1 маусым - халықаралық балаларды қорғау мерекесінің қарсаңында алтын құрсақты аналар құрметке бөленді. Жаңаөзен қаласының әкімдігінде шаһар басшысы Әділбек Дауылбаев алты және одан да көп бала тәрбиелеп отырған батыр аналарға «Алтын» және «Күміс алқа» төсбелгілерін салтанатты түрде тапсырды. Жиында Ә.Құлынтайұлы алдымен қаланың әлеуметтік-экономикалық жағдайынан мәліметтер бере келіп, демографиялық өсімнің жоғары екенін алға тартты. Кешенді жоспарға өзгерістер енгізіліп, алдағы уақытта әсіресе, әлеуметтік мәселелердің шешілуіне басымдық беріліп отырғандығын қоса айтты. - Әйел адамның басты міндеті - өмірге сәби әкеліп, оны тәрбиелеу. Еліміз үшін халық санының артуы аса маңызды. Ендеше, алтын құрсақты аналар, бұл орайда, сіздердің еңбектеріңіз ерен! Балаларыңыздың қызығын көріңіздер. Марапат құтты болсын! - деген тілек білдіріп, ҚР Президентінің 2019 жылғы 4 мамырдағы №37 Жарлығымен көп балалы аналарды 2 «Алтын алқа» және 15 «Күміс алқа» төсбелгісімен наградтады. Марапат иелерінің көпшілігі жастар. Мысалы, ең жас «Күміс алқа» иесі Қарлығаш Ағысованың жасы 30-да болса, Мархабат Сағындықова небәрі 34 жасында 7 бала тәрбиелеп, алтыннан алқа тағынып отыр. Мархабат 17 жасында тағдырдың қалауымен тұрмыс құрған. Өзі үй шаруасында, отағасы қаладағы «Құнан-холдинг» ЖШС-де механик. Тұңғыш қызы 16-ға келсе, үйдің кенжесі 1,5 жаста. Келер жылы мектеп бітіретін үлкен қызы медицина қызметкері болуға дайындалып жүр екен. - Өзіміз отбасында 3 қызбыз. Қазір үшеуміз үш жақта, тұрмыстамыз. Әттең, бір ұл болғанда, көп болсақ деген арман әрдайым көкейімізде тұратын. Сол тілегіме қарай шығар, Алланың қалауымен көп балалы ана атандым. Тағдырыма ризамын. «Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» деген сөз бар ғой. Сол айтқандай, әр баланың өз несібесі болады. Шүкір, бәрі жақсы. Біріне-бірі қарайласып жетіліп жатыр, - дейді батыр ана. 3 ұл, 4 қыз өсіріп, тәрбиелеп отырған көп балалы отбасы әне-міне дегенше сегізінші сәбиін күтіп отыр. 9 жан болып екі бөлмеде тұрамыз деген Мархабат Сағындықова сөз соңында: «Әкімдік осы үйімізді кеңейтуге көмек қолын созса» деген тілегін білдірді.
Айжан НАСЫРОВА