Сәуір айынан бастап көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға берілетін атаулы әлеуметтік көмектің сомасы 21 мың теңге болып өзгерді. Маңғыстауда оның мөлшері - 23 487 теңге. Облыста мұндай көмекті 5633 отбасы алды. Жыл соңына дейін 9000-ға жуық отбасыға беріледі. Бұл жөнінде облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік басқармасы басшысының орынбасары Қарашаш Нұрмамедова мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Сәуір айынан бастап атаулы әлеуметтік көмектің жаңа критерийлері енгізілді. Енді жаңартылған әлеуметтік көмекті алу үшін тұрғындар кезек күтіп, құжат жинап жүрмейді. Бар болғаны жеке басты куәландыратын құжаты болуы тиіс. «Елбасының тапсырмасы бойынша 1 сәуірден бастап мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек жаңа критерийлермен төленді. Бұрын атаулы әлеуметтік көмек күнкөріс деңгейінің 50 пайызына тағайындалатын еді. Енді аталмыш төлем отбасының жалпы табысы әрбір адамға бөлгенде күнкөріс деңгейінің 70 пайызына төленді. Демек әрбір отбасы мүшесі 23487 теңгеге жетпесе әлеуметтік көмекті алуға құқылы. Сонымен қатар ұсынылатын құжаттар тізбесі оңтайланды. Тек жеке куәлікпен ғана арнайы атаулы әлеуметтік көмекті алу үшін өтініш білдіреді. Бұған мүмкіндік беріп отырған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Е-халық» ақпараттық жүйесіндегі барлық мемлекеттік органдар мен бұйымдардың деректер қоры түгел интеграциялануы», - деді Маңғыстау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік басқармасы басшысының орынбасары Қарашаш Нұрмамедова. https://www.youtube.com/watch?v=mkp0k7vbWPA Жыл басынан бері облыста 5633 отбасы (32 225 адам) атаулы әлеуметтік көмек алды. Айтуынша, 2018 жылы облыс бойынша әлеуметтік көмекке 469 млн теңге бөлінсе, биыл мамыр айында 733 млн 600 мың теңге жұмсалған екен. Осылайша мұқтаж жандарға көмек көрсеткен. Ал Мұнайлы ауданында 1619 отбасы (8904 адам) тиісті көмекті алу үшін өтініш білдірген. «Мұнайлы ауданында 170 мыңға жуық адам тұрады. Оның 8904-і атаулы көмек алуға өтініш білдірген. Ал 103 адамға жәрдемақы беруден бас тартылды. Себебі жаңартылған критерийге сәйкес келмеген. Сонымен қатар өтініш білдіргендердің 1516 отбасы (8734 адамға) атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Соның ішінде 1264 отбасы (7663 адам) шартты ақшалай көмек, ал шартсыз ақшалай көмек бойынша 252 отбасы (1071 адам) болған», - деп айтты Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары Берік Біләлов. Сондай-ақ тұрғындар тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту орталығына немесе халыққа қызмет көрсету орталығына жүгіну арқылы өтініш білдіреді. Егер отбасы ауылдық жерде тұрса – кент, ауыл, ауылдық округтердің əкімдеріне жүгінетінін ескертті.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттер мен видеоны түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="80942,80940,80945"]