28-29 мамырда «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Алик Айдарбаев Маңғыстау облысындағы ҚМГ компаниялар тобының бірқатар өндірістік кәсіпорындарына барды. Бұл туралы «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ-на сілтеме жасап mangystaumedia.kz сайты хабарлайды. Жұмыс сапарының алғашқы күні Алик Айдарбаев «Өзенмұнайгаз» АҚ-ға қарасты Ұңғымаларға қызмет көрсету басқармасының инженерлік-техникалық персоналына арналған әкімшілік ғимарат құрылысының барысымен танысты. Бұрынғы 1972 жылы салынған ғимараттың тозығы жетіп, қазіргі заман талаптарына сәйкес келмейді. Нысанның құрылысы ӨМГ қызметкерлерінің еңбек ету жағдайларын жақсарту жөніндегі жоспардың бір бөлігі болып табылады. Бұдан кейін ұлттық компанияның басшысы көлемі 20000 м3 болатын ТБР-7 ағынды суды тұндыру резервуарының құрылыс алаңын көрді. Оның пайдалануға берілуі 2019 жылдың шілде айының соңына жоспарланған. Резервуар өндірістік процестің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді, оның ішінде ағынды суды дайындау сапасын жақсартады, тұндыру уақытын ұзартады және механикалық қоспалардың мөлшерін азайтады. Басқарма төрағасы «Қазақ газ өңдеу зауыты» ЖШС, сондай-ақ «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ға барып, өңірдегі ҚМГ тобындағы барлық еншілес және мұнай сервистері кәсіпорындарының басшыларымен жиналыс өткізді. «ҚазМұнайГаз» АҚ Басқарма төрағасы әлеуметтік тұрақтылық және өнеркәсіптік қауіпсіздік, еңбекті қорғау ережелерінің сақталуы мәселелеріне жете назар аударды. Еншілес компаниялардың барлық басшыларына осы бағыттағы жұмысты күшейтіп, ұжымдарда түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізуді тапсырды. «ҚМГ-да қауіпсіздік бойынша бірқатар ережелер, рәсімдер мен стандарттар әзірленді және енгізілді. Ауқымды жұмыс атқарылды, бірақ бұның барлығы жеткіліксіз. Біз қауіпсіздік құндылығы ұжымымыздың әрбір деңгейінде енгізіліп, ҚМГ нысандарында еңбек ететін әрбір адамның ажырамас бөлігі болып табылатын қауіпсіз еңбек ету мәдениетіне жету үшін бар ынтамызбен жұмыс жасауды жалғастыратын боламыз», – деді А.Айдарбаев. Екінші күні, 29 мамырда, басшылық бірден екі кәсіпорын – «Қаражанбасмұнай» АҚ мен «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ның өндірістік және әлеуметтік нысандарын аралап көрді. Қаражанбаскен орнында ҚМГ басшысы құны 21 млрд теңгеден асатын су тұщыту зауыт құрылысының жобасымен танысты. Аталған зауыт осы жылдың желтоқсан айында пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Ол кәсіпорынға жеке өндірістік қажеттіліктер үшін суды тұщыландыруға, тұтынып отырған Еділдің су көлемін өңірді дамытуға қосымша пайдалану үшін мүмкіндік беріледі. Бұдан кейін Алик Айдарбаев Қаламқас кен орнындағы №8237 апаттық ұңғыманы жою жөніндегі жұмыс барысын қадағалап, мұнай дайындау қондырғысының құрылысын, сондай-ақ жаңғырту және күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқан асханаларды аралады. Барлық нысандарда еңбек ұжымдарында кездесу өтіп, ол жиындарда А.Айдарбаев қызметкерлердің барлық ұсыныс-тілектерін мұқият тыңдап, толғандырған сұрақтарына жауап берді.