Биыл Бейнеу гимназиясының іргесі қаланғанына 20 жыл толып отыр. 1998 жылы ашылған білім ордасы — сансыз дарынды шәкірттер түлеп ұшқан ерекше мектеп. Ұжымның өткен жылдар желісінде қол жеткізген жетістіктері қомақты. 2004 жылы облыста «Үздік білім мекемесі» атанып, 2005 жылы Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының ұжымдық мүшесі болып сайланды, 2009 жылы ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы бойынша республикадағы үздік 100 мектептің қатарына еніп, Білім және ғылым министрінің Алғыс хатымен марапатталды. 2016 жылдан бері гимназия облыс бойынша үздік 10 мектеп қатарында келеді. Талдап, тарқатып жаза берсек, жетістіктер сарқылмай жалғаса берері хақ. Облысымызда ауылдық жерде ең алғашқы гимназия мектебі біздің ауданымызда ашылғаны кеудемізге мақтаныш сезімін ұялатады. Дарынды шәкірттерге орда болатын оқу орнын ашу бойынша ұсыныс жасаған Өтес Шығанбаев болса, бұл ұсынысты қолдаған сол кездегі аудан әкімі Басшы Айжанақұлы. Дарынды оқушыларды іріктеп, таңдап алып, оларға тереңдетілген білім, жан-жақты тәрбие беретін білім ордасының алғашқы қадамдары жеңіл болған жоқ. Өзге орта мектептерден ерекше білім ошағының қаз тұрып, қалыптасуына 1998-2002 жылдар аралығында гимназия директоры болған Тұралхан Бердіханұлы ерен еңбек жасады. Тумысынан ұстаз болып жаралған азамат ерекше оқу орнының ерекше негізін шеберлікпен қалады. Одан кейінгі жылдарда осы білім ордасын басқарған азаматтар Жолдасқали Оразайұлы, Лиззат Тажиева, Таңат Амалбаев пен жас, алғыр маман Болат Досов талантты ұстаз, тамаша азамат Тұралхан Бердіханұлы бастаған өрнекті жолды жалғастырды десек, артық айтқан болмаймыз. Гимназияның 20 жылдық тарихына үңілсек, ең алдымен үздік ұстаздар жолы менмұндалап шыға келеді. Ең алғашқы директоры Тұрекең мен оның орынбасарлары Қатира Ақбай, Сайра Успановалардың ұшан-теңіз еңбектерінің өнегесі көзге шалынады. Мектеп басшыларының кадрларды жерлестігі, таныстығы үшін емес, білімі мен біліктілігін арнайы әділ сынақтан өткізіп, конкурс негізінде таңдап, қабылдауы негізі мықты білім ордасының қалыптасуының алғышарты болғаны анық. Шынайы ұстаздық қасиетке ие мұғалімдердің оқушыларға жетіспейтін оқу құралдары мен оқулықтарды ерінбей қолдан жасаған ерен еңбектері есімізге түседі. Олардың осындай талмас жігер, қажымас қайрат, шалқар шабытпен жұмыс жасағанын байқаймыз. Сөзіміз дәлелді болуы үшін үздік нәтижеге жеткен ұстаздарды атап айтайықшы. Олар – М.Бекібай, С.Аймағамбетова, А.Дүйсенғалиева, К.Бағытова, Ш.Мақсымбаева, А.Бекібаева, Қ.Жолдыбаева, А.Жамансары, С.Іскендірова, Ж.Дарменбаева, С.Бисенгалиева, М.Кубегенова, Ж.Бегелеков, Г.Тастайбекова, С.Бегжанова, М.Кубегенова, С.Сабытова, А.Қилыбаева, Ж.Жамансариева, С.Муканова, С.Жаңбырбаева, Ж.Мүсір, Қ.Суегенов, А.Закирова шәкірттерге терең білім беру бойынша педагогикалық ұжым ұстанымын қалыптастырушылар және одан әрі дамытушылар екені шындық. 20 жылдың ішінде еліміздің білім беру саласы заман талабына лайық түбегейлі жаңалануларға бет бұрды. Педагогикалық озық технологиялар өмірге келді. Аудан және облыс басшыларының, білім саласы басшыларының оң ықпалымен оқу-материалдық базасы нығайды. Соның нәтижесінде 17 оқу кабинеті замануи үлгіде жабдықталды, 15 интерактив тақта орнатылып, 7 оқушы 1 дербес компьютерден пайдалану мүмкіндігіне ие болды. Озық педтехнологияларға ие болған гимназияда алдыңғы буын ұстаздардың жылдар сынынан өтіп жинақталған мол тәжірибесін жаңа үрдіске ұштастырып қолданып, білім беру сапасын жаңа белеске көтеруге қадам тасталды. Бүгінгі таңда гимназияда мұғалімдердің шеберлігі жоғары шығармашылық орталығы қалыптасқаны белгілі. Ұстаздар ұжымы оқытудың жаңа технологиясын игеру арқылы шәкірттерді жан-жақты тәрбиелеп, терең білімге ие, бәсекеге қабілетті, ой-өрісі кең, жан дүниесі бай, жауапкершілігі жоғары, қоғамда өз орны бар, іскер де өнегелі жеке тұлға деңгейіндегі азамат етіп тәрбиелеуді басты міндет деп есептейді. Гимназиядағы 45 мұғалімнің 38-і жоғары білімді, 7-еуі арнаулы орта білімді. Олардың арасында 19 мұғалім — жоғары санатты, 13 — бірінші санатты. Біліктілігін арттыру бойынша курстардан өтіп жатқан мұғалімдер ізденімпаздық пен біліктілікті арттырудың алдыңғы қатарынан орын алуда. Гимназиядағы ғылыми-әдістемелік кеңес, пәндер кафедралары мен сынып бірлестіктері, жас мамандар мектебі, деңгейлік бағдарламалар бойынша біліктілікті арттыру курстарынан өткен мамандардың фокус топтары, мектеп тренері курсынан өткен мамандардың арнайы тобы мұғалімдердің кәсіби құзіреттілігін дамытуға оң ықпал тигізуде. Гимназия — дарынды шәкірттердің білім ордасы. Желдей зулап өткен 20 жылда мектепті 371 түлек бітірген болса, олардың арасында 18-і «Алтын белгі», 16-ы «Үздік аттестат» иегері болды. Терең білім, озық ой, қарым-қабілетімен ел экономикасының дамуына сүбелі үлес қосып, елге танымал болған түлектері аз емес. Биылғы оқу жылында гимназияда 400-ге жуық шәкірт білім алуда. Бұлардың көпшілігі — мектептегі «Жас қанат» ғылыми қоғамының мүшелері. Бұл қоғам ғылыми жоба, шығармашылық конкурстар, пәндер олимпиадасына дайындық, жалпы оқушылардың білімі мен ой-өрісін дамытуға арналған танымдық ойындар аясында жұмыс жасайды. Тілдерді үйрену бойынша бағдарламалар жүзеге асырылуда. Өткен оқу жылынан бастап 6-сынып оқушыларына биология пәнін үш тілде оқытудың алғашқы кезеңі басталды. 5-6 сыныптардан бастап оқушыларды көптілді үйренуге бағыттау болашақ түлектердің өркениетті әлемде өздерін танытуға жол ашатыны анық. Гимназияда оқушыларға білім беруді тәрбие беру ісімен үйлестіре жүргізу үрдісі қалыптасқан. Тәрбие саласында әлеуметтік, психологиялық қызметтер тұрақты жұмыс жасайды. «Жас ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымы, оқушылар комитеті өзге қоғамдық ұйымдармен қоян-қолтық байланыс орнатқан. Аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімі, құқық қорғау саласымен бірлесе отырып, түрлі іс-шаралар жүзеге асыруда. Тәуелсіз еліміздің болашағы — білімді, ой-өрісі кең жастардың еншісінде. Ендеше, гимназия ұжымы жас ұрпаққа заман талабына лайық білім мен тәрбие берудегі қоғам алдындағы абыройлы міндетін мүлтіксіз орындайтындығына үміт артамыз.
Ақгүл ЖАМАНСАРЫ, Бейнеу гимназиясы