31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні ретінде Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен 1997 жылдан бастап атап өтіліп келеді. Былтыр азалы күн қарсаңында Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Парламент Сенатының отырысында сенатор Мұрат Бақтиярұлы депутаттық сауалын жария етіп, Үкімет деңгейінде қуғын-сүргіндердің қасіретіне және ашаршылық құрбандарына ресми құқықтық, саяси баға берілетін арнайы шешім шығарылуы, ашаршылықтың құрбаны болған отандастарымыздың біртұтас мемлекеттік реестрін жасау және ашаршылық мәселесіне қатысты ғылыми-зерттеу орталығын құру туралы талап қойған болатын. Ол өз сауалында ашаршылық мәселесіне қатысты ғылыми-зерттеу орталығын құру, Үкімет деңгейінде қуғын-сүргіндердің қасіретіне және ашаршылық құрбандарына ресми құқықтық, саяси баға берілетін арнайы шешім шығарылуы, зұлмат ашаршылықтың қайғы-қасіреті мен салдары әлі де болса кеңінен айтылып, барлық ақпарат құралдары мен арнайы кинофильмдер арқылы жас ұрпаққа терең жеткізу туралы ұсыныстарын жеткізген болатын. Сенатордың айтқанындай, кеңестік жүйенің осы бір ең ауыр қылмысы ұзақ жылдар бойы аса құпия сақталып, айтылмай, жазылмай келгені рас. Тек еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін, тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың пәрменімен ашаршылық және оның зардаптары жан-жақты зерттеліп, бұл нәубеттің қасіретін бүгінгі өскелең ұрпақтың терең білуіне, ұлтымыздың осы бір зобалаң кезеңді және оның құрбандарын үнемі есте ұстап отыруға мүмкіншілік жасалды. «Сол кездегі Қазақстанның халық шаруашылығы есептеу басқармасының орынбасары Н.Манкевич 1935 жылы 23 қыркүйекте Л.Мирзоянға жазған өте құпия хатында да осы деректерді келтіреді. Осы құпия хатта 1930–1933 жылдардағы аштықтан қырылғаны бар, аурудан қайтыс болғаны бар және үдере босып кетулерінің салдарынан ауыл халқының 3 миллион 559 мың адамға кеміп кеткенін баяндайды. 1933 жылы 9 наурызда Сталинге жазған хатында Тұрар Рысқұлов бір ғана Балқаш ауданын мекендеген 60 мың адамның 36 мыңы аштықтан қайтыс болғанын, 12 мың адам бас сауғалап босып кеткенін ашық айтып, ашына жазған болатын. Архив және жанама санақ деректеріне сүйенсек, үш жылға созылған ашаршылықтың кесірінен халқымыздың 2 миллион 200 мыңы аштықтан және соның зардабынан болған түрлі жұқпалы аурулардан қырылып қалса, 800 мыңға жуығы жан сауғалап, елден тысқары аймақтарға босып кетті. Қазір демограф мамандар қолдан жасалған осы ашаршылық болмаса, осы күндері біздің халқымыз 45 миллионға жетуі мүмкін екендігін дәлелдеп, айтып жүр. Сонымен бірге бұл зұлмат қазақ ұлтының өсімін кем дегенде 100 жылға кейін шегеріп тастаған да көрінеді. 1928 жылы Қазақстанда 40 миллионға жуық мал болса, 1933 жылдың ақпан айында 4 миллион ғана мал қалған екен. Малдан айырылған қазақ қырылмағанда қайтеді? Қолдан жасалған ашаршылық тек жыл сайын еске алумен ғана шектелетін науқандық шара емес. Ол – ел тарихындағы түйіні тарқатылмаған қара дақ. Ашаршылықты кей саясатшылар ұлтқа арнайы жасалған геноцид ретінде баға беруде»,–деп жазды белгілі журналист Әділбек Қаба. «Орталық Қазақстанның 10–12 қазақ ауданында халықтың едәуір бөлігі қазір де аштыққа ұшырауда. Алынған болжамды деректерге қарағанда, биылғы көктемде 10–15 мың адам аштан өлген, әсіресе 1931 жылы ерекше етек алған жаппай қонысынан ауу, басқа өлкелер мен республикаларға кету қазір де тоқталмай отыр. Көптеген қазақ аудандарында 1929 жылмен салыстырғанда халықтың жартысы да қалмаған. Өлкедегі шаруалар шаруашылықтарының жалпы саны 1931 жылғыдан қазір 23–25% кем. Арыпашыған қазақтар мен олардың панасыз балалары өнеркәсіп орындарының, Семей және Ақтөбе аудандарындағы совхоздардың, темір жол станцияларының төңірегінде сеңдей соғысады, ұрлықпен айналысуда, колхоз егініне түсіп, масақты көктей жұлуда. Аштық, ойдан-қырдан жиналған елдің есепсіз көбеюі, тазалықтың жоқтығы жұқпалы аурулардың (қара шешек, сүзек, қантышқақ және басқа) таралуына жол ашты»,– деп жазады осы тақырыпты терең зерттеген Тілеу Көлбаев. Қазақ халқының тарихында ешқашан ұмытылмайтын ашаршылық қасіретінен соңғы ресми деректер бойынша 2 миллион 200 мың адам аштан қырылды. Кейбір деректерден ашаршылық құрбандары, шын мәнінде, бұдан әлдеқайда көп болғанын байқауға болады. Ашаршылықтан есі кеткен халықтың арасында каннибализмнің жантүршігерлік оқиғалары орын алды. «1932 жылы командировкамен кентке (Қарқаралы маңындағы елді мекен) келгенімде басталды. Машинадан түстім, айналада тірі пенде көрінбейді. Ештеңе жоқ, ұзыннан салынған қора ғана тұр. Есігін ашсам өліктер жатыр. Үлкен қораның іші қатар-қатар жиналған мәйіттерге толы. Кейбір адамдардың көздері ашық жатыр, бірақ әне-міне өлетіні көрініп тұр. Айғай-шуды естіп сыртқа шықтым. Шаштары жалбырап, көздері қанталаған, қолдарында пышақтары бар әйелдер жүргізушіге тарпа бас салып, оны бауыздамаққа әрекеттенуде. Әуеге оқ аттым, олар тұра қашты. Жан-жағыма көз салсам, бір ошақта үлкен қазан отта қайнап тұр. Бірдеңе пісіп жатыр. Қақпағын ашсам, қайнап жатқан судың ішінен жас баланың бірде аяғы, бірде қолы, бірде өкшесі көрінеді. Міне, сол кезден бастап мен халық жауларының жауы болдым»,– деп жазылған болатын «Жалын» журналының, 1993 жылғы №7 санында жарияланған Мансур Ғатаулиннің естелігінде. 1930 жылдары Кеңес Одағының құрамында болған Қазақстанда 103 мың адам қуғынсүргінге ұшыраған және 25 мың адам ату жазасына кесілген. Нақ осы жылдары қазақстандық ғылым, мәдениет және саясат саласының зиялы қауым өкілдері атылған. Жалпы 1930–1953 жылдары аралығында 40 миллионнан астам кеңес азаматтары репрессияға ұшыраған. Осы кезеңде қазақтардың 40 пайызы қаза тапқан. Ал Қазақстан аумағында орналасқан лагерьлерге корейлер, поляктар, Еділ немістері, Қырым татарлары, Кавказ халықтары және басқа да ұлт өкілдері қоныс аударылып келген. Зұлмат қазақ жерін тұтастай шарпып, миллиондаған жазықсыз жандардың жапа шегуіне алып келгенін білеміз. Сол қазақ жерінің бір пұшпағы Маңғыстау өлкесі де бұл қасіреттен шет қалған жоқ. Бүгінгі ұрпақ үшін сол зобалаңды көзімен көріп, қиыншылықты басынан өткерген куәгерлер естелігі құнды. «Төңкеріс тудырған сұрапыл жылдар Маңғыстау өңірінде 1927-28 жылдардағы алапат жұтқа жалғасты. Халық қатты күйзеліп, аштыққа ұшырады. Оған қоса үкімет тарапынан жүргізілген қыңыр саясат пен асыра сілтеу салдарынан 1929 жылдан бастап ел іші жаппай қуғын-сүргінге тап болды, әсіресе ауыл тұрғындары көп ауыртпалық көрді. Голощекин сияқты сатқын бастаған республикада қысымшылық одан әрі өрістеді. «1929–1931 жылдардағы дүрбелең негізінен Бозашы түбегі аймағында көп орын алған болса, 1932-33 жылдардағы аштықтан болған шұбырындылық бүкіл Маңғыстау аймағын қамтыды». Өйткені елге жаппай күйзеліс әкелген колхоздастыру әрекеті аймақта түгел жасалған болатын», – деп жазды ұзақ жылдар аудан (облыс) көлемінде партия-кеңестік басшылық қызметтер атқарған Нәдір Нұрғалиев. Нәдір Нұрғалиевтің дүрбелең деп отырғаны – 1931 жылы маусым айында Долгийде 40–50 адам бас көтеріп, кейін қатары көбейген көтерілісшілердің Үкіметке қарсы шығып, бірнеше жүздеген қарулы қолға айналауы. Бұл оқиға тарихқа «Адай көтерілісі» деген атпен енді. «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген зұлымдық саясаттың негізінде елді күшпен колхозға ұйымдастыру науқаны жүргізіліп, шаруалардың қолдарындағы малдары түгел тартып алынды. Бұған наразы болған ауыл тұрғындары 1930 жылдан бастап қозғалып, 1931 жылы ашық көтеріліске шықты. Көтеріліс әскери қарулы күшпен басылды. Марқұм, елге белгілі шежіре ақсақал Бисембі Әріпов Адай көтерілісі туралы: «1931 жылы Қаратүлейдегі Қызыластау құдығының терістік жағында, ұрыс даласында қызыл отряд оғынан Смайл, Мамай бастаған 17 ер оққа ұшып, қаза тапты» деп жазды. Көтеріліске қатысқандар әрекеті қызыл әскердің қарулы күшімен жаншылып, 200-дей кісі Үстіртте болған айқаста қолға түсіп, Гурьев түрмесіне жаяу айдалды. Қашып құтылғандары түрікмен жеріне асып аман қалды. Малдан айырылып, күйзелген шаруалардың Түрікмен, Қарақалпақ жеріне ығыспасқа амалы қалмап еді. Тіпті Иран, Ауған жерлеріне де өтіп кеткендері болды. Голощекиннің солақай саясатының қырсығынан 1932-33 жылдар республика бойынша жаппай аштыққа ұшыраған тұрғындардың тең жартысына жуығы, үш миллиондай адам қырылып қалды. «Елдің берекесін кетірген тағы бір зұлмат 1937-38 жылдардағы көптеген кінәсіз азаматтардың тұтқындалып, атып-асылуы болды. Мұнда да көптеген аналар жесір, балалар жетім қалып, қуғын-сүргінге, сенімсіздікке ұшырап жабығып жапа шекті. «Берсе қолынан, бермесе жолынан». Халық малы тартылып алынды. Халық көшіп келе жатқан жеріне күштеп қондырылды. Не суы, не нуы, не баспанасы жоқ шөлде мал түгілі адамдар қырыла бастады. 1930 жылы аштықтан 313 мыңнан астам адам өлді. 1931 жылы ондай өлім 755 мыңға жетті. 1932 жылы 769 мыңнан астам адам өлді немесе атақонысын тастап көшіп кетті. Аштық, індет және басқа жоқшылықтар салдарынан толық емес деректер бойынша 1млн. 750 мың қазақ немесе ауыл халқының 40 пайызы тікелей шығынға ұшырады… Тек 1930 жылғы қаңтардан 1931 жылғы маусым аралығында 280 мыңнан астам қожалық, 1 млн. 70 мыңдай адам көшіп кетті. (М.Қозыбаев, Қазақстан тарихы, «Атамұра» баспасы, А., 1993, 112-б.). «Жолдас Голощекин», «Жолдас Голюдов», «Жолдас Ерназаров» аталатын киіз үйлі қалашықтар қаңырап бос қалды. Қалада да, далада да алба-жұлба, аш-жалаңаш босқындар көбейіп кетті. Баяғы қоғамдастырылған 40 миллион мал жем-шөбі, су-суаны, күнделікті күтімі болмағандықтан жаппай ақ сүйекке ұшырап, 1932 жылдың аяғында оның 4 миллиондайы ғана қалды. Өзегі талған халық, сірә, «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген голощекиншілдік ұранды нақ осы тұста мәтелге айналдырса керек. Қазақ халқының басына тарихтан этнос ретінде жойылып кету қатері төнгенде оның азамат ұлдары бас көтере бастады. 1932 жылы Қазақстанда жаппай ашаршылық басталып келе жатқанда Сталинге хат жазған Қазақ АСР Халком төрағасы Ораз Исаев болды»,–деп жазады тарих ғылымдарының докторы Тілеу Көлбаев. Елдегі ашаршылық пен халықтың күйзелісін нақты деректер келтіре отырып Сталинге хат жолдаған Ғ.Мүсірепов, М.Ғатауллин, М.Дәулетқалиев, Қ.Қуанышев, Е.Алтынбеков сияқты азаматтар ұзақ жылдар бойы қуғындалды. Сталиндік зұлмат лагерьлерінде көз жұмған репрессия құрбандарының арасында Т.Рысқұлов, Н.Төреқұлов, С.Сейфуллин, О.Жандосов, Н.Нұрмақов, С.Сәдуақасов, С.Қожанов, С.Меңдешев, Ә.Әйтиев сияқты партия, кеңес қызметкерлері, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, Ә.Бөкейxанов, М.Тынышпаев, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин, С.Асфендияров секілді қазақ зиялылары, ғылым және мәдениет қайраткерлері болды. Сол зорлық пен зомбылықтан көз жұмған аталарымыз бен аналарымыздың ерен еңбегін, ерлік күресін, қастерлі есімдерін ешқашан ұмытпаймыз. Ұлттық аза тұту күнінде олардың әрқайсысын жеке-жеке еске алсақ артық емес.
Үміт ЖӘЛЕКЕ