©
Бүгінгі таңда шекара асып, білім жетілдіремін дейтін азаматтардың қарасы қалың. Алайда шетелде білім алудың артықшылығымен қатар, кемшін тұстары бар екені айтпаса да түсінікті. Қазіргі таңда жастар арасында ислам елдеріне барып білімін жетілдіру, араб тілін үйрену мақсатында кетуге ниетті азаматтарымыз жеткілікті. Тиісінше күмәнді исламдық оқу орындарына баратын тұлғалардан күтілетін қауіптің де бар екені даусыз... Сондай «білім қуып» кеткен жастардың бірі ретінде өзімнің туысқан інім Роман Жуынбаевты айтуыма болады. Оның ең алғашқы шетелге сапары 2009 жылы САК-ке кетуімен басталған болатын. Р.Жуынбаевтың дінге деген қызығушылығының күрт артуы, ол мектеп бітірер тұста көрініс таба бастады. Алғашында, 26-шағын аудандағы облыстық Бекет ата мешітінде діни шараларын орындап, имамдармен жақсы қарымқатыныста болды. Содан соң салафиттік көзқарастағы топ өкілдерімен байланыс орната бастағаны жөнінде мәлім болды. Көп ұзамай, одан діннің сыртқы көріністеріне (сақал қою, қысқа балақ т.с.с) тән ерекшеліктер байқала бастады. ҚМДБ қарасты дін қызметкерлеріне күмәнмен қарап, шетелде уағыздаушылар Дильмурат Махаматов (жақында 8 жылға сотталды, терроризмді насихаттағаны үшін) және Назратулла Абдукадыровты (Тәжікстан азаматы, Саудия патшалығының құқық қорғау органдарымен ұсталған) өзіне жол көрсетер ұстазы ретінде көру үрдіске айналды. Бірнеше жылын араб елінде өткізгеннен кейін, Ақтауға оралып осында отбасын құрады. Тұрақты жұмыс жасамай діни ортасында, өзінше «шейх» болып араб тілінен сабақ өткізіп жеткілікті дәрежеге иелік ету әсерінен, діндес «бауырларынан» қаржылық тұрғыдан қарызға да, «мүсәпір» (қайыршы) ретінде сұрап қарызды қайтармайтыны да жасырын емес. Осыған дейін Р.Жуынбаевқа теолог мамандармен, құқық қорғау саласы өкілдерімен бірнеше рет профилактикалық, оңалту іс-шаралары өткізіліп тұрды. Сонымен бірге ата-анасының, өзіне қарасты алдынғы буын ағалары ретінде біздің тараптан да оның ұстанымына қатысты біраз түсініктемелер беріліп, дәстүрлі исламның негіздеріне қарай бейімдеуге тырысқанымызбен, еш нәтижесін бермеді. Салафиттік көзқарастағы тұлғалар арасында көшбасшылардың бірі ретінде танылып жүрген ініміз А.Ж. ақпан айында Мысырға жанұясымен бірге көшіп кетті дегенде таңғала қойған жан болмады. Себебі ол осыған дейін де шетелге кету ниетінің бар екенін білдіріп жүрген еді. Ондағы күн-көріс, тұрмыс деңгейінің төмендігін атаанасынан, ағайын-туыстар арқылы да біліп отырдым. Сонда жүргенде үш баласының бірдей ауруға шалдыққаны жөнінде естіп, біраз уайымдап қалғанымыз рас. Ал жуырда ғана үш перзентінің ең кішісі 2018 жылғы Юнус есімді ұлы ауыр дерттен қайтыс болғанын естідік. Балалардың жастай ауруға душар болуының бірден-бір себебі ретінде елде жүргенде міндетті медициналық көмектерден, әр түрлі мәндегі екпеден бас тартуынан ба деген ой келеді. Салафиттік соқыр сенімді бойына сіңірмей тұрғанға дейін сабырлы, үлкенге деген құрметі ерекше, жақындарына жанашыр бауырымыздың осы жолға түскеннен кейінгі мінез-құлқында да, әлеуметтік жағдайында да біршама өзгерістер болды. Менің келтіріп отырғаным бір жанұяның басындағы жағдай ғана. Қолыма қалам алып оқырманмен бөліскендегі мақсат – інімді тура жолдан тайды деп табалау емес, керісінше өзгелер осы нәрседен сабақ алса екен деген ниет. Тәуелсіз Қазақстанның жастары бәсекеге қабілетті, әлеуеті жоғары болуы маңызды. Ал оларға діндік тұрғыдан дұрыс жол көрсетіп, рухани құндылықтарды жоғалтпай, ата-бабамыз ұстанған дәстүрлі діннің ұстанымдарын мирас етіп қалдыру – біздің аға буын өкілдері үшін басты мақсат.Зухра ӘБДІЛ-САТТАР