Форт-Шевченко қаласында қуғын-сүргін құрбандары туралы сөз қозғалса, Икембай Өтепбергеновтің есімі де қоса айтылады. Ол 1908 жылы Адай уезі Закаспий облысы Қаратөбе ауыл советінде өмірге келіпті. Түпқараған аудандық мәслихатының 10.08.2009 жылғы №21/138 және 11.09.2009 жылғы бірлескен шешімдеріне сәйкес бұл кісінің атына көше атауы берілген. 31 мамыр – қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай ұйымдастырылған аудандық шарада қоғам қайраткері туралы қызы Роза Өтепбергенова Икембайқызы естеліктер айтқан болатын. Сол естеліктерді оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік. 1920-22 жылдары әкеміз атамызбен бірге тұз өндірісінде арбакеш болған. Сол кездегі тұрмыстың төмендігі еңбекке ерте араласуға әкелген ғой. 1922-24 жылдары Форт-Александровскідегі бастауыш мектепте оқып, жаз кезінде жеке шаруашылығы бар шығыршы егіншілерге жалданып жұмыс істеген. 1924 жылы 16 жасында Орал қаласындағы 7 жылдық мектепте оқуын жалғастырып, оны бітіріп, ауыл шаруашылығы техникумын оқыған. 1927 жылы саяси ұйымдастырушы қатарына алынып, «Қызыл отау» деген ересектерді оқытатын мұғалім болып жұмысқа кіріседі. «Бетіңді ауылға бұр» деген ұранмен комсомол ұйымының ұйымдастыруымен киіз үйлер тігіліп, сонда ересектердің сауатын ашуға жұмыстар жүрген екен. 1930 жылдары халықтың сауаттылығы 2 пайыз да, сауатсыздығы 98 пайыз деген көрсеткіш көрсеткен екен. 1930 жылы Гурьев қаласында жоғары оқу орнына түсу үшін 6 айлық дайындық курсын бітіреді де, 1931-33 жылдар аралығында Алматы медицина институтында оқиды. Бірақ «кезік» ауруына ұшырап, елге оралады. 1934-35 жылдары Маңғыстау аудандық денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі, 1935-37 жылдары Маңғыстау аудандық партия комитеті хатшысының орынбасары қызметін атқарады. Айта берсе, үкімет қайда жұмсаса, сол жаққа бара берген екен. Бірақ осы кезеңдерде «Халық жауы» Маңғыстау ауданының бірінші хатшысы Дәрібай Хангереев деген кісіні қамауға алады да, сонымен жұмыс жасаған адамдарды да түрмеге тоғытқан екен. Ішінде менің әкем де бар. Оларға «Революцияға қарсы ұлттық ұйым мүшелері» деген айып таққан. «Бір түнде қара киім киген 5-6 кісілер келді де, әкелеріңді түрмеге алып кетті. Жағдайымыз өте нашарлап кетті. Екі балам аштықтан өлді, біздің өзіміз әупірімдеп күн көрдік» деп шешем айтып отыратын. Кінәні мойнына алдырту үшін түрме тергеушілері Гасанов, Муканов, Төлекбаев әкемізді әлсірегенше, цемент еденнің үстіне тұрғызып қойған, азаптап ұрған екен. Тағылған жаланы мойындамаса, өзін атып, отбасын түрмеде қамаймыз деп қорқытқан. Әкеміз тағылған айыпты мойындамай, жылдан аса уақыт түрмеде отырған. 1938 жылы 14 желтоқсанда 114 адамды «үштік» соттап, 10 жылға жер аударып, Орал қаласына айдалған. Орайы түсіп, 23 желтоқсанда ісі қайта қаралып, Гурьевтегі түрмеге қайта әкелінген. Түрмеде жатып, өзінің еш кінәсі жоқтығын дәлелдеп, 35 беттік папирус қағазына арыз жазып, туыстары арқылы Сталин мен Молотовқа жіберткізген. Сонда түрмеден хатты шығару оңай болмаған ғой. Кішкентай ғана шырпының қорабына сиятындай етіп бүктеген екен. Осы әрекеттері жүзеге асып, әкем 1939 жылдың соңына қарай түрмеден босапты. Зұлмат жылдарда НКВД әрекеттері шектен шыққан зорлық болса да, оның төзгісіне шыдаған, шындығын сақтаған, партиялық мансабын да жоғалтпаған екен. Әкемнің тапқырлығын, жұмысына адалдығын, ең бірінші еліне деген сүйіспеншілігін көруге болады. Себебі ол зобалаң кезде ешкімді сатып бермеді, ешкімге жала жаппады, өзіне тағылған айыпты да батылдығымен жеңе білді. Әкем туралы Әбіш Байбосынов өте жақсы естелік жазды. «Икембай ағай Аташтағы Микоян атындағы мектепте директор болып жұмыс жасағанда мен пионер вожатыйы едім. 5 жыл жұмыстас болдым. Сол кісіден партияға өтуге кепілдеме алдым, мұғалімдік қызметтің қырлары мен сырларын үйрендім. Имекең басшылық ете жүріп, ешкімге дауыс көтеріп сөйлемейтін. Мұғалімдердің күн көріс жағдайын жасайтын, оларды дүкенге тіркеп, тамағын алуға, балық тоңазыту комбинатынан отын, суын алып беруге көмектесетін. Жасымыз кіші болсақ та үйіне қонаққа шақырып, сыйлайтын. Аға үнемі білімін жетілдіріп, толықтырып, іздену үстінде жүретін. Туа бітті сабырлы қалпынан, биязы мінезінен айнымай, ойлы да нәрлі сезімдерімен, дәйекті пікірлерімен-ақ иландырып, сүттей ұйытып тастайтын қасиеттерімен тәнті ететін» - деген естелігінде. Әкемнің басқа да жақсылығын Шерубай деген кісінің жұбайынан өзім де естіп едім. Қаңға жақта тұратын ол ауылынан қапқа теріп әкеліп, Форттың басына тезек отынын сатады екен. Жол бойы жаяу келгендіктен, аяқ киімі жыртылған. «Аяқ киімім жыртылып қалды деп, – бірде Икембайға айтып едім, өз ақшасына жаңасын сатып әперді» дегені бар. Адамгершілікті алға қойып, тұрғындарға өз қалтасынан болса да көмектескен екен. Әкемнің еңбек кітапшасын қарап отырсам, 15 жерде жұмыс жасапты. Партия қайда жұмсаса, сонда барып қызмет еткен екен. Тапсырылған тапсырманы жақсы орындағаны үшін түрлі марапаттары, медальдары да сақтаулы. Ақталып шыққаннан кейін 1939 жылы Ақтөбе ауыл советінде «Жаңа жол» ауыл шаруашылығы артелін 66 үйден ұйымдастырған. Гурьев халыққа білім беру бөлімінің финанс-жоспарлау саласында, 1955 жылға дейін Форт-Шевченко халыққа білім беру жүйесінде жұмыс жасады. Бұл тұстағы халық игілігіне атқарған жұмысының нәтижесінде – көптеген елге белгілі ұстаздар тәрбиеленіп шықты. Оқушылары ұстаздық мамандығын таңдауына да септік етті деп ойлаймын. Негізі әкем медицина саласын таңдаған екен. Сөзімнің басында келтіргендей, Алматы медицина институтына оқуға барып, ауылға ауруына байланысты оралғанын айтқан болатынмын. Сол институтта Естөре Оразақовпен бірге оқыған екен. Бірге түскен суреттерін облыстық архивтен таптық, көптеген кітаптарға шықты. Егер осы саланы толық меңгергенде аты медицина саласында да ойып орын алар еді. Айтуға осы қазір қиын тіпті, Өмірден талай көрдің қиындықты. Қорлыққа да, зорлыққа төтеп бердің, Болғасын өзгелерден иің мықты. Басыңа талай төнді қара қауіп, Түрмеге де қамады, жала жауып. Дәрігер боп шығар едің Естөредей Артыңнан қалмай қойды-ау арандаушылық. Кішіге қамқор болып аяладың, Үлкенге көмегіңді аямадың. Тәрбиелеп өсірдің ұл-қызыңды, Жемісін беріп жатыр сая-бағың. Өмірден ерте кеткен аталарым, Жатқан жерің жайлы болсын бабаларым. Жұмақтың төрінде болып орыныңыз, Халқыңды желеп-жебеп жатқандайсың - деген өлең жолдарын әкеме арнап шығар- ғанмын. Сол бір зобалаң жылдарда жазықсыз жазаланып, өмірден ерте кеткен ата-бабаларымыздың рухына бас иіп, есімізде мәңгі сақтайық дегім келеді. Жас ұрпақ ондай зұлматты басынан өткермесе екен, немерелерімнің болашағы, ұрпағымның болашағы жақсы болса екен деп әрдайым тілеп жүремін.
Клара ҚАНСҰЛТАНОВА