12 тамыз - Каспий күні мерекесіне орай Маңғыстау облыстық табиғи ресурстар және пайдалануды реттеу басқармасы қолдауымен «Тағылым» жастар қоғамдық бірлестігі бірқатар іс-шараларды ұйымдастыруды көздеп отыр. «Каспий күнін кең көлемде атап өту үшін ең алдымен қала аумағында көрнекі ақпарат құралдарын ілуді қолға алдық. Ақтау бойынша 4 нысанға бильбордтар орнатылды. Сонымен қоса қала халқының назарын аудару, Каспий күні туралы ақпараттандыру мақсатында орталық Led-экранда бейнеүзік жарияланды. 10 тамыз, яғни сенбі күні жоғарыда аталған мереке аясында велошеру ұйымдастырылады. Салауатты өмір сүру салты мен бұқаралық спортты кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырылатын велошеруге шамамен 100-ден аса тұрғын қатысады деп жоспарланған. Сондай-ақ теңіз жағалауында асық ату, арқан тарту сынды ұлттық ойын түрлерінен сайыс ұйымдастыру көзделген», - дейді «Тағылым» жастар қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Сағитжанов Асқар Оразалыұлы. Велошеру аясында қоғамдық қор қызметкерлері халыққа Каспий теңізінің биоалуантүрлілігін қорғау, сақтау бойынша жан-жақты мағлұмат беріп, ақпаратпен қамтиды. Тұрғындар сауалдарына тіл қатып, қызығушылық танытқандар бірлестік қызметкерлері тарапынан кез келген мәліметке қол жеткізе алады. «Сонымен қоса 12 тамыз күні балаларға арналған сурет салудан жарыс ұйымдастырылады. Жарқабақты жағалау аумағында кішкентай бүлдіршіндер қиялынан туған көріністерді асфальт бетіне бейнелейді. Қылқалам өнеріне жаны жақын, талантты жас жеңімпаздарға сайыс соңында сыйлықтар үлестіріледі. Сондай-ақ балаларға Достық үйінде «Қазақ елі» мультфильмі көрсетіледі. Бұл іс-шаралар аясында жас өрендер Каспий күні мерекесімен жан-жақты танысады», - дейді А.Сағитжанов.
Голрох ЖЕМЕНЕЙ