ҚР Премьер-министрінің орынбасары Жеңіс Қасымбек және Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Нұрдәулет Қилыбай жұмыс сапарымен Тәжен кеден бекетіне келді. ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ж.Қасымбек «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында құрылысы жүріп жатқан ұзындығы 85 шақырымдық «Бейнеу-Ақжігіт-Өзбекстан шекарасы» асфальт жолының жұмыстарымен танысты. Жолдың құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан «Теміржол жөндеу» ЖШС мердігер компаниясының бас директоры Искандер Қарсыбеков жоба бойынша жүріп жатқан жұмыстармен таныстырды. - Қазіргі таңда жол құрылысына 304 адам мен 110 техника қызмет көрсетуде. Жалпы жолдың 65 шақырымы аяқталып, 20 шақырымында жөндеу жұмыстары жүргізілуде, - деп ақпарат берді И.Қарсыбеков. Жолдың құрылыс жұмыстарына қанық болған Ж.Қасымбек жасалып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді. Сапар барысында осы жолдың жобасына байланысты аудан әкімі Бейнеубек Әбілов: - Жол бойында тұтынушыларға арналған арнайы қызмет көрсету орындары бой көтеретін болады. Ол үшін инфрақұрылымдық, инженерлік жұмыстарын жүргізуіміз керек. Қаржыландыру мәселесі шешілсе, - деп өз өтінішін жеткізді. Аталмыш жол - аса маңызды көлік инфрақұрылымы. Ол Өзбекстан шекарасынан басталып, Бейнеу ауданы бойымен өтіп, Құрық портына жетеді. Бұл шет елдерге жүк тасымалдауды арттыруға мүмкіндік береді.
Өз тілшіміз