Облыс көлемінде бүгінгі күні тұрғын үй бойынша 19 563 адам кезекте тұр. Олардың барлығы да ыңғайлы, жылы, жайлы баспаналы болғысы келеді. Ал ол қажеттілікті өтеу үшін арнайы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша нақты жұмыстар іске асырылуда. Бұл туралы облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының м.а. Лепес Бекжановпен болған сұхбатта кеңінен айтылды. Бес бағыт «Нұрлы жер» бағдарламасының негізгі 5 бағыты бар. Оның ішінде: бірінші, сатып алу мүмкіндігінсіз жалға берілетін тұрғын үй құрылысы бағыты бойынша кезекте тұрған әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған тұрғындарды тұрғын үймен қамтамасыз ету, екінші, көпбалалы аналарды сатып алу мүмкіндігінсіз жалға берілетін тұрғын үй құрылысымен қамтамасыз ету, үшінші, несиелік тұрғын үй құрылысы, төртінші, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған тұрғындарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін жеңілдетілген несие беруге бағытталған «Бақытты отбасы» жобасы және соңғысы «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы. Тұрғын үй құрылысы ұлғайды «Биылғы жылдың 6 айының қорытын дысы бойынша барлық қаржыландыру көздерінен 622,8 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілді. Облыстың дамуына әсері оңтайлы. Республика бойынша Маңғыстау облысы алғашқы үштікте тұр. Жыл соңына дейін тұрғын үйді 1,0 млн. шаршы метрге жеткізу мүмкіндігі бар. Құрылыс монтаж жұмыстарының нақты көлем индексіне келетін болсақ, осы жылдың 6 айының қорытындысы бойынша құрылыс монтаж жұмыстары 64,8 млрд. теңгеге орындалды», – дейді Л.Бекжанов. Сондай-ақ «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында биыл республикалық бюджеттен 10,8 млрд. теңге қарастырылған. Жіктеп айтар болсақ, жалға берілетін тұрғын үй құрылысына – 1,6 млрд.теңге, көп балалы аналарға жалға берілетін пәтер сатып алуға – 1,7 млрд. теңге, кредиттік тұрғын үй құрылысына – 3 млрд. теңге, инженерлік коммуникациялық желілерге республикалық бюджеттен 4,5 млрд. теңге бөлінген. Бүгінгі күні 6 айға жоспарланған қаражаттың 96% игерілген. Жыл соңына дейін қаралған қаражат толықтай игерілетінін айтты Л.Бекжанов. Жалға берілетін тұрғын үй құрылысы Бағдарлама бойынша жалға берілетін тұрғын үй құрылысына бөлінген жоспарланған қаражаттың 82% игерілген. Қалған қаржы жыл соңына дейін толықтай игеріліп, 17,1 мың шаршы метрді құрайтын 272 пәтер пайдалануға берілмек. «Мұнайлы ауданындағы 96 пәтерлік тұрғын үй құрылысының 21 пәтерлі және Қарақия ауданындағы 120 пәтерлік тұрғын үй құрылысының 24 пәтері көп балалы аналарға берілетін болады. Құрылыс нысандары 2018 жылдан өтпелі болып табылады. ФортШевченко қаласында салынып жатқан 48 пәтерлі тұрғын үй 2019 жылдың желтоқсан айында пайдалануға беріледі. Сонымен қатар осы қалада салынып жатқан 16 пәтерлік тұрғын үй де осы жылы аз қамтылған көп балалы отбасыларға берілетін болады. Бұдан бөлек тағы да бірнеше пәтерлер салынуда», – дейді Л.Бекжанов. Көп балалы аналарға берілетін үйлер Ақтау қаласынан көп балалы аналарға жалға берілетін 205 пәтерді салуға биыл 1,7 млрд. теңге бөлінген. Қазіргі таңда сатып алу конкурсы жарияланған. Кредиттік тұрғын үй Республикалық бюджеттен кредиттік тұрғын үй құрылысына Ақтау қаласында 432 пәтерлік 5 тұрғын үй құрылысын бастауға 3 млрд.теңге бөлінген. Тағы бір айта кетерлігі, инженерлік коммуникациялық желілерге биыл республикалық бюджеттен 4,5 млрд. теңге қарастырылып, жоспар бойынша толық игерілуде. «7-20-25» Бүгінгі күні аты аталған бағдарлама бойынша екінші деңгейдегі банктерге 7 млрд. 051 млн. теңге сомасында 798 өтінім түсіп, оның ішінде 3 млрд. 947 млн. теңге сомасына 435 өтінім мақұлданған. Бұдан басқа, Ақтау қаласының аумағында 32 жер учаскесінде 450 мың шаршы метр болатын 6 мыңнан астам пәтердің құрылысы жүргізілуде. Олардың басым бөлігі «7-20-25» бағдарламасы бойынша берілмек. «Бақытты отбасы» бағдарламасы «Облыс көлемінде «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатыса алатын 5366 адам кезекте тұр. Олар: біріншісі – көп балалы аналар, екіншісі – мүгедек балаларды асыраушы аналар, үшіншісі – аз қамтылған отбасылар. Бағдарламаға тек осы үш санаттағы тұрғындар ғана қатыса алады. Бағдарламаға «Старт» берілді. Ағымдағы жылы жергілікті бюджеттен бастапқы жарнаны төмендету бойынша тұрғын үй сер- тификатына 300 млн.тенге бөлінді. Енді тұрғындар келесі кезекте ЖКХ-ға, одан әрі «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» АҚ-ға барып, керекті құжаттарын рәсімдейді. Сондай-ақ қаланың кез келген үйінен мемлекеттің беретін бастапқы 10 пайыздық жарнасын төлеп, 2 пайыздық несиемен пәтер ала алады», – дейді Л.Бекжанов.
А.БЕКМҰРАТҚЫЗЫ