Көптің талқысына түскен атаулы әлеуметтік көмектің тағайындалуы бүгінгі таңда үлкен мәселеге айналып отыр. Шын мұқтаждарға берілетін бұл көмектің қызығын түрлі жолдармен өзге де азаматтар көруде. Бұл заңсыздықтар жөнінде апта басындағы аппарат жиынында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қуаныш Берішбаев баяндаған болатын. АӘК беруде орын алған заңсыздықтар Осы жылдың тамыз айындағы жағдай бойынша облыстағы 7406 отбасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, жыл басынан бері 2,7 млрд. теңге көмек төленген. Шілде айындағы ақпарат бойынша 40 340 адамға 790,1 млн. теңге көмек берілген. Қазіргі алушылар динамикасына қарай жасалған ең пессимистік болжамдар бойынша жыл соңына дейін әлеуметтік көмек алушылар саны 51 мыңнан асып, қосымша тағы 4,5 миллиардтан астам қаржы қажет етіледі деп күтілуде. «Қазір облыс халқының 6% атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарында, яғни бұл – кедейшілік шегінен төмен деңгейде өмір сүреді деген сөз. Оның ішінде Мұнайлы ауданы бойынша кедейшілік шегінен төмен өмір сүретіндер саны – 11%, Бейнеу ауданы бойынша – 10%, Маңғыстау ауданы бойынша 7%-ды құрап отыр. Бұл – жергілікті атқарушы органның қызметін бағалауға кері әсер ететін маңызды көрсеткіштердің бірі. Атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарындағы 36 784 адам – шартты ақшалай көмек алушылар. Олардың ішінде 12 770 адам – еңбекке қабілетті жастағы адамдар. Еңбекке қабілетті жастағы адамдар қатарынан жұмыспен қамту шараларына тартуға жататындар саны – 1310 адам. «Е-халық» ақпараттық жүйесіндегі мәліметтерге сәйкес шартты ақшалай атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарындағы жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылғандар саны – 936 адам, оның ішінде тұрақты жұмыс орындарына жолданғандар – 676, қоғамдық жұмысқа жолданғандар – 168, әлеуметтік жұмыс орындарға жіберілгендер – 48, қайта оқыту және даярлау – 34, жастар практикасына жіберілгендер – 9, кәсіптік бастамаларға қолдау көрсетілгендер – 1 адам. Біз бұған дейін де айтып жүрміз, атаулы әлеуметтік көмек алатындарды тұрақты жұмысқа орналастырып, сондай-ақ кәсіпкерлікпен айналысу үшін біржолғы төлемдер беру арқылы кедейшілік шегінен шығуға мүмкіндік беруіміз керек. Олай болмаған жағдайда осы адамдар тұрақты түрде мемлекеттің есебінен күн көруге мәжбүр болады», – дейді Қ.Берішбаев. Осы орайда айта кеткен жөн, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша атаулы әлеуметтік көмек заң жүзінде тек мұқтаж жандарға берілуі тиіс. Бірақ бұл талап біздің өңірде әлі де болса толық орындалмай отыр. «Қазір министрліктің жанындағы Адам ресурстарын дамыту орталығы қолда бар мүмкіндіктерді пайдаланып, атаулы әлеуметтік көмек алушыларды қатаң мониторингілеуді жүзеге асырып отыр. Аталған орталық тарапынан жүргізілген мониторинг нәтижесі бойынша Маңғыстау облысында атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған 7406 отбасының 5%-ына атаулы әлеуметтік көмек артық төленген. Соның ішінде ең үлкен қателік Маңғыстау ауданы бойынша орын алған. Ауданда тағайындалған әрбір төртінші атаулы әлеуметтік көмек мөлшері артық тағайындалған. Сол сияқты Қарақия мен Түпқараған аудандарында да әлеуметтік көмек тағайындау барысында да сәйкесінше қателікке жол берілген. Бұған себеп – зейнетақы қорына аударылатын қаржының кеш аударылуы және табыс көзінің дұрыс көрсетілмеуі. Сондықтан жұмыс берушілер тарапынан қолданыстағы заңнамалардың сақталып, зейнетақы қорына жарнаны уақытылы аударатын болса, аталған қателіктерге жол бермей, нәтижесінде бюджеттегі миллиондаған қаржыны үнемдей алар едік», – дейді басқарма басшысы. «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» заңның 7-бап 3-тармағына сәйкес әлеуметтік көмек заңсыз тағайындалған жағдайда көмек төлеу тоқтатылып, артық төленген қаржы ерікті түрде немесе сот арқылы кері қайтарылады деп көрсетілген. Осыған байланысты өңірімізде орын алған жоғарыда аталған кемшіліктерді осы жылдың қыркүйек айына дейін жою көзделіп отыр. Төмен жалақы алатындар қатары көп Қазіргі таңда заң бойынша ең төменгі жалақы мөлшері 42 500 теңгені құрайды. Алайда соған қарамастан шартты ақшалай көмек алушылар қатарында ең төменгі жалақы мөлшерінен де төмен ақы алатындар үлесі 13,7% құрайды екен. Ең үлкен көрсеткіш Ақтау қаласында – 21,2%, Жаңаөзен мен Бейнеуде – 13%. Оның ішінде мемлекеттік секторда жұмыс жасайтындардың 42 500 теңгеден төмен жалақы алуы түсініксіз екенін айтады Қуаныш Серікұлы. «Жарты ставкамен жұмыс жасайтындар болуы мүмкін. Бірақ барлығы бірдей жарты ставкамен жұмыс жасайды деп айту сенімсіздеу. Жеке секторда да мұндай жалақы болмау керек. Жалақы мөлшерінің дұрыс болмауы тағы да атаулы әлеуметтік көмек алушылар санының артуына әкеліп соғып отыр. Сондықтан аудандар мен қалаларда мүдделі орган өкілдерінен тұратын жұмыс тобын құрып, атаулы әлеуметтік көмек төлеу заңдылығын тексеру керек. Әрине, тағайындалған көмекті тоқтату халық арасында үлкен наразылықтар тудыруы ықтимал. Сондықтан халыққа нақты дәлелдермен түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек», – дейді ол. 14 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылды Жыл басынан бері облыста 20 935 адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын құру да өңір бойынша 30 мың болып белгіленген. Аудан, қала әкімдіктерінің ағымдағы жылдың тамыз айындағы мәліметі бойынша облыста барлығы 18 490 жаңа жұмыс орны құрылған. Оның 14 627-сі – (79,1%) тұрақты жұмыс орындары. Жыл соңына дейін белгіленген жоспар толық орындалады деп күтілуде.
Айгүл ОРЫНБАЕВА