қонақтарға таныстырған «Қоғамдық келісім» коммуналдық-мемлекеттік мекемесінің басшысы Амангүл Жайылханова Мемлекеттік рәміздермен жақынырақ танысқысы келетіндердің орталықтан мол ақпарат алуға мүмкіндіктері бар екендігін айтты. Салтанатты шараға қатысушылар этномәдени бірлестіктер өкілдері дайындаған коцерт бағдарламасын тамашалап, әр түрлі ұлттық тағамдардан дәм татты.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА