Цифрландыру саясаты – елдің тұрақты даму стратегиясында маңызды тетіктердің бірі. Өңірде «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру барысы туралы Маңғыстау облысы әкімі аппараты цифрландыруды дамыту бөлімінің басшысы Әділет Серікұлымен сұхбаттастық. - Әділет Серікұлы сіз жетекшілік ететін бөлімнің басты міндеті мен мақсаты қандай? Облыста цифрландыру саясаты қандай деңгейде жүргізіліп жатыр? - Біздің бөлімнің басты міндеті - «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында өңір аумағында жүзеге асуы көзделген жобалар барысын жіті бақылау және қолдау таныту. Яғни бөлім тарапынан цифрландыру жөнінде тың идеялар талқыланып, сарапқа салынып, қаржыландыру тетіктері туралы толық мағлұмат алынады. Ал негізгі мақсат цифрландыру саясатының мән-маңызын халыққа саналы түрде жеткізу. Бізге сандық технологиялар халықтың өмір сүру сапасын жақсату, тұрмысты оңтайландыру үшін қажет. Бүгінгі таңда жұмыссыздық белең алып отыр. Шынтуайтында ғаламтор кеңістігінде жұмыс көп. Ол үшін қаржылық әрі сандық сауаттылықты арттыру өте маңызды. Сол себепті адам өмірінің барлық саласына сандық технология өнімдерін ендірумен қатар оның тіліне жетік жаңа буынды өсіру қажет. Былтыр Маңғыстау облысы бойынша 5000-ға жуық мұғалім IT-сауаттылық негіздері жөнінде білім алды. Біздің бөлім жобаның бас жетекшісі ретінде биыл 11 мыңнан аса халықтың әлеуметтік аз қамтылған бөлігіне цифрлық сауаттылықты арттыру бойынша базалық оқу курстарын ұйымдастырады. Ол үшін еріктілер тобы жасақталып, бағдарламаның негізі оқытылды. Барлық аудан әкімдіктерінде бекітілген жауапты адамдар жоба барысына бас-көз болады. Оқу кезінде компьютерді қолдану бойынша нұсқаулық, электронды үкімет, ЭЦҚ, онлайн сауда платформалары жөнінде мол мағлұмат беріледі. Сондай-ақ HeadHunter, Найми.кз секілді жұмысқа орналасу бойынша онлайн алаңдар туралы толық ақпарат айтылады. - Цифрландыру саясаты аясында өңірде қандай іс-шаралар атқарылуда? - Елбасы бастамасымен «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын қабылдады . Дегенмен цифрландыру біздің ата-бабамыз арман еткен дүние. Ы.Алтынсарин “өнер-білім бар жұрттар тастан сарай салғызған, айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған” дейді. Міне сол кездегі арман бүгін орындалды. Электронды хат алмасу бірер секунд ішінде мүмкін. “Ақылды қала” тұжырымдамасы жоғарыда айтып өткендей халықтың кедергісіз әрі қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға, озық қала конепиясын жүзеге асыруға негізделген. Мәселен бір мағлұмат алу үшін әкімдіктен бастап бірқатар мекеме табалдырығын тоздыру өткен күн еншісінде қалмақ, Бүгінгі таңда Ақтау үшін “Смарт Сити” жобасы жасақталуда. Жобаның мобильді қосымшасы смартфондар үшін қолжетімді. Қала бойынша барлық мәліметтер сол жүйеде жинақталған. Қоғамдық көліктің жол жүру бағытынан бастап, электронды билет алу, электронды мемлекеттік қызмет көрсету жүйесі, яғни кез келген тұрғын үшін қажет барлық қызмет “Смарт Сити” кешенді жобаның ішіне кіреді. Жалпы бұл бұқара мен билік қарым-қатынасын нығайтуға, үкіметке деген халықтың сенімін қалыптастыруға, тиісті өкілетті органдардың халықтың мұң-мұқтажына тіл қатуын оңтайландыруға арналған озық кешенді жоба. Бүгінгі таңда қоғамда келеңсіз оқиға орын алса әлеуметтік желілерге салады. Бірақ тиісті мекемелер біршама уақыт өтіп барып, кері байланыс орнатады. Жаңа жоба аясында жағдайды ушықтырмай, кез келген хабарламаны жауапты органға тікелей жолдау мүмкіндігіне ие боласыз. - Жаңа жобалар жөнінде мағлұмат беріп кетсеңіз? - «Смарт Актау» жобасы аясында «109» телефон жүйесі іске қосылады. Күтпеген жағдайда кез келген тұрғын оқыс коммуналдық жайтқа тап болса, мәселен жеделсатыда қалып қойса, үйдегі су құбыры жарылса, электр қуаты ажыраса осы нөмірге хабарласады. Қоңырауға тіл қатқан оператор дереу көмек санатына қарай тиісті мекемелермен байланыс орнатып, толық ақпарат жолдайды. Сонымен қоса, таяу болашақта «112» жобасы жүзеге асырылады. Бұл шетелдік «911» қызметінің отандық аналогы болмақ. Төтенше жағдай орын алса дереу осы нөмірге хабарласып, өрт сөндіру, жол полициясы, жедел жәрдем, құтқарушылар қызметіне тікелей шығу мүмкіндігіне ие боламыз. Ортақ оператор арқылы ең қажет көмек өте қысқа мерзім аралығында қолжетімді болмақ. Сонымен қоса қазіргі таңда елімізде «Геопортал» жобасы жүзеге асырылуда. Ендігі ретте азаматтар үшін жер телімдерін алу үрдісі оңтайландырылады. Карта арқылы жер телімін таңдау, инфрақұрылымдық жай-күйі туралы толық мәлімет алу, құжаттамаларды дайындау, тапсыру онлайн режімде жүзеге асады. Бұл елімізде белең алған көлеңкелі экономика үлесін азайтуға және оның алдын алуға септігін тигізбек. Мәселен тұрғын үй ретінде тіркелген ғимарат өзге мақсатта пайдаланылуы, дегенмен мемлекет қазынасына ешқандай салық түсірмеуі мүмкін. Ал «Гепортал» жобасы арқылы көлеңкелі бизнес толықтай жарыққа шығарылады. Егер жоба ойдағыдай іске асса мамандар болжамы бойынша 1 млрд. теңге көлемінде салық мөлшері қазына қоржынына түседі екен. Цифрландыру үрдісінің айта берсек оң нәтижелері өте көп. Жуырда теңіз жағалауында арнайы «ақылды» орындықтар орнатылды. Қала тұрғындары жайлы орындықта жарық шамын қосып, кітап оқуына мүмкін туды. - Цифрлы қоғамда өмір сүруге халықтың ой-санасы қаншалықты дайын? - Әрине, халықтың сандық өзгерістерді толық қабылдай білуі үшін біздің тараптан түсіндіру жұмыстары тыңғылықты жүргізілуі тиіс. Сандық технологиялардың пайдасы мен нәтижелерін өзі қолданып, көз жеткізуі тиіс. Жүз рет сөзбен сипаттаудан гөрі бір рет болса да өз пайдасына жаратса, оның бүгінгі қоғам үшін қажеттілігін ұғынары сөзсіз. - IT алпауыттардың көшіне ілесу үшін білікті мамандар қажет. Жалпы өңірде аталған салада мамандар тапшылығы байқала ма? - Осыдан екі үш жыл бұрын мамандар тапшылығы қатты сезілетін. Қазіргі жастардың көзқарас көкжиегі кең. Білімі ұшқыр. Сандық технологиялардың даму, жаңғыру қарқынына үлесу мүмкін емес. Жаңару үрдісі үздіксіз жүруде. Бір жыл бұрын оқыған дүнием бүгін жарамсыз күйге енеді. Сондықтан жас буын бойында терең ізденіс, табанды талпыныс сынды қасиет болуы қажет. Алдағы уақытта «Yessenov» университеті негізінде «École 42» мектебін ашу көзделіп отыр. Бұл инновациялық бағдарламалау мектебі ең алғаш әлемдік IT саласының алпауыттары түлеп ұшқан АҚШ-тың Кремний алқабында бой көтерген. Францияның Париж қаласында, ТМД бойынша Украина елінде бар. Егер Ақтау қаласында аталған жоба жүзеге асса, ақпараттық технологияларды бағдарламалау бойынша үздік мамандарды даярлайтын теңдессіз орталық іргесі қаланары сөзсіз. Ал мектеп түлектері еліміздің IT саласына зор қуат, тың серпін берері анық. Қазіргі таңда Украина, Белорусия елдері IT cалада көш бастап тұр. Бұған бір себеп, осы күнге дейін біз мұнай шикізатына сенім артып келдік. Енді экономиканың - Болашақ жастарға қандай ақыл-кеңес бересіңіз? - Мектеп қабырғасында жас талапкерлерге арналған кәсіби бағдар беру жұмыстары ұйымдастырылуы қажет. Сондай-ақ білім беру саласын жаңғырту, ақпаратық технологиялар, бағдарламалау саласына жас буынның қызығушылығын ояту қажет. Бүгінгі таңда орта мектептерде заман талабына сай STEM зертханалар жасақталуда. Бұл зертханалар төрт бағытта жұмыс істейді. Инженерлік, бағдарламалау, робототехника және 3Д модельдеу бойынша оқушылар академиялық білімін тәжірибе жүзінде іске асырады. Сондай-ақ орта арнаулы оқу орындарында IT сыныптар соңғы үлгідегі сандық технологиялармен жабдықталған. Бұрын бала буыны қатып, белі бекісе садақ атып, атқа шауып үйрететін. Бүгінгі жаһандану үдерісінде сандық технология тілін жетік меңгеру – заман талабы. Сөз соңында «Білекке сенген заманда ешкімге дес бермедік, білімге сенген заманда қапы қалып жүрмелік» демекпін.
Сұхбаттасқан Голрох ЖЕМЕНЕЙ