©
Бүгінгі таңда АИТВ жұқпасымен күресу — аса қауіпті аурумен күресудің пәрменді шараларының бірі. Әлем ғалымдары бұл жұқпаға қарсы тиімді дәріні тез арада жасап шығару үшін қолдарынан келген мүмкіндіктерді жасап жатқаны белгілі. Алайда бұл орайда біршама жетістік бар болғанымен, ауруға қарсы нақты екпе табылған жоқ. Сол себепті АИТВ-ның алдын алу – инфекциядан сақтанудың ең тиімді және кепілдендірілген жолы, ал оның нәтижесі әр адамның мінез-құлқына байланысты. Маңғыстау облыстық ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталықтың эпидемиолог дәрігері Жазира Тулепованың айтуынша, АИТВ-ның алдын алудағы ең маңызды бағыттардың бірі — АИТВ жұқпасының тікелей берілу жолының алдын алу, яғни адамның иммун тапшылығы вирусын тасымалдаушы болып табылатын жүкті әйелдердің профилактикалық курстардан өтуі. Бұл терапия жатыр ішінде балаға жұқтыру қаупін мүмкіндігінше төмендетуге бағытталады. Табиғи босанудың орнына ішті жарып алу әдісі, жұқтырылған анадан туған нәрестені жасанды тамақтандыру –бұлардың барлығы АИТВ-ның алдын алу әдістері көрінеді. - Вирустың деңгейі қанда немесе әйелдің қынаптық секрецияларында неғұрлым жоғары болса, соғұрлым анадан балаға вирустың берілу қаупі жоғары болады, - дейді Жазира Борисқызы. - Егер анасында аурудың белгілері болса, онда жұқтыру қаупі жоғары. Анасының өмір сүру жағдайы, яғни, тамақтануы, дем алуы, дәрумендер қабылдауы өте маңызды факторлар болып табылады. Баланың дүниеге келетін уақыт аралығы неғұрлым қысқа болса, соғұрлым жұқтыру қаупі аз болады. Ал қабыну немесе ұрық айналасындағы қабықшаның уақытынан бұрын жарылуы жаңа туған нәрестеге АИТВ-ның берілу қаупін арттырады. Көптеген зерттеулер кесарь операциясы кезінде, әсіресе ол ұрық айналасындағы қабықшаның жарылғанына дейін жасалса, баланың АИТВ-ны жұқтыру қаупін төмендететінін көрсетті. Босану кезінде жаңа туған нәрестеге АИТВ инфекциясы жұғып кетпес үшін АИТВ-ның алдын алу жұмыстарын босану кезінде жүргізу керек. Босанып жатқан әйелге және кейін туған нәрестеге дәрі-дәрмектер тек қана жазбаша келісіммен тағайындалып салынады. Әйел босана бастағаннан-ақ алдын алу дәрі-дәрмектерін қабылдауы тиіс. Емізу арқылы инфекция жұқтыру қаупі арта түсетіндіктен АИТВ инфекциясы бар әйелдерге баланы емізуге рұқсат берілмейді. Омырау сүтін бөтелкеге құйып беруге де болмайды. Анасы емделіп жатқанына қарамастан, АИТВ инфекциясын жұқтырған әйелден туған сәбиге жұқтырудың алдын алу үшін дәрі-дәрмектер тағайындалады. Дәрі-дәрмектертерді алғашқы 72 сағат ішінде берудің маңызы зор. Сәбиге вирус жұқтырылған жағдайда вирус алғашқы 3 тәулікте қан айналымында болады, бірақ ДНК жасушасына енбейді. 72 сағаттан кейін қоздырғыш иесінің жасушаларына бекітілетіндіктен жұқтырудың алдын алу тиімсіз болып саналады. Мұндай балалар 18 айға дейін диспансерлік есепте болады. Осы мерзімде балада АИТВ белгілері жоқ болса, диспансерлік есептен шығарылады. Бүгінде өңіріміздегі емдеу сауықтыру мекемелерінде 5-ПӘК (психо әлеуметтік кеңес беру) кабинеттері бар. №2 Ақтау қалалық емханасында №201 ПӘК кабинеті екінші қабатта орналасқан. Онда жасырын және құпия түрінде еріктілерге АИТВ-ға кеңес беру және тестілеу жүргізіледі. Кеңес беру және тестілеу кез келген уақытта ақысыз өткізіледі. 2019 жылдың бес айы ішінде осы ПӘК кабинетінде 2165 адам қаралып, тестілеуден өтті. Эпидемиологиялық және клиникалық көрсетілімдерге сәйкес бес айда әйелдерге кеңес беру бөлімінен 1070 адам АИТВ-ға тестілеуден өтті. Терапиялық және хирургиялық бөлімдерден бес ай ішінде 1771 адам тестілеуден өтті. Жүкті әйелдер кабинет қызметін дұрыс пайдаланар болса, аурудың алдын алуына мол мүмкіндік болары анық.Валентина ҚОЗЫБАҚОВА