Ауданымызда «Zhas project» жастар корпусын дамыту жобасы арқылы он беске жуық кәсіпкерлік орталықтар өз жұмысын бастап, қызмет көрсетіп келеді. Игілікті істің жалғасы ретінде жуырда ғана жоба жеңімпаздарының бірі Тілеуқабыл Дәулетов және топ мүшелері Сауранбек Нәсібеков, Ажар Ағниешева IT компьютерлік қызмет көрсету орталығын ашты. Жаңа орталықтың ашылуына «Атамекен» ҰКП-ның Бейнеу аудандық филиалының директоры Роллан Ережепов, Бейнеу аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Тұралы Жолышов, аудан тұрғындары, мүмкіндігі шектеулі балалар мен жастар орталығының қызметкерлері қатысты. Р.Ережепов құттықтау сөз сөйлеп, жаңа орталықтың лентасын қиып, топ көшбасшысы мен қызметкерлерінің жұмысына сәттілік тіледі. - Біздің бұл орталығымызда мүмкіндігі шектеулі жүріп-тұруы қиын оқушыларға, мүжәлсіз отбасы мен көпбалалы ата-аналардың балаларына жан-жақты компьютерлік бағдарламаларды оқытып, әр түрлі цифрлық қызмет түрлерін меңгертеміз, - дейді топ жетекшісі Т.Дәулетов. Сонымен қатар ата-ана Құралай Ерубай мүмкіндігі шектеулі 13 жастағы ұлы Шыңғысханды осы орталыққа алып келіп, оқытып, компьютерлік қызығушылығын арттырғысы келетіндігін айтып, жоба жеңімпаздарының көрсетер қызметтеріне өз ризашылығын білдірді.
Үміт ҚАЗДАЕВА