Н.Ә.Назарбаев «Туған жер» бағдарламасында білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізуге, экологияны жақсартуға және елді мекендерді абаттандыруға баса мән бергені бәрімізге белгілі. 2018 жылды Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы қоғамда экологиялық сана мен мәдениетті қалыптастыруға жасөспірімдерді тарту арқылы бастаған болатын. 26 мамыр – қағаз қалдықтарын жинау күні акциясы Қарақия ауданының барлық мектептерінде ұйымдастырылды. Акция нәтижесінде жиналған қажетсіз қағаз қалдықтары екіжақты келісім негізінде орта бизнес субъектілеріне табысталып, қалдықтардың қайта кәдеге жаратылуына өз үлестерін қосты. Құрық ауылының №1 орта мектебі, №6 орта мектебі, Құрық орта мектеп-гимназиясы және №2 бастауыш, 9 бастауыш мектептерінен жиналған қағаз қалдықтары «Kaspiy Grupp» ЖШС жетекшісі Дамир Кезенбаевқа тапсырылды. Құрық мектептері бойынша жиналған қағаз қалдықтары 1 тонна 200 келіні құрады. Жетібай ауылының №3 орта мектебі, №4 орта мектебі, №8 мектептерінің және Мұнайшы ауылының №5 орта мектебі мен №7 орта мектебінің жинаған қағаз қалдықтары «Life Division Ltd» ЖШС-не Қалдыбай Ералиевке тапсырылды. Салмағы 2 тоннаны құрады. Бір тонна қалдық қағаздың қайта өңделуі 14 ағашты кесуден құтқарады. Азық-түлік материалымен ластанған, су төгілген немесе май тиген қағаздардан басқа қағаздардың барлығын қайта өңдеуге болады. Бұл ауа ластануының 90 пайызын, су ластануының 35 пайызын азайтады. Айырықша қалдық қағаздан өндіру барысында жұмсалған су мөлшері ағаштан өндірілгенге қарағанда 45 пайыз аз. Мектептерде өткізілген акцияға белсене қатысқан оқушылар мен мұғалімдер мектеп әкімшілігі тарапынан арнайы дипломдармен марапатталды. Құрық ауылының №1, 11 орта мектептері мен Құрық орта мектепгимназиясы 685 келі, ал Жетібай ауылының №8 орта мектебі 507 келі қағаз қалдықтарын жинаған. Акцияға қатысушылар қағаз қалдықтарын қоқыс жәшіктеріне емес, мекемелеріне тапсыру арқылы әрі ормандардың сақталуына, әрі экономикаға үлес қосамыз деген тұжырымға келді. Өскелең ұрпаққа қоршаған ортаны қорғауды, табиғатты аялауға үндейтін шара оқушылар мен ата-аналарға, сонымен қатар әрбір үлес қосқандар үшін маңызды шара болып отыр. Акцияға қатысқан барлық мектеп басшылары мен ұжымдарға алғыс айта отырып, осы акцияға барлық тұрғындарды қатысуға шақырамын.
Гүлзира ТУМАЕВА, Қарақия аудандық әдістемелік орталығының әдіскері