Ақтау қаласындағы Бекет ата атындағы облыстық мешіт жанында жұмыс істеп тұрған «Қайырымдылық мекемесі» шағын медресенің орнын басып тұр дей аламыз. Мұнда жыл бойы оқитын шәкірттердің сабақ үлгерімдері жақсы. Мектептегі, колледждегі сабақтардан бөлек олар Құран тілін үйренеді, бойларына имани тәрбие сіңіреді. Араларынан Құран жаттаған қарилар да шығып жатыр. Ал жаз айларында демалысқа шыққан балалар осында лагерь ретінде келіп, шариғи білім алады. Биылғы маусым айының басында 7 жастан асқан балаларға есігін айқара ашқан мекемеде қазір ұлдардың екінші кезеңі басталды. - Бірінші кезеңдегі балалар арасында Құраннан және 40 парыздан жарыстар ұйымдастырылды, - дейді «Қайырымдылық мекемесінің» директоры Ерболат Режепов. - Жеңімпаздарымыз қасиетті Құран кітабымен марапатталды. Қазір келіп жатқан екінші кезеңдегі балаларды да осылайша оқытамыз, ал шәкірттеріміз алған білімдерін ортаға салатын болады. Келесі айда қыз балалар да екі кезеңге бөлініп келеді. Олар да Құран оқудан жарысады. Жыл он екі ай бойы есігі жабылмайтын осынау білім шаңырағында тәрбиеленіп жатқан ұл-қыздарымыздың ас-суы мен керек жарағын көтеруді облыс орталығындағы «Асар-С» базарының кәсіпкерлері мойнына алған. Сондай-ақ балалардың алаңсыз білім алуына тұрғындардың медресеге беретін садақасының да пайдасы мол. Құранға түсіп, мұсылманның 40 парызын, хадистер мен дұғалар жаттап, ата дініміздің негізінен нәр алатын балалар тәрбиелік мәні бар басқа да сабақтарға ықыласпен қатысады. Күнде екінді намазынан соң балалар ұстаздарымен бірге мешіт ауласында алуан түрлі ойындар ойнап, көңіл сергітеді. Мұнда көз майын тауыса телефонға телміруге немесе күнұзағына далада бейсауат қаңғып, алтын уақытын өлтіруге жол жоқ. Ғасырлар бойы халқымыздың тірегі, бағыт-бағдары, бір ізбен жүрген сара жолы болып келе жатқан Ислам дінін тек Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өсиет етіп қалдырған Құран Кәрім мен Алла Елшісінің сүннетін берік ұстана отырып насихаттағанда ғана еліміздің біртұтастығы мен ұйымшылдығы нығая түсері хақ. Ел тұтастығымен қатар діни білім беру арқылы ұрпақты Ислам атын жамылған жат ағымдардан сақтап қалуға болады десек, осынау білім ордасының келешекке берері зор.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА