Маңғыстау облыстық кәсіпкерлер палатасы жанындағы кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесі Бейнеу ауданы кәсіпкерлерімен кездесті. Алдымен оларға кеңестің атқарған жұмыстары туралы есеп беріліп, соңы сұрақ-жауапқа ұласты. Бейнеулік кәсіпкерлерді жер, инфрақұрылым, салық, банктегі заңсыздықтар сынды мәселелер толғандыратын болып шықты. «Фирма Сабытай» ЖШС директоры Нұрлан Оразбаев: «Ұлутас карьерінде тас өндірумен айналысамыз. Жергілікті жұмысшылар жақсы айлық берсең де жұмыс жасағысы келмейді. Ауыр еңбек деп санайды. Ал шетелдік азаматтарды жұмысқа қабылдауға құқымыз жоқ. Осыған квота алуға бола ма?» – деді. Ал жеке кәсіпкер Ғани Қосшығалиұлының айтуынша, 2018 жылы Бейнеу–Тәжен тас жолын салуға 2 мекемеге жүк көлігін жалға берген. Алайда осы күнге дейін кәсіпкерге тиесілі ақыны борышкер төлемей жүр екен. Келісім шарттары, есеп құжаттары, тексеру актілері бар. Сөз соңында осыған заңды тұрғыда көмек көрсетіп, тиесілі ақыны алуға ықпал етсе деген өтінішін білдірді. «Менің кәсіпкерлік нысаным көп қабатты тұрғын үйде орналасқан. Кәсіпкерлікпен айналысуға рұқсат құжаты толықтай дұрыс. «ҚазТрансГаз Аймақ» компаниясының қызметкерлері сізге газ бөлуді тоқтатамыз, себеп: тұрғын үйдің газынан алып отырсыз дейді. Осы дұрыс па?», – деп кәсіпкер Арыстанбай Хайроллин толғантқан мәселесін ортаға салды. Ал жеке кәсіпкер Қуандық Бекхожаев: «Салық комитеті 5 теңге өсімпұл қарызымыз үшін есеп шотымызды жауып тастады. Соның кесірінен «Халық банктегі» есеп шотымызды ашуға 1 ай кетті. Осындай келеңсіздіктер кәсіпкерлігіміздің дамуына тежеу болып отыр. Мұндай жағдайды реттеуге болмас па екен?» деп, кәсіпке тұсау болған мәселелерді тілге тиек етті. Аталған мәселелерді мұқият тыңдап шыққан өңірлік кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесі мүшелері әрбір кәсіпкерге заңды шешу жолдарын түсіндіріп берді. «Кәсіпкерлерге құқықтарының бұзылған тұстарын егжей-тегжей түсіндіріп бердік. Қойылған сұрақтар көп болды. Кейбір іскерлер бізге жазбаша жүгінетін болып шешім қабылдады. Оларға да заң талаптарын түсіндіріп, сотқа жүгінуге, сот процестерінде құқықтық сүйемелдеу жасауға атсалысатын боламыз», – деп ой тұжырымдады. Маңғыстау облыстық КП жанындағы кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің төрағасы Шымбай Сұлтанов.
Жайық НАҒЫМАШ