Ислам әлемінің мерейлi мерекесi–Құрбан айтпен де қауышқалы отырмыз. Бұйырса, тамыздың 11, 12, 13-і күндері шамасы келген мұсылмандар құрбандық шалып, тағы бір ұлық ғибадатын жасайды. Осынау ислами мейрам қарсаңында Ақтау қалалық Бекет ата мешітінің бас имамы Зиядолла ЕМІЛДЕН оқырмандарды толғандыратын бірнеше сауалға жауап беруін сұраған едік. - Мұсылмандар Рамазан айынан бері күн санап күтіп жүрген құлшылық—құрбандық малын қай уақытта шалған дұрыс? - Құрбан айт мерекесі Құранда бекітілген жақсы амалдардың бірі болғандықтан күтеміз, айтқа дайындаламыз. Құран Кәрiмде: «Раббың үшiн (айт намазын) оқы, құрбандық шал» («Кәусар» сүресi, 2-аят), - деп бұйырған. Шариғатымызда құлшылық-ғибадаттардың тәнмен де, малмен де атқарылатыны бар. Құрбандық шалу мұсылмандардың тапқан табысымен, яғни, малымен ғибадат етуі болып саналады. Бұл да Аллаға жақындау амалдарының бірі. Алла нәсіп етсе, 11-тамыз күні өңіріміздің барлық мешіттерінде таңғы сағ 7-де Құрбан айт намазы оқылады. Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыз: «Кiмде-кiм мүмкiндiгi бола тұра құрбандық шалмаса, бiздiң намаз оқитын жерiмiзге жақындамасын!», - деген хадисiмен құрбандықтың қаншалықты мәндi де маңызды екендiгiн ескерткен. Сондықтан өтей алмай отырған қарызы жоқ, бір қой сойғаннан отбасы қиналып, қарызданып қалмайтын адамдар Құрбан айт намазы оқылғаннан кейін 13–тамыз күнгі екінді намазына дейінгі аралықта құрбандық шала алады. Құрбан айт намазының қазасы болмайды, үлгерген адам оқиды мешітке келіп, үлгермеген адам күнделікті бес парыз намазын оқып, жүре береді. Ал айт намазы оқылмай тұрып шалған мал тек нәпіл садақа болып қалады. - Құрбандыққа шалынған қойды үйіту туралы не дер едіңіз? Кейбір адамдар арасында осы жайтқа байланысты екіұдай пікір бар. - Бұл сұраққа толыққанды жауап беру үшін әңгімені әріден бастайық. Құрбан шалу Ибраһим пайғамбардан (ғ.с.) қалған сүннет. Қисса бойынша Ибраһим пайғамбардың бірде мыңға жуық малды құрбандыққа шалғанын көріп, таңырқаған жамағаты: «Әй, Ибраһим! Сен неткен жомарт едің. Осыншама малды құрбандыққа шалу ешкімнің қолынан келмейді», - деген екен. Сонда Ибраһим (ғ.с.) пайғамбар: «Бұл Раббымның маған берген нығметі. Егер перзентім болса, оны да Раббым үшін құрбандыққа шалар едім»,-депті. Осыдан соң арада бірнеше жыл өткеннен кейін ол (ғ.с.) Исмайыл есімді ұл перзентті болады. Бала тоғыз-он жасқа келгенде Ибраһим (ғ.с.) пайғамбар түс көреді. Түсінде Алла «балаңды құрбандыққа шал», деп бұйрық береді. Сонда Ибраһимнің (ғ.с.) есіне бір кезде айтқан сөзі түсіп, уәдесін орындауға кіріседі. Ұлы Исмайылды тау басына апарып, аяқ-қолын байлап, құрбандыққа шалмақ болады. Баланың нәзік тамағына алмастай өткір пышағымен тартып қалғанда, Алланың әмірімен пышақ өтпей қалады. Тағы да бірнеше қайталап тартқанымен, пышақ өтпейді. Ал сол пышақты тасқа ұрып қалғанда, тас екі айрылып кетіпті. Сөйтіп әлек болып жатқан кезде Жәбрейл (ғ.с.) періште Алланың бұйрығымен көк қошқарды алып келеді. Сол күннен бастап құрбандық шалу Ибрагим заманында сүннет, ал Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбардың үмметіне уәжіп болып қалды. Бірде сахабалар Пайғамбарымыздан (с.а.у.): - Ей, Алланың Елшісі! Құрбандық деген не?-деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.у.): - Құрбандық сендердің Ибраһим бабаларыңнан қалған сүннет,-деді. - Одан бізге қандай сауап бар?–дегенде, Пайғамбарымыз (с.а.у.): - Әрбір тал қылшығы үшін сауап аласыңдар, - деп жауап береді. Сонда сахабалар: - Қойдың жүнінен ше? – дегенде Пайғамбарымыз (с.а.у.): - Қойдың жүнінің әрбір тал қылшығына да сауап жазылады, - деді. Міне осыдан-ақ құрбандық малының жүнін үйітуге болмайтыны анық білініп тұр. Қойды үйітеміз деп, Алланың беріп тұрған сауабынан айрылып қалмайық, шариғаттың бұйрығын ғана орындайық. - Құрбандыққа қандай мал шалуға болады және бұл күндері қандай амал жасағанымыз дұрыс? - Ешкі мен қойдың жасы бір жылдан асып екінші жылға кіргені, алты айлық марқа қозы бір жасар қой сияқты ірі, қоңды болса, құрбандыққа жарамды. Сиырдың екі жасқа толып, үшінші жылға кіргенін, ал түйеден жасы бес жылдан асып, алтыншы жылға кіргенін құрбандыққа шалуға болады. Сойылатын малдың кемшілігі болмауы тиіс. Яғни, құлағы не құйрығы кесілген, не соқыр, не айналма немесе соятын жерге бара алмайтын ақсақ болмауы керек. Түйе мен сиырды құрбандық ниетіндегі жеті кісі сойса болады. Бір отбасы бір қой соя алады. Егер ерлі-зайыптылардың екеуінің де табысы жақсы болып, әрқайсысы бір қойдан шаламын десе, бұл да шариғат құптайтын жайт. Сойылған малдың етін үшке бөліп, бір бөлігін үй ішіне қалдырып, екінші бөлігін мұқтаждарға таратылады, ал үшінші бөлігін қонақтарға асып береді. Бұл күндері ертерек тұрып, ғұсыл алып,таза киім киіп, хош иісті әтір сеуіп, көшеде жолыққан адамға ашық жүзбен қарап, ата-анаға, жасы үлкен кісілерге барып, сәлем беріп, айттаған дұрыс. Құрбан айт мейрамы осылайша пенденің Аллаға жақындауына себеп болады адамдар арасын да жақындата түседі, адам қанағатшылдықты сезінеді, Рамазан айында парыз ораза ұстағаннан кейін иманы әлсірегендердің иманы күшеюіне себеп болады Алла қаласа. - Үйінде біреу қайтыс болған болса, 3 жыл қатарынан шектік беріп, құрбандық шалмайтындар да бар... - Шектік делініп жүрген садақаның бұл түрін шариғат бекітпегендіктен шектік шалдым деп, құрбандықтан бас тартуға болмайды. Жағдайы жеткен мұсылман құрбандық шалудан босатылмайды. Сондықтан өлілер рухына Құран бағыштап марқұмның атынан садақа берген кісі мүмкіндігі болса, құрбандығын да шалуы міндет. Ал тек бір қойға ғана шамасы жететін болса, онда құрбан айт күні құрбандық шалып, марқұмдардың рухына Құран бағыштай алады. Сонда ол әрі құрбандық шалады, әрі өліге Құран оқытқан болады және мұқтаждарға көмектесіп, зор сауапқа кенеледі. Алла баршамыздың ниеттерімізді қабыл етіп, еліміз аман болғай
Фатима МҰСТАЖАПҚЫЗЫ