Маңғыстау тұрғындары саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күнін атап өтті. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу митингісіне жиналған жұртшылық қауым азалы жиында жазықсыз жапа шеккен азаматтардың рухына тағзым етіп, бір минут үнсіздік жариялады. Облыс әкімі Ералы Тоғжанов бастаған топ ел басына күн туған сол бір зұлмат жылдары елдің тұтастығын сақтап, бірлігін нығайтуға күш салған көрнекті мемлекет қайраткері Жалау Мыңбаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. 1921-1954 жылдар аралығында Қазақстанда 103 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырап, 25 мыңнан астамы ату жазасына кесілді. Қатыгез саясаттың құрбанына айналған боздақтарды ұлықтаған жиында облыс әкімі Ералы Тоғжанов: - Қайырлы күн маңғыстаулықтар! Бабалаырымыз басынан өткізген ең қиын заманды бүкіл ел, халық біледі. Қайғы қасіретке толы заман миллиондаған аға-апаларымыздың өмірін қиған кезеңдер болды. Елбасының 1997 жылғы жарлығымен 31 мамыр күні саяси қуғын-сүргін ашаршылық құрбандарын еске алу күні болып жарияланғаны баршамызға белгілі. Сол құрбандардың ішінде Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, С.Сейфуллин, М.Жұмабев, Б.Майлин, М.Дулатов, Т.Рысқұлов сынды қазақ халқының интеллегенция өкілдері де бар. Сол кезеңде туған елінің еркіндігі үшін күрескен Жалау Мыңбаев, Тобанияз Әлниязұлы, Алшын Меңдалиев, Нұрсұлтан Оңалбаев, Зұлқаш Баймұрзаев сияқты тұлғалы азаматтарымыз үлкен режимнің құрбаны болды. Қазақ автономиясының орталық атқару комитетінің төрағасы болып қызмет атқарған, мемлекет қайраткері, жерлесіміз Жалау Мыңбаев еліміз үшін биік тұлға екені мәлім. Ол Т.Рысқұлов, С.Қожанов, Н.Төреқұловпен бірге ұлтты біріктіруді, мемлекеттің дәрежесін көтеруді мүдде еткен азамат. Елбасы Н. Назарбаев: «Тарихымыздың қасіретті беттері саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандары әрқашан біздің жадымызда және оны ұмытпау қасиетті борышымыз» деген болатын. Сондықтан бүгінгідей шаралар қазіргі ұрпақ үшін де, болашақ ұрпақ үшін де аса қажет. Еліміз Тәуелсіздігін алып, жас ұрпақтың болашағы жолында еңсесін көтерді. Біз бүгінгі өміріміз үшін тарихтың қай тұсында да елінің азаттығы, бірлігі, ынтымағы мен болашағы үшін күресіп, соның жолында жанын құрбан еткен қайсар бабаларымызға қарыздар екенімізді еш уақытта ұмытпауымыз керек, - деді өңір басшысы.
Зухра ӘБДІЛ-САТТАР Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="80494,80495,80496,80487,80488,80489,80490,80492,80491,80493"]