15 маусым күні сағат 10:10-да жедел жәрдем бригадасы Маңғыстау облыстық ауруханасының қабылдау бөліміне 5-шағынауданнан 1983 жылы туған науқасты жеткізген. Науқас басы ауыратынын және екі жамбасында жарақат бар екенін айтқан. Дәрігер қараған кезде оның жағдайы тұрақты, санасы айқын, сұрақтарға жауап беріп отырды. Екі жамбастың ішкі бетіне кесілген жарақат болған. Кезекші травматолог пен хирург жарақаттарға алғашқы хирургиялық ем-дом жасады. Содан кейін пациент талдамалар тапсыру үшін сары аймаққа жіберілді. Бұдан соң краниографиядан өті үшін санитаркамен бірге 6-қабатқа көтерілген науқас бөлімшеден қашып шығып, санитарка одан көз жазып қалады. Аурухана қызметкерлері емдеу мекемесінің ғимаратында пациентті қанша іздегенімен, оны таба алмаған соң 102 қызметіне хабарлайды. Ал түстен соң, сағат 14:00 шамасында осы аурухана ауласында әлгі науқас өлі күйінде табылған. Бұл жөнінде 102 қызметіне тағы да хабарланады. Қазіргі уақытта тергеу жұмыстарымен полицейлер айналысуда.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА