©
Ауыл - адамзаттың кең дүниенің есігін ашып, өмірге келген жері. Бізге дейін сан толқын ұрпақтың кіндігі, қаны мен маңдай тері тамған киелі мекені. Дүниедегі ең құдіретті Ана болса, ауыл да барлық халықтың анасы, тіршіліктің нәрі. «Гүлденсе ауыл, гүлденеміз бәріміз» дегендей, ауыл көркейсе халық өмірі жақсарады, әлеуметтік жағдайы көтеріледі деген сөз. Ауыл демекші, мұнайлы қалаға қарасты 3 ауыл бар. Солардың бірі - Қызылсай ауылының құрылғанына биыл 60 жыл. Сонау 1958-1959 жылдары пайда болып, қазіргі күні іргелі ауылға, белгілі елді мекенге айналған Қызылсайға алғашқы барлаушы-геологтар келіп, болашақ елді мекеннің іргесін қалағанына тарих куә, қала берді күні бүгінде арамызда бақуат өмір кешіп жүрген ардагер барлаушы ата-ағаларымыз да куә. Сол тарихи жылдардың елесін есіне ала сыр шертуге жалықпайтын ең алғашқы келіп қоныстанушылардың бүгінде жастары сексеннің сеңгіріне жеткен ақсақалдарымыз да көп емес. Мен пікірлескен Жақсылық Көңілімқосұлы осы ауылдың ақсақалдар алқасын ұзақ жылдар төрағасы қызметін атқарған. Жақсылық аға Маңғыстау облысы Маңғыстау ауданына қарасты Ақтөбе ауылында дүниеге келген. Орта мектептен соң, кәсіптік училищені бітіріп, мұнайшы мамандығын алды. 1962-1965 жылдары Кеңес Армиясы қатарында азаматтық борышын өтейді. Атырау ауыл шаруашылық техникумның сырттай бөліміне түскен. ҚР Мәдениет министрлігінің Алғыс хат марапатына ие болды. Туған өлке тарихына көбірек үңіліп, ойына түйгендерін аудандық «Жаңа өмір», облыстық «Маңғыстау», қалалық «Жаңаөзен» газеттеріне үзбей жариялап келеді. «Бабанама - баршаға» бәйгесіне үзбей қатысып, тарихы мен ру жіктеріне, сондай-ақ Маңғыстауды мекендеген батыр тайпаның ержүрек батыр-баһадүрлері мен Атымтай-Жомарттары, мыңды айдаған қайырымды байлары жайлы көптеген деректер жинақтап, 300-ге жуық мақала очерктерін шығарып тұрды. ҚР Журналистер одағының мүшесі. «Ұштаған - құтты мекенім» кітабын және «Қарашаңырақ Қызылсай» атты кітабы 2011 жылы «Нұрлы әлем» баспасынан шықты. 1998 жылдан бері Қызылсай ауылында тұрады. Қызылсай ауылының ақсақалдар алқасының төрағасы. 2011 жылдан бері ардагерлер кеңесінің төрағасы, Жаңаөзен қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі-хатшысы, ҚР Конституциясының 10 жылдық мерекелік медалімен, «Жаңаөзен қаласына 40 жыл» медалімен және ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Алғыс хатымен марапатталған. Жаңаөзен қаласы әкімінің, Қызылсай ауылы әкімінің Алғыс хаттарының иегері. Жұбайы Тоқаш апа екеуі 8 ұл-қыз тәрбиелеп, олардан тараған 30 немере, 10 шөбере сүйіп отырған ардақты ата мен әже. Өткен ғасырдың 60-шы жылдарында жергілікті халық Қызылсайды «Өзен-Талақ» деп атаған. Талақ деп аталуын маңғыстаулық ақсақалдар ауыл орналасқан ойлардың бірінде «қарынға жабысқан талақтай» бір әдемі төбемен байланыстырады. Қазіргі Қызылсай атауына келсек, сондағы сайдың бірінен өзендей қарғын ағады. Сол аққан лай судың түсіне қарай Қызылсай аталса керек. Өткен ғасырдың ортасында Қызылсайдың берекесі арта түсті. Бұл аймақта 1954 жылы барлау жұмыстары жүргізіліп, 1959 жылы жер қойнауында мұнайдың бары анықталды. Ал 1964 жылы алғаш мұнай фонтаны атқылады. Алғаш келген мұнайшылар жанұясы жертөлелерді мекендеп, ауылдың бірінші болып қазығын қаққан. Қызылсайдың 60 жылдық ғұмырында да тарихи сәттер, елеулі оқиғалар баршылық. Ауыл жыл сайын өсіп, өркендеп келеді. Халықтың саны - 6700, үй саны - 1700-ді құрайды. Қазіргі таңда ауыл толық газбен, электр жүйесімен, ауыз сумен қамтамасыз етілген. Ауылда бір орта мектеп, екі балабақша, бір мәдениет үйі, спорттық үйірмелер, ардагерлер үйі, бір дәріхана, шағын дүкендер бар. «Жағдайымыз шүкір жаман емес. Ауылымызға емхана салып берсе екен деген тілегіміз бар. Өйткені ескі аурухана ғимараты апатты жағдайда. Ал қазір «Шаңырақ» мәдениет үйінің бір шетінде емхана ретінде қолданып жүрміз. Сондықтан өз алдына үлкен заманауи талапқа сай емхана керек», - дейді ауыл тұрғындары. Қазір ауылда өндіріс орындары жоқ. Бірақ жергілікті тұрғындар оған қынжылып отырған жоқ. Бәрі де мал-құс өсіріп, бау-бақшаларымен айналысып, нәпақаларын табуда. Құр бекерге қол қусырып отыру деген жоқ. Осы орайда мал шаруашылығымен айналысатын азаматтарға су мәселесі қиындық туғызуда. Кешкі өрістен қайтатын түйе мен жылқыларды суаруға ауылда қазылған екі үлкен құдық бар, суы шығып тұр. Бірақ қазылған құдыққа электр желісі тартылмаған. 2017 жылы қыркүйек айында ауыл тұрғындарының, ақсақалдарының ұсынысымен сол кезеңде ауыл әкімі қызметінде болған Бақытжан Ізжановтың қолдауымен Маңғыстау облыстық мәслихаттың депутаты Асхат Сарыевке жазбаша түрде хат жолдайды. Хатта ауылда жаз мезгілінде судың тапшылығы, кестемен берілуі және мал шаруашылығын дамыту мақсатында ауылға құдық қазып беру сұралған. Асхат Мұратұлы көп кешіктірмей, 2017 жылы қазанда ауыл тұрғындарымен кездесіп, 2 құдық қазып беретінін айтады. Ал қарашада геолог барлаушы Аманкелді Мұстафаев пен А.Сарыев келіп, қазылатын 2 құдықтың орнын белгілеп береді. 2018 жылы ақпанда «Бұрғылау» ЖШС-ның «Бұрғылау» станогы орнатылып, ауылдың Шығыс бағытынан тереңдігі 30 метр және ауылдың солтүстік бағытынан тереңдігі 70 метр құдық қазылып беріледі. Құдық қазылғанымен іске қосылмай тұр. Іске қосылу үшін электр желісін қосу керек. Оған кететін шығын әзірше бюджетте қарастырылмаған. Егер құдық іске қосылса тәулігіне 7-9 куб су беріледі екен. «Құдықты қазу жұмыстарына атсалыстым. Біздегі шаруа қожалығында жүрген жігіттер өз қаржысынан құдықты іске қоса алмайды. Ендігі бар үмітіміз қызметтегі азаматтарда», - дейді Жақсылық аға. «Қарашада қара үй тұр, Қарайлай жүр артыңа» деген жырау сөздерін естен шығармай, әрбір жан ауылдың тұрмысы мен тіршілігі, мәдениеті мен мен ғылымы, хал-жағдайларының жақсаруына қолдарынан келгенше үлес қосуы керек. Мүмкін, Қызылсай ауылынан түлеп ұшқан кешегі бозбала жігіттер, бүгінгі қалталы кәсіпкерлер ауылдың 60 жылдығына арнап қазылып дайын тұрған құдықты іске қосып береді деген үміт те жоқ емес. Ауыл айбынының асқақ болуы - онда мекен ететін тұрғындардың, осы ауылдан өсіп-өнген перзенттердің туған түтініне деген сағынышы, ұлының ұлықты, қызының қылықты боп жақсы аттарының ел аузында аталуы. Ендеше, үміт үдесінен көрінер кезде аузы дуалы ақсақал Жақсылық ағаның ақ батасы алдағы жақсы істерге ақжолтай болғай!Гүлсім МҰРЫНОВА