Қарақия ауданының орталығы Құрықта саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алуға арналған митинг ұйымдастырылды. Аталған митингіге аудан әкімінің орынбасары Ержан Күмісқалиев пен Маңғыстау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының бас инспекторы Элмира Тарғынқызы, саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарының ұрпақтары Руслан Абуевич, Джамбулат Султанов, Маргаритта Оттовна және мекеме басшылары, қызметкерлер, ауыл ақсақалдары мен студенттер қатысты. Алдымен Құрық мешітінің бас имамы Хамит Табарак зұлмат жылдарда жазықсыз құрбан болған жандардың әруағына арнап құран бағыштады. Одан кейін жиынға жиналған қауым опат болған есіл боздақтарға арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, оларды 1 минут үнсіздікпен еске алды. Тарихымыздағы қайғылы да қасіретті жылдарды еске алуға арналған шарада аудан әкімінің орынбасары Ержан Көпжасарұлы зобалаң дәуірдің зардаптары ел қабырғасын қайыстырып, тыныштығын ұрлаған сәттерді еске түсіріп, сол бір жылдардың тарихи деректерін атап өтті. Рухани шарада Элмира Өмірханова мен ұлтжанды тұлғалардың ұрпақтары жас өрендерге саяси қуғын-сүргін, аштық жылдарының тарихы мен зардабы туралы ащы шындықты әңгімелеп берді. Жазықсыз жапа шегіп, нақақтан нақақ құрбан болған азаматтардың өмірі, тентіреген ел-жұрттың талауға түскен тағдыры туралы айтып бергенде жиналғандардың көңіліне мұң, жанарына жас ұялады. Шара барысында айтыскер ақын Нұртай Қонайұлы саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына арнауын айтса, жастар жағы патриоттық әндерді төкті. ХХ ғасырдың отызыншы жылдарында сталиндік зобалаң қазақтың онмыңдаған боздақтарының өмірін солдырып, қуғын-сүргінге ұшыратып, халқына қалтықсыз адал қызмет етіп жүрген талайлардың өмірін жалмағаны тарихтан белгілі. Жазықсыз жапа шегіп, қуғын-сүргінге ұшыраған елдің біртуар азаматтарының есімдері тарихтың қасиетті парақтарында мәңгі сақталады.
Фариза ХАЙДАРОВА