Облыс әкімінің орынбасары Руслан Сәкеев жылдағы дәстүр бойынша өңірдің дарынды оқушыларымен арнайы жайылған ақ дастархан басында кездесті. Шараға жаңалыққа жаны құштар, ізденімпаз, мақсаты айқын, еңбекқор 102 оқушыдан бөлек басқарма, аудандық, қалалық білім бөлімдерінің басшылары, ардагер ұстаздар, кәсіпкерлер қатысты. Сонымен қатар өлкемізге белгілі қаламгер, жазушы Әбіш Кекілбаевтың аяулы жары Клара Жұмабаева да кеште арнайы қонақ болып, дарынды оқушыларды жеткен жетістіктерімен құттықтап, ақ тілегін жолдады. Облыс әкімі Серікбай Трұмовтың арнайы сәлемдемесін ала келген Руслан Сәкеев жиналған оқушыларға құттықтау лебізін жеткізді. «Біз сіздер секілді топ жарып шыққан дарындылармен кездескенімізге қуаныштымыз. Біздің болашағымыз – сіздер. Алдағы уақытта елге келіп қызмет ететін жас мамансыздар. Жаңа идея – жастардан. Сондықтан сіздердің әрбір айтқан тың жобаларыңыз өңірді дамытуға ауадай қажет. Келешекте өз туған жерлеріңізге келіп, сапалы қызмет етеді деген сенімдеміз. Жұлдыздарыңыз жана берсін! Биіктерден көріне беріңіздер!» – деді Р.Сәкеев. Бас қосуға келген оқушылардың әрқайсысы өзіндік ерекшелікке ие. ҚР тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев «Жастар – еліміздің қазіргі әлемдегі бәсекеге қабілеттілігінің негізгі факторы. Қазақстанның болашағы сіздерге, сіздердің білімдеріңізге, энергияларыңыз бен патриотизмдеріңізге байланысты» деген болатын. Міне, осы орайда ел дамуына өзіндік үлес қосқан оқушылардың табысқа жету тарихы әдетте құрғақ фактілер мен цифрлардың тасасында қалмай дәріптелуі қажет. Сол мақсатта шараға келген әрбір оқушының дарыны мен табысқа жету жолы таныстырылуы көзделген. Мұнайлы ауданы, Қызылтөбе лицейінің 10-сынып оқушысы Қонай Жетесовтің арманы – ғарышкер болу. Оның айтуынша, ол үнемі арманының жетегінде көктегі барлық жұлдыздарға қиялындағы әуе кемесімен саяхат жасапты. Міне, күндердің күнінде ол жер кіндігі Байқоңырда бала күнгі арманымен кездесіп, зымыранды көзбен көрді, қолмен ұстады. Қиялы шындыққа айналды. Сәуір айында Байқоңыр қаласында өткен «Ғылым әлемін ашамыз» ғарыштық зерттеулер бойынша халықаралық ғылыми жарыста жүлделі орынға ие болды. Ол болашаққа ойлы көзбен қарап, ғылым жолында үлкен жобаны қолға алыпты. Арманы асқақ, мақсаты айқын жас дарын болашақта көкке ұшатын зымырандардың тиімді қызмет еткенін қалайды. «Биылғы ғылыми жобада «Зымыран ұшыруда магнитті үдеткішті қолдану» тақырыбында жоба қорғап, республикалық, халықаралық деңгейде үлкен жетістікке жеттік. Командалық жұмысымыздың еңбегі ақталып, төрешілердің алдында жоғары бағаға ие болдық. Біздің қолға алған жобамыз – қазіргі таңда ең өзекті тақырып. Мәселен, ғалымдардың зерттеуі бойынша бүгінгі күні қолданыстағы зымырандар Марсқа 6 айда жететін болса, біздің ойлап тапқан зымыран қозғалтқышымен не бары 2-3 айда жетуге болады. Сонымен қатар қазіргі зымырандарға дизель, газ қолданылатын болса, біздің жобамызда азотты қолдануға болады. Әрі арзан, әрі қолжетімді, әрі тиімді. Бұл жоба – менің бала күнгі арманымның жалғасы», – дейді Қ.Жетесов. Cалтанатты жиынға келген дарынды оқушылардың жалындаған жүздерінен өңірді жанжақты дамытуға деген құлшынысын анық аңғаруға болады. Тіпті облыстағы мал шаруашылығына да бейжай қарамайтындары да ортамыздан табылды. Солардың бірі – Назарбаев зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушылары Асқар Ғаламмадин мен Гүлназ Жұмахан. Олар болашақта шалғай жатқан өңірлердің мал шаруашылығына энергияның балама көздерін пайдалануды көздейді. Осылайша ауыл шаруашылығын дамытуды тиімді жүзеге асыруға өз үлестерін қоспақ. Одан бөлек Маңғыстау ауданы, Өтес орта мектебінің 11-сынып оқушысы Жансұлу Баймағанбетова маңғаз Маңғыстаудың мыңжылдық тарихына орай, сақ, сармат заманынан қалған болмысы бөлек Бәйті ғибадатханасын зерттеуде өзіндік үлес қосуды қолға алыпты. Қатарынан оза шапқан дарындылардың арасында өз бауырларын өрттен құтқарып, аман алып қалған батыр бала – Дархан Әмірхан да бар. Ол қайсарлығы үшін Айдын Айымбетовтің қолынан «Батыр бала» төсбелгісімен марапатталған. Дарханның арманы – тәртіп сақшысы болу. Өзі өнерден де құр емес. Абай, Шәкәрім әндерінің орындаушысы. Бүгінде ол – қазақстандық жас патриоттар академиясының құрама мүшесі. Осылайша салтанатты кездесуге қатысқан қаншама жас буынның дарыны мен талантына куә болып қайттық. Шара соңында оқушыларға облыс әкімі атынан кәсіпті игеріп, дамыту жолында мотивация беруші блогер Қуаныш Шоңбайдың «Екінші болма» кітабы мен 50 мың теңгелік сертификат табысталды.
Айгүл ОРЫНБАЕВА