Аптаның алғашқы күні Маңғыстау облысы əкімінің орынбасары Нұрдәулет Қилыбайдың қатысуымен кезекті аппарат жиналысы өтті. Жиналыстың күн тәртібінде жекешелендіруді жүргізу барысы және суға шомылу маусымындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері қаралды. 2016–2020 жылдарға арналған жекешелендірудің кешенді жоспарына сәйкес облысымызда 27 нысан жекешелендіруге жатады (коммуналдық – 19, СПК – 8). Оның ішінде 18 нысан бойынша 2016–2018 жылдары 1,7 млрд.теңге игерілген. Бұдан басқа, оларды тарату туралы шешімге байланысты 8 нысан сауда-саттықтан алынды (коммуналдық – 6, СПК–2). Олардың ішінде 2018 жылы 12 нысан жүзеге асырылды: 5 нысан сатылды («МО Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік орталығы» АҚ 49%, «Маңғыстауагросервис» ЖШС, «Тазалық» МКК, «Маңғыстау» инвестициялық компаниясы» АҚ, «Каспий-Берекет» ЖШС); 3 объекті сенімгерлікпен басқаруға және кейін сатып алу құқығымен берілді («Кәсіптік волейбол клубы «Каспий» ЖШС, «Маңғыстауқұрылысинвест» ЖШС, «Қала жолдары» ЖШС); 4 объекті экономикалық жағынан тиімді болу үшін жеке меншікке берілді («Жас қанат» ЖШС, «Экологиялық зерттеу зертханасы» ЖШС, «Маңғыстау облыстық сумен жабдықтау жүйесі» МКК, «Каспий техникалық флоты» ЖШС). - Қалған 1 объектіге («Caspiy Build» ЖШС) бизнестік сектор ретінде қызығушылық түспеген, дегенмен кейіннен сату құқығымен сенімгерлік басқаруға беру арқылы осы объектіні жекешелендіру бойынша барлық шаралар қабылданды. Айта кету керек, 2018 жылдың 20 сәуірінде «Каспий» ӘКК» ҰК» АҚ осы объект бойынша директорлар кеңесі жол картасын бекітті. Оған сәйкес объект аукцион арқылы сатылымға шыққан. Алайда, «Caspiy Build» ЖШС-ның (Аққу-3 тұрғын үй кешені, Құрық-порт – Құрық жолы, 25 км.) теңгерімінде аяқталмаған нысандардың болуына байланысты кейіннен сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға беру әдісімен қайта қаралғандықтан сату алдындағы дайындық кешіктірілді. 2018 жылғы 13 желтоқсанда сенімгерлік басқаруды кейіннен сатып алу құқығымен беру туралы конкурс өткізу туралы хабарлама шығарылды. 2018 жылғы 28 желтоқсан күні конкурстың қорытындылары қатысушылардың бол мауына байланысты жарамсыз деп танылды. Хабарламаны қайта жариялау 2019 жылдың ІV тоқсанына жоспарланған, – дейді сала жөнінде баяндама жасаған облыстық қаржы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Тамара Нысанбаева. Сонымен катар биыл мамыр айында жарғылық капиталында 100% мемлекеттік үлесі бар «Каспий коммуналдық қызметі» ЖШС-дан кейін сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға берілген шарт сенімгерлік басқарушы – жеке кәсіпкер Есенжанова шартта көзделген өз талаптарын орындамағаны үшін 2016 жылғы келісім шарт бұзылды, сондықтан 593,2 млн.теңге құрайтын қаржы игерілмеген. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, бүгінгі күні коммуналдық меншікті сатудан жергілікті бюджет бойынша 259,9 млн.теңге төленді. Ал қалған 469 млн. теңге 2019– 2023 ж.ж. сатып алу-сату келісім шарттарына сәйкес төленуі тиіс. «Каспий» ӘКК еншілес компанияларын сатудың іс жүзінде 272,0 млн. теңгесі төленді, ал қалған 64,8 млн. теңге 2019 жылдың соңына дейін сатылым шартының кестесіне сәйкес төленетін болады. Сондай-ақ бас қосу барысында төтенше жағдайлар департаменті басшысының міндетін атқарушы Мұрат Мұханов суға шомылу маусымына орай қолға алынған қауіпсіздік шараларына байланысты өзекті мәселелерге тоқталып, қала тұрғындары мен қонақтарына алдын ала қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында жан-жақты ақпарат таратылатынын айтып өтті.
Өз тілшіміз