©
Қарақия ауданы әкімдігінің кіші мәжіліс залында ҚР Президентін сайлау бойынша аудандық сайлау комиссиясының мәжілісі өтті. Семинар мақсаты – сайлау заңдылықтарын тұрғындар арасында кеңінен насихаттау. Маңғыстау облыстық сайлау комиссиясының төрағасы А.Рзахановтың жетекшілігімен өткен бас қосуда Маңғыстау облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары И.Сағынбаев, аудан әкімі Қ.Беков, аудандық мәслихат хатшысы А.Мееров, аудандық сайлау комиссиясының мүшелері, учаскелік сайлау комиссияларының төрағалары, орынбасарлары мен хатшылары, ауыл әкімдері және бөлім басшылары қатысты. Алдымен А.Рзаханов жуырда өтетін Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы болатындығын, облысымыздың барлық сайлау комиссиясы сайлау өткізу кезеңінде белсенді дайындық шараларын жүргізіп, сонымен қатар сапар барысында аудандық сайлау мен учаскелік сайлау комиссияларының жұмысымен танысып, сұрақтарына жауап беретіндігі жөнінде айтып өтті. Бұдан соң күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Д.Атағараев 2019 жылғы 9 маусымда өтетін Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын әзірлеу мен өткізу бойынша аудандық сайлау комиссиясының атқарған жұмыстарының есебі туралы баяндап өтсе, келесі сөз кезегінде Маңғыстау облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары И.Сағынбаев Маңғыстау облысы бойынша сайлау науқанының барысы туралы жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды. ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі шаралар бойынша жиындағы «Пікір алмасу» мен «Сұрақ-жауап» сағаттарынан соң аудан әкімі Қыдырберді Әндірұлы, елімізде маусым айында өтетін ҚР Президентін сайлауға жергілікті тұрғындардың барынша қатысуын қамтамасыз етіп, сайлау барысында заңдылықтарды қатаң ұстауға барша қауымды белсене қатысуға шақырды.Майра ТӨЛЕУОВА