©
Қазіргі таңда құрсақішілік ұрықта және нәрестелерде туа пайда болатын ақаулар жиі кездесіп, ақыры сәби шетінеуіне әкеліп отыр. Сондықтан болашақ ата-ана жүктілікті алдын-ала жоспарлап, дәрігерге тексеріліп,жүктілікке дайындалуы керек. Ал жүкті әйелдің құрсағындағы бала да ақау анықталған болса, ақаудың түрі бойынша өз дәрігерімен кеңесіп, жүктілікті әрі қарай болдыру-болдырмау мәселесін шешу керек, себебі көптеген туа болған даму ақаулары болашақта сәбидің туғаннан кейін бірден шетінеуіне, өмір сүруге қабілетінің төмендеуі мен мүгедектікке әкелетіні белгілі.Жаңа туған сәбиде жиі кездесетін даму ақаулары
Өңеш атрезиясы – өңештің жоғарғы бөлігі бітеу болып, ал төменгі бөлігі көп жағдайда трахеямен қатынасатын күрделі даму ақауы. Өңеш атрезиясы жиі басқа даму ақауларымен бірге болады: туа біткен жүрек, АІЖ, несеп, жыныс жүйесінің ақаулары және т.б. 5% жағдайда өңеш атрезиясын хромосомдық ауруларда кездестіреді. Өңеш атрезиясының жиілігі балалар популяциясының ішінде 1000-0.3% құрайды. Ер және әйел жыныстарының қатынасы – 1:1. Ақаудың дамуы эмбриогенездің ерте кезіндегі бұзылыстарымен байланысты. Ерте кезде трахея өңешпен кең байланысады. Олардың ажырауы құрсақ ішілік дамудың 4-5 аптасында болады. Трахея мен өңештің бағыты мен өсу жылдамдығының біртекті болмауында және өңешпен бірге ішек түтігінің басқа да құрылымдары өтетін вакуолизация үдерістерінің бұзылысында, өңеш атрезиясының дамуы мүмкін. Антенаталды диагностикада микрогастрия және судың көп болуы тән, 2-3 триместрдің басында УДЗ–де өңештің жоғарғы бітеу бөлігі көрінеді. Өңеш атрезиясының белгілері бала туғаннан кейін алғашқы сағаттарда анық байқалады. Өңештің жоғарғы бітеу бөлігі шырышқа толы, баланың аузы мен мұрын қуысынан көп көлемде көпіршікті бөліністер шығады. Шырыштың бір бөлігін жаңа туған нәресте аспирациялап, цианоз пайда болады. Мұрын жұтқыншақ құрамы сорылғаннан кейін цианоз қайта пайда болады. Аз уақыт ішінде өкпеде сырылдар пайда болып, ентігу күшейеді, бала салмақ қоспайды. Үнемі өкпесіне сілекей мен қақырық жиналуына байланысты мұндай ақаумен туған балалалар күрделі операцияны республикалық деңгейде қажет етіп, салмақ жетіспеушілігімен отаға алынбай, жасқа дейін аспирациялық пневмониямен жиі ауырып, шетінейді. Туа біткен диафрагмальды жарық - диафрагмада патологиялық немесе табиғи тесіктер, сонымен қатар жұқарған аумағының шермиюі арқылы кеуде қуысына құрсақ қуысы ағзалары ауысатын даму ақауы. Тірі туған балаларда 1:3000-4000 жиілікте кездеседі; жынысты қатынасы 1:1. Перинатальды УДЗ жүктіліктің 12-16-шы аптасында жарықты көрсете алады, осылайша іш қуысы мүшелері кеуде қуысының мүшелерін ығыстырып, олардың қысылуына, өкпе аталектазы мен қан айналым бұзылысына әкеліп, туғаннан кейін сәбидің алғашқы кундерінде шетінеуіне әкеледі. Операция бірден жасалғанымен, құрсақішінде қысылған ағзалардың жұмысы толықтай болмай, нәресте бұл жағдаймен күресе алмайды. Акрания – жүктіліктің ерте кезінде дамитын бас миының улкен жарты шары мен бас сүйектің негізінің болмауы. Кездесу жиілігі 1:10000 тірі туған нәрестеге. Бұл ақауда нәресте туғаннан кейін шетінейді немесе өлі туады. Сонымен қатар нәрестелердегі кездесетін ақауларға жүректің ақаулары (Фалло тетрадасы, қарыншааралық-жүрекшеаралық перденің мүкістігі, өкпе артериясы стенозы), бүйректің (бүйрек поликистозы, гидронефрозы), тірек-қимыл жүйесі ақаулары да (генетикалық аурулар) кездеседі. Кез-келген ақау құрсақішілік анықталса, тереңдете тексеріліп, білікті мамандармен кеңесіп, ақау анықтығы расында дәлелденсе, жүктіліктің барысын шешіп, болашақ ана мен бала үшін дұрыс шешім қабылдау – ең бірінші ата-ананың міндеті. Себебі дені сау ұрпақ - мемлекетіміздің басты қазынасы.Асухан МАРКАБАЕВА, балалар дәрігері