Сейтқазыдан балалары Ысмағұл 10 жаста, Сақыпжамал 7 жаста, Аюп 5 жаста қалады. Тастемір жары қызы Қалым шешеміз балаларын тұмсықтыға шоқыттырмай, қанаттыға қақтырмай тәрбиелеп өсіреді. Әке тәрбиесін көрген Ысмағұл отбасында өзінің үлкендігін сезініп болашаққа ұмтылыс жасайды, інісіне де тәлім-тәрбие беріп, адамгершілікке баулиды. Үйренсем екен, білсем екен деген талпыныс өмір үшін күрес жолында шыңдай түседі. Аюп та ағасының қолқанаты болып айтқанын екі етпей орындайтын пысықай болып өседі. Ағасының айтуымен хат тану, сауат ашу мектебінде оқып, білімге деген ынтасын, құштарлығын арттырады. Фортта патшалық заманда әзірбайжан халқының өкілдері жергілікті қазақтармен сауда-саттық т.б. шаруашылық кәсіп түрлерімен байланыс жасап, тұрақтап қалғандары болды. Жастайынан өмірге, еңбекке құлшынған Аюп Форттағы қызылбас деп жергілікті халықтар айтатын әзірбайжан жастарымен бірге ойнап, дос, жолдас болады, тілін үйренеді, Бакуге, Махашкалаға барып, сауда-саттықпен айналысады. Жылтырақ, асылтас, моншақ, бояу түрлерін әкеледі. Бірақ ол жұмыс ұнамайды. Ақыр соңында бір топ жолдастарымен Бакуден Горькийге мұнай, керосин таситын баржыға жалдамалы жұмысшы болып орналасады. Пролетариаттық өмір қиын да болса жан-жақты етіп шынықтырады. Орыс тіліне жетіледі. Теңіз заңын меңгереді. Осы жұмыста Саратовта жүргенде Әліби Жангелдин жөнінде хабар естиді. В.И.Лениннің тапсырмасымен Әліби Жангелдин деген қазақ комиссар Торғай майданына азық-түлік, қару-жарақ алып бара жатқан көрінеді. Отряд Маңғыстау арқылы қыр жолымен жүреді екен. Маңғыстаудан ат, түйе көлігін алады. Қыр жолын білетін, қарақшы бандалардан сақтық жолын білетін сенімді қолбасшылар да қажет дейді. Бұл хабардың анық-қанығын толық естіген Айекең Жангелдинді іздеп табады. Өзінің маңғыстаулық екенін айтып отрядқа алуын сұрайды. Әліби де бірқатар сынақ сұрақтар қойып, қажыр-қайраты толысқан, қазақша-орысша сайрап тұрған мығым денелі жас жігітті отрядқа алуға келісім береді. Аюп Фортта Ысмағұл деген ағасының бар екенін, оның да Совет өкіметіне ниеттес азамат екенін айтып, толық сенімге кіреді. Жангелдин отряды Каспий теңізі арқылы Фортқа жақын келіп, қала ақтардың қолында болуы себепті Көбеевпен рация арқылы байланыс жасайды. Фортқа кіруге мүмкіндік болмай отряд теңіздің солтүстік жағалауы Бұрыншықтан шығады. Жангелдинді жергілікті халық қошеметпен жылы қарсы алады. Лениннің тапсырмасы жан-жақты түсіндіріледі. Жергілікті халық жаңа өкіметтің жарлы-жақыбай, кедей-кепшіктің өкіметі болатынына толық сеніп, бірауыздан қоштады. Елден ұзақ жолға жарамды ат-көлік те, жолшыбай тонаушы қарақшыдан аман сақтап қорғай алатын жол табушы да, сондай-ақ шөлге ұрындырмай құдығы бар жерлермен жүруге бастай алушы да табылған. Айекең Маңғыстауға келгесін Әлібиге арғымақ ат сыйлағанын, сол атты өзі мінетін арба жетегіне байлап, өзі сүйіп айтатын «Қараторғай» әніне шын беріліп шырқайтын еді деп еске алатын. Жангелдин отряды Маңғыстаудан бар қажетті заттарын түгендеп алып, аман-есен Торғай майданының жауынгерлеріне азық-түлік, қару-жарақты толық тапсырады. Осы қару-жарақтың нәтижесінде майдан жауынгерлері жеңіске жетеді. Әліби Жангелдин Торғайдан Сыдиық Жұбаев, Аюп Сейтқазиев, тағы екі адамды ертіп келген ізімен Маңғыстау арқылы кейін қайтады. Маңғыстаудан қайық жалдап Астрахань арқылы Мәскеуге барады. Айекең атты әскер парадына қатысады. Парадтан кейін Буденныйдың, кейін Ворошиловтың қабылдауында болады. 1921 жылы Форттағы әскери комиссариаттың қарамағына жіберіледі. Азамат соғысының батырлығына ұсынылған жақсылық хабар аяқсыз ұмыт болады. Ол ағасының ақыл-кеңесімен Форттағы екі кластық училищені бітіреді. Форттан орталықтың Ойыл ауданына көшірілуімен 1928 жылы Ойылға милиция бастығы болып барады. Осы жауапты жұмыста жүргенде Тоқабай Құрмаштың және банды Құныскерейдің қорғаушы жақтаушысы болды деген жаламен жұмыстан босатылып, қамауға алынады. Аюп аға Ойылда қараңғы үйде қамалғанда бір баласы кенеттен қайтыс болады. Осы жағдайларға Адай Табынай Нұрғали деген азамат жанашырлығын өлеңмен білдіреді. Есімде қалғанын жазып отырмын: Қолыма қағаз алдым жазайын деп Сөйлесем шығушы еді тілім демеп. Көрсетіп достығымды өлеңменен Қағазға атың салдым Аюпжан деп. Нұрғали ағаңыздан сізге бейбіт, Аман-сау жатырмысың інім Аюп. Қара ақыл ақ көңілмен ойлағанда Кеткендей ісің жоқ еді жолда тайып. Бір Алла беріп еді басымызға Өлмесек не көрмеспіз жасымызда. «Аққа құдай жақ» деген заң қызметінен шеттетілген жаламен еркіндікке босатылады. Еліне де соқпастан Түрікменстанға кетеді. Красноводск қаласына қарасты Жебел деген стансыда азық-түлік дүкеншісі, жаңадан зерттеліп, барлау жүргізіліп жатқан Небиттауда қойма меңгерушісі, кейін Красноводск-Ашхабад арасында жүретін пойызда ресторан меңгерушісі болып абыройлы қызмет атқарады. Осы салада жүріп Германияның саясатын ойға түйген Айекең соғыс болып кетсе жанұялар екі жақта қалмасын деген шешімге келіп, Фортқа тез көшуді қолға алады. Алдымен Красноводск (Шағадам) қаласының Ақмола қауымында жатқан Ысмағұл ағасына садақа беріп, дос-жарандар мен көрші-көлемдермен жылы жүздесіп, қоштасу рәсімі жасалады. Ұлы Отан соғысы алдында Красноводск, Баку, Дағыстан, Форт-Шевченко қалалары арасына Айтақов атындағы Түрікменстанның, Багиров атындағы Әзірбайжанның жолаушыларға арналған теңіз кемесі белгілі күнмен қатынайтын. Теңіз жолы тиімді болғандықтан біздің отбасымыз сол кемеге билет алады. Жолға дайындық кезінде мен бұрын көрмеген үй жанында боталы маядан басқа екі түйе, бір ат пайда болды. Әсіресе аттың түрі, сұлулығы, көзі, құлағы қызығушылығымды туғызды. Қасына барсам үрікпейді, мінез көрсетпейді. Шай үстінен нан, тәттіні апарып берсем, қолымды иіскелеп, ернімен алақанымды жыбырлатып, бергенімді жейді. Осы құмарлығым көкем мен мамамды көндіріп, мені ат көлікпен қыр жолымен жүруге ынталандырады. Ағасын өте жақсы көріп сыйлайтын інісі – көкем, қайнағасын пір тұтатын келіні Қораз мама менің өтінішіме қарсы болмады. Сөйтіп, мен туған Маңғыстауыма қыр жолымен атыма мініп жүретін болдым. Маңғыстау-Түрікменстан аралығы ойлы-қырлы кең дала жусандық, Каспий теңізінің лебі сезіледі. Таза ашық ауа тынысыңды кеңейтеді. 13 күн көтеріңкі көңілмен туған қалам Кетікке (Фортқа) сағынышпен жеттік. Әкем – екінші інісі Қаюп үй-ішімен, Қалым шешеміз, Аюп мамасы, келіні Алтын, бала-шағаларымен құшақ жая қарсы алды. Теңіз жолымен кеткендер де мәз болып, қалай келгендерін айтып, қалай жеткендерімізді сұрап, арқа-жарқа болып жатыр. Ысмағұл, Аюп, Қаюп үш тумалардың үйі кең аула, тыныс кеңейіп, өз Отанымызда қауыштық. Көкем жастайынан сауда маманы, Маңғыстаудың Таушық ауданына қарасты теңіз жағалауында орналасқан Сартас жеріндегі үлкен қойманың меңгерушісі болды. Қуаныш ұзаққа созылмады, 1941-дің жазында соғыс басталды. Әскери шақырту алған көкем қойманы Қоблан деген азаматқа тапсырып, жетпестігінің жоқтығына акт документін алып, Форттағы әскери комиссариатқа ертең ертемен жүремін деп жатқанда сыртқы есік қағылып, сол ауыл тұрғыны Қобыландыны шақырады. - Аюп, қылмыскер қашып барады. Мен ауданға милицияға хабарлауға кетіп барамын. Сен ертең кетуіне кедергі жаса, – деп өтініш айтады. Ішке кірген Қобыландының өңі өзгерген. Сырттағы әңгімені бірден айтпайды, сабыр сақтап, астан соң Айекеңе оңаша айтады. Шақырған адамның кім екенін, не айтқанын түгел айтады. Өзінің айтқанын тыңдамағанын да қынжыла хабарлайды. - Інім, еш қапаланба, еш қылмысым жоқ, ешқайда қашпаймын, кім келсе де күтіп аламын, – деген сенімді сөзімен Айекең тоқталады. Айтқандай ертемен милиция басшысы, фамилиясын ұмытпасам Құспанов болу керек, қасында милиция формасында екі адам бар, әй-шәй жоқ көкемнің қолына кісен салды. Үйді тіміскілеп, тінте бастады, едені жоқ үйді буын белге дейін қазып, көмілген зат бар сияқты, топырағы жұмсақ опырыла береді ғой деп өз ісін құптап қояды. Істеп жатқан жұмысына былаңдап кедергі жасап жатқан тапанша наганын да шешпестен біраз әуреге түсіп, діңкесі құрып, шаршады, қара суға түсіп терледі. Үйді тәркілеп, пайдаға асады-ау деген заттарды бөлек жерге шығара бастады. Маған қатты батқаны әкем Ысмағұлдың маған арнап жасатқан аттың ер-тұрманы бар болатын. Түрікменстаннан Фортқа арғымақ атқа мініп келгенде әбден көзім үйреніп пайдаланған. Кімге болса да көрікті көрінетін меншіктеген затым, құс басты ер сапалы былғарымен қапталған көрік беретін сүйек шегемен бекітілген, үстіне арнайы ықшам етіп тігілген былғары көпшік, ердің астына қазақша ұлттық ою-өрнегі бар былғары жона, ат үстіндегі адамның бойына қарай ұзартып, қысқартатын мықты қайыс баулы қос үзеңгі, терлік тоқым да, ат маңдайы танау үстіне, құлақ аралығына, жалына көрік беретін жүген, шылбыр, ерекше көз жауын алатын бұйым ер-тұрманымды да қапқа салып алады. Шыдай алмай тұра ұмтылып, бақырып жылап, қапқа жармастым. «Күштінің арты диірмен тартады» деген ғой, мені бұйым көрмей лақтырып жіберді. Бұл содырлы саясаттың сойқанынан жазықсыз жапа шегудің бір көрінісі болды. Сартас жеріне үш түйеге жүк артып көшіп барған біздер Фортқа бір түйеге майда-шүйде заттарымызды артып келдік. Көкем Айекең сол 1941 жылдың тамыз айында кеткеннен 1953 жылдың қыркүйек айында бір көзі жоқ, азып-тозып, құр сүлдерін сүйретіп келді. Мен үйде бір өзім қалғанмын. «Ау, Жәкеш, Жәкешім» дегенде тұра ұмтылып, құшағына кірдім. Көкем ұсталып кеткенде екінші класты бітірген оқушы едім, енді орта мектепті, институтты бітіріп, Фортта мектеп басшысы қызметіндемін. Көкем жоқта әйелі Қораз мамам, ұлы Марат, Ырым, Сырым деген егіз ұлдары, ақ мамасы Қалым шекем қайтыс болған-ды. Біріне де бір күрек топырақ сала алмады. Он үш жыл бойы қайда болды, не көрді, не істеді? Аузы сондай берік болды, ақиқатты айтпастан 1983 жылы сексен алты жасында өмірден озды. Сұраққа жауап бермей әңгімені басқа жаққа бұрып жіберетін. Айекеңнің 1911 жылы туған Қаюп есімді інісі болды. Фортта военкоматта істейтін. Ұлы Отан соғысы басталғанда Миронов деген жаңа басшы келді. Есерсоқтау болған-ау деймін әскерге шақырылған адамдардың денсаулығын қарап әскерге жарамды-жарамсыздығын дәрігерлер анықтап айтады ғой. Сондағы Миронов: «Менің бар мүшем сау. Ауру мүшені менің сау мүшеммен тез алмастырыңдар. Болмаса сіздерді де фронтқа лақтырамын» деп зекитін көрінеді. Кейін шын халық жауы болып сотталып кетіпті. Сондай басшыға тап болған Қаюп папамыз жүрегінің өте әлсіз соғатынын айтқан дәрігерлер шешіміне де қарамай 1941 жылы елді қорғауға аттанып, Қалмақ даласында ұрысқа кіреді, содан хабарсыз кетті. Бауырының қайғысы оған қатты батты. Өмірден кетер алдында маған аманатын айтқан. Ол әкесі Сейтқазының алты ағайынды болғанын, ағалы-інілі Жүзбатыр мен Мыңбатыр аталарының біріншісі Жүзбатырдан: Сейтқазы, Байқазы, Биқазы. Екіншісі Мыңбатырдан: Сұлтанқазы, Сәрсенқазы, Жанқазы тарағанын жеткізді. Сейтқазыдан басқа бес тумадан бір тұяқ ұрпақ жоқ. Олар Сыр бойы Тереңөзек жерін мекендеген. Аюдай арқыраған патша жендеттері, қалғанын Совет жандайшаптары қызылдың шолақ белсенділері құртқан болу керек. Мен Тереңөзек аудандық партия комитетіне, аудандық атқару комитетіне, ақсақалдар төрағасына тумаларым жөнінде хат та жаздым. Тек С.Ибраев деген тумадан бір хат алдым. «Тереңөзек ауданына қарасты 50 жылдық Қазақстан атындағы совхозда негізінен жаппастар тұрады. Жақында Сумұрындардың үлкен бір тойында сіздің бізге жазған хатыңызды оқыдым. Сонда Сумұрынның тәуір сөз білетін Абылай есімді жігіті: «Сумұрынның ішінде Бердіқожа деген атасының ішінде Байшағыр деген кісі өткен, соны анықтау керек» деді. Өтініш айтып мекен жайымызды бердім» деп Ибраев Самырат аға жазған хатын алдым. Күні бүгінге дейін өзге хабар болмады. Маңғыстау облысы 1941–45 ж.ж. Ұлы Отан соғысы жеңісінің 50 жылдығына арналып «Боздақтар» атты Отан қорғау жолында құрбан болған боздақтарға арнап 1995 жылы Алматыдағы баспадан ескерткіш кітап шығарды. Кітаптың 36-бетінде: «Байғазиев Сүлеймен, 1898 ж. Маңғыстау ауданының Қарашағыр ауыл советінде туған. Қазақ. 1942 жылы 9 қаңтарда Шевченко аудандық әскери комиссариатынан аттанған. Хабарсыз кетті» деп жазылған. Байғазиев Сүлеймен туралы білетін азаматтар болса осы мақала авторына хабарласуын өтінемін. Тұратын жерін хабарласа өзім барар едім. Қарашағыр а/с тұрған азаматтар бар болар. Естіген білгендерін айтуын сұраймын. Мен естімеген, көрмеген туыс болып тұр. Айекең дәм-тұзы, көрер жарығы таусылмай елге келгеннен кейін өзі сияқты кезінде қуғын-сүргін көрген таныс жолдас-жоралары келіп, тіпті қызылдардың жандайшап – жендеттерінің тірі жүргендерінің, әлі бар екендіктерін айтып, солар туралы мәселе қозғаудың қажеттігі жөніндегі кеңескендері де болды. Айекең жасының біразға келгенін, одан да бұрын оларды Алланың жазалауы көрініс беріп жатқанын алға тартты. Тұқымы құрығандары да бар. Байларды тәркілеу ісінде «шаш орнына бас алған белсенділер» сұрыпталды. Қызыл белсенділер сол кездегі байларға: - Тақырда тайың туласын Жамбасың сынып қирасын. Артыңда қалған бала-шағаң Тамақ таба алмай шуласын немесе: - Кигенің қап болсын, Тұқымың сап болсын. Кигенің кенеп болсын, Жегенің кебек болсын, – деп айқайлап, ел шетіне ала құйын ала келетін, қамшы үйіріп, ызы-қиқы ұран салатын. Олар: - Сындыр пешін, түтіні шықпасын, Сындыр терезесін, күпісін тықсын, – деп өзара ақыл-кеңес беретін дейді сол кезді көзімен көрген, ауыр да азапты күндерді басынан өткізген қарттар. Тағдыр тәлкегіне ұшырағандардың нақты есебі күні бүгінге дейін мәлім емес. Қуғын-сүргін құрбандарының қалған тұқымдары ескеріліп, жеңілдік жағдайлар жасала ма?..
Жәңгірхан ЫСМАҒҰЛҰЛЫ, зейнеткер ұстаз, тыл ардагері, Жаңаөзен қаласының құрметті азаматы