©
Жуырда өңірлік коммуникация қызметі алаңында кәсіпкерлерді несиелендіру және қолдау мақсатында қолға алынған жобаларды жариялау бағытында брифинг өтті. Оған облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы Амангүл Бегиева, «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының Маңғыстау облыстық филиалы директоры Гүлжан Қалымбетова және «FORTE BANK» АҚ МО филиалы директоры Аббат Өрісбаев қатысты. ҚР Үкіметінің №820 қаулысына сәйкес «Басымдық берілген жобаларды несиелеу механизмі» аясында ҚР Ұлттық банкі екінші деңгейдегі банктерді қаржыландырған болатын. Сол қаржыландырудың есебінен екінші деңгейлі банктерден кәсіпкерлерді несиелендіру жобасына 600 млрд. теңге қарастырылған. Атап айтар болсақ, агроөндіріс кешенінде қайта өңдеуге 100 млрд. теңге, агроөндіріс кешенінде өндіруге 100 млрд.теңге, өңдеу және қызмет көрсетуге 400 млрд.теңге бөлінген. Сонымен қатар «Даму» қорының «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік қолдау мен дамыту бағдарламасы шеңберінде «Даму» қоры арқылы өңдеу, өндірістік және сервистік қызметтерді жүзеге асыруға бағытталған жобалар бойынша субсидиялау іске асады. Ал агроөнеркәсіп кешеніндегі өндірістік жобалар Ауыл шаруашылық министрлігі арқылы субсидияланады. Қаржыландырудың негізгі шарттары келесідей: несиенің сыйақы мөлшерлемесі 15 пайызға дейін, бір қарыз алушының максималды лимиті – шектеусіз, қатысушылар бағдарламада бекітілген тізім бойынша ғана сала таңдай алады. Қолдауға ие болған мекеме қаражатты алғаннан кейін жұмыс орнын өсіруге, 2 жыл ішінде табыс көлемін 10 пайызға ұлғайтуға міндетті. Субсидиялау инвестициялар бойынша 7 жыл, айналым қаражаттарын толықтыру бойынша 3 жыл мерзімге дейін жүргізіледі. Осы бағытты реттейтін заңнамаға механизмдерін жетілдіру бойынша көптеген өзгерістер енгізілген. Соның бірі – несиелерді кепілдендіру құралы. Егер несие алғысы келген кәсіпкердің кепілзаты жеткіліксіз болған жағдайда, «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік қолдау бағдарламасы аясында «Даму» қоры арқылы кәсіпкерге кепілзатын толықтыруға қосымша қаражат бөлінеді. Кепілдік мерзімі несие мерзімінен аспайды. Бастысы, кепілдік көлемі кәсіпкердің алғысы келген несие сомасының 50 пайызынан көп болмауы тиіс. 3–5 млрд. теңге аралығында несие алушыларға кепілдік көлемі 20 пайыз. Несиелеу бағдарламасына негізінен жеңіл өнеркәсіп, жиһаз өнеркәсібі, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі, сондай-ақ құрылыс материалдары өндірісі және туризм, білім саласы, көлік және логистика саласындағы қызмет түрлерін қамтитын жобалар мен барлық бизнес субъектілері қатыса алады. Жоба аталған салаларды дамыту мәселесіне қатысты, соның ішінде жүйелік деңгейдегі, орталық және жергілікті деңгейдегі бірқатар іс-шараларды қамтитын 9 тараудан тұрады. «Қарапайым заттар экономикасын» дамыту жөніндегі үкімет тапсырмасына сәйкес облыс әкімдігі мен «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы негізінде құрылған жобалық кеңседе тиісті іс-шаралар жоспары жасақталған. Жоба бойынша облыс аумағындағы кәсіпкерлерден 40-тан астам өтініш келіп түскен. - Бүгінгі таңда екінші деңгейдегі банктермен жалпы сомасы 3,0 млрд.теңге болатын 9 жоба, оның ішінде 2,46 млрд. теңгелік 7 жобаны «Даму» қоры мақұлдап отыр. Жалпы сомасы 2,20 млрд. теңге құрайтын 5 жобаны субсидиялау туралы келісімге қол қойылған. Сондай-ақ 20 млн. теңге сомасында несие бойынша 1 жоба, 10 млн. теңге немесе несиенің 50%-ына кепілдеме алған. Соның ішінде өңіріміздегі өңдеу өнеркәсібіндегі азотты минералды тыңайтқыштар өндіретін ірі кәсіпорын «ҚазАзот» АҚ да осы бағдарлама аясында несие алуға қол жеткізген. Аталған салаларда бизнестерін бастауға ниетті азаматтар толық ақпаратты «Атамекен» кәсіпкерлер палатасынан, «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорынан және екінші деңгейлі банктерден ала алады, – дейді «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының Маңғыстау облыстық филиал директоры Гүлжан Жолмұрзақызы. Айта кететін бір жайт, осы жобаның арқасында кәсіби спортшыларды дайындайтын спорт-сауықтыру кешені ашылатын болды. Кәсіпкердің құны 100 млн. теңге тұратын ұсынысын «FORTE BANK» мақұлдап, кешен 2020 жылдың мамыр айында ашылады деп жоспарланды. - Бұл дегеніміз – кәсіби спортшылар үшін таптырмас мүмкіндік. Өйткені олар жаттығу үшін шетел аспай, өз елімізде дайындалып, олимпиада ойындарына мейлінше қатыса алады. Мысалы, соңғы кезде ел аумағында қарқынды түрде дамып келе жатқан ережесіз жекпе-жек спортшылары Түркияға немесе Дағыстан елдеріне барып таулы аймақта жаттыққанды қалайды. Спортшылар ол жаққа табиғатына қызығып емес, кәсіби спортшыларды дайындауға арналған кешендердің көптігі үшін барады. Спорт кешендері қажетті барлық жағдаймен қамтамасыз етілуі арқылы ерекшеленеді. Жуырда спортшыларымыз игі істің жемісін өз жерімізде жаттығып жүріп көреді деген сенімдеміз, – деді «FORTE BANK» АҚ МО бойынша филиал директоры Аббат Жәңгірханұлы. Ал «Қарапайым заттар экономикасының» басқа жобалардан артықшылығына тоқталсақ. Біріншіден, кәсіпкер қандай сомада несие алам десе де шектеу жоқ. Екіншіден, несиенің 50 пайызын «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры субсидиялап, 5 млрд. теңгеге дейін несиеге кепіл бола алады. Мамандардың айтуынша, аталған жобаны құруда Қазақстанның ұтатын тұсы көп. Өйткені бізде өзімізден шығатын сапалы әрі арзан шикізат мол және елімізде жеткілікті энергия қоры бар. Сондай-ақ өзге елдермен салыстырғанда Қазақстанда қолайлы бағаға жұмыс күшін табудың да мүмкіндіктері мол. Күнделікті адам тұрмысына қажетті киім, жатын орындары, тамақ өнімдері өзімізде өндірілсе, мемлекет қорымен қатар халық үшін де пайдасы ұшан теңіз. «Қарапайым заттар экономикасына» қысқаша түсініктеме бере кетудегі мақсатымыз – осы жайттарды баяндау. Түптеп келгенде бұл ұлттық қауіпсіздік үшін өте маңызды, – деп қорытындылады брифингке қатысушы спикерлер.Мадияр ТӨЛЕУОВ