Зейнетақы тағайындаудағы соңғы өзгерістер қандай?
[ 2019 ] 21 мамыр, 05:31 | Қоғам
Халықты әлеуметтік қорғаудың маңызды бөлігі - зейнетақымен қамсыздандыру. Зейнетақы азаматтардың қартайған шағында дұрыс өмір сүруінің кепілдігі екендігі түсінікті. Бүгінгі таңда елімізде зейнет жасына жеткен азаматтарды әлеуметтік қорғаудың әлеуетін арттыру бағытында нәтижелі өзгерістер енгізіліп, реформалар табысты жүргізілуде.
Біз бүгінгі мақаламызда еліміздегі зейнетақы жүйесінде жүзеге асырылып жатқан ұнамды өзгерістер жайлы сөз етпекшіміз.
Базалық зейнетақы мөлшері көбейді
Мемлекетіміздің еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті саласындағы ең басты жаңалықтардың бірі – базалық зейнетақы мөлшерін өсіру мақсатында қайта есептеу үшін жүргізілген міндетті зейнетақы жарналарының аударылғаны туралы кәсіпорыннан растау анықтама ұсынуға қатысты толықтырулар күшіне енді. Бұл мәселе жайлы сөз қозғағанда көпшіліктің есіне сала кеткеніміз жөн, азаматтардың зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты базалық зейнетақы төлемін тағайындау тәртібі 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап өзгертілген болатын. Бүгінгі таңда қолданыстағы осы құжатқа сәйкес азаматтың зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі он жыл және одан аз болған немесе болмаған жағдайда базалық зейнетақы елдегі ең төмен күнкөріс деңгейінің 54 пайызы мөлшерінде белгіленді. Егер зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі он жылдан асып кеткен кезде, әрбір толық жыл үшін оның мөлшері 2 пайызға арттырыла отырып, базалық зейнетақы белгіленеді. Зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі айталық 33 жыл және одан да көп болса, базалық зейнетақы ең төмен күнкөріс деңгейінде белгіленеді.
Жүргізіліп жатқан өзгерістер құлағына шалынған бір қатар азаматтар «Зейнетақымыз сәл көбейеді деп тағы қарайған қағаз, құжат жинақтау жолында сабылып, шапқылайтын болдық па?» деуі мүмкін. Жоқ. Базалық зейнетақы мөлшерін қайта есептеу кезінде азаматтардан қосымша құжаттар талап етілмейді. Еңбек өтілі туралы ақпарат зейнетақы істерінен (делосынан), ал міндетті зейнетақы жарналары жүзеге асырылған кезең орталықтандырылған дерекқордағы міндетті зейнетақы жарналары туралы мәліметтер негізінде анықталып, есепке алынады.
Айта кетуіміз керек, осы кезге дейін толық және уақытылы аударылмаған міндетті зейнетақы жарналарын жүзеге асыру кезеңдерін тек қана сот шешімімен растау міндетті болып келді. Бұл туралы жұмыс берушінің анықтама беру құқығы болған жоқ. Жүргізіліп жатқан өзгерістерге сәйкес бұл мәселені шешу жолы оңтайланды. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылы 14 сәуірдегі №223 бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін бюджет қаражаты есебінен беру, сондай-ақ жасына байланысты зейнетақы төлемдерін, мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды, мемлекеттік арнайы жәрдемақыларды тағайындау және жүзеге асыру қағидаларының» 2-тарауы 6-2 тармақпен толықтырылып, толықтырылған нұсқа биылғы жылдың 9 сәуірінен бастап күшіне енді. Толықтырылған нұсқадағы қағидаларға 3-1 қосымшаға сәйкес нысан бойынша толық және уақытылы аударылмаған міндетті зейнетақы жарналарын жүзеге асыру кезеңдері жұмыс берушінің (ол болмаған жағдайда құқықтық мирасқордың) немесе архив мекемесінің растау анықтамасымен расталатын болды. Міне осы анықтама негізінде базалық зейнетақы мөлшерін қайта есептеуге болады. Әр азамат есте ұстайтын жәйт, толық және уақытылы аударылмаған міндетті зейнетақы жарналарын жүзеге асыру кезеңі азаматтың еңбек өтілін растайтын құжаттарда көрсетілген еңбек қызметі кезеңдеріне сәйкес келуі міндетті. Сәйкес келмеген жағдайда кәсіпорын немесе архив берген анықтама заңды құжат күшіне енбейді. Сондай-ақ кәсіпорын немесе ұйым таратылған жағдайда міндетті зейнетақы жарналарын аудару кезеңдері сот шешімімен расталуы тиіс.
Базалық зейнетақы мөлшерін қайта есептеу – еліміз азаматтарының лайықты зейнетақымен қамтылуына жасалған тиімді қадам болмақ.
Қандастар мен әлжуаз топтардың құқықтары кеңейді
Қазақтардың Y дүниежүзілік құрылтайында Елбасы – Тұңғыш Президент еліміздегі салалардың басшыларына бірқатар маңызды тапсырмалар жүктеп, солардың қатарында еліміздегі әлеуметтік көмекке мұқтаж топтар мен атажұртқа ат басын бұрған қандастарымызды қолдауды күшейту қажет екендігін қадап айтқан болатын. Елбасының тапсырмасына орай еліміздің еңбек, әлеу- меттік қорғау және көші-қон комитеті әлжуаз топтар мен қандастарымыздың мүддесін көздейтін шараларды жүзеге асыруды қолға алды.
Нақты айтатын болсақ, «Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2018 жылғы 26 желтоқсандағы № 203-YI заңымен 2013 жыл 21 маусымдағы «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңның 13 бабының 1 тармағы «Қазақстан Республикасына тарихи Отанында тұрақты тұру мақсатында келген этностық қазақтардың зейнетақы төлемдерін тағайындау кезінде шығу еліндегі еңбек өтілін есептеу туралы» 18-тармақшамен толықтырылды. Осы норманы жүзеге асыру мақсатында «Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін бюджет қаражаты есебінен беру, сондай-ақ жасына байланысты зейнетақы төлемдерін, мүгедектегі бойынша, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды, мемлекеттік арнайы жәрдемақыларды тағайындау және жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылы 14 сәуірдегі бұйрығына Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі 2019 жылдың 13 наурызындағы №122 бұйрығымен өзгерістер мен толықтырулар енгізген болатын. Толықтырулар мен өзгерістер енгізілген қағидалар нұсқасы биылғы жылдың 9 сәуірінен бастап өз күшіне енді. Міне, осы толықтырулар мен өзгерістер бойынша атажұртқа тұрақты қоныстануға оралған қандастарымыздың еңбек өтілін растайтын құжаттар тізбесіне бұрын өздері өмір сүрген мемлекеттегі еңбек өтілін растайтын құжаттары енетін болды. Бұрынғы елдегі еңбек өтілін растайтын құжат шет елдің мемлекеттік тілінде болғандықтан, оның Қазақстанның мемлекеттік тіліне аудармасының дұрыс жүргізілгені еліміздегі нотариустық кеңселер тарапынан Қазақстан Республикасының 1997 жыл 14 шілдедегі «Нотариат туралы» №155 заңның 34 бабының 9 тармақшасына сәйкес куәландырылуы тиіс. Осылайша шет елдерден атажұртқа, тарихи Отанына тұрақты өмір сүруге келген қандастарымыз байырғы қазақстандықтармен тең деңгейде зейнетақымен қамтамасыз етілетін болды. Бұл – атажұртты аңсап келген қандастарымыз үшін жасалатын мемлекеттік қолдаудың ауыз толтырып айтуға тұрарлық түрі.
Бүгінгі таңда елімізде әлжуаз топтардың мүдделерін қорғауға айырықша назар аударыла бастады. Осы орайда «Қазақстан Республикасында мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар туралы» заңның 13 бабына жақсылығы мол өзгерістер енгізілді.Орта, техникалық және кәсіптік оқу орындары мен жоғары оқу орындарының күндізгі бөлімінде оқитын асыраушысы жоқ студенттер 23 жасқа дейінгі шекте мемлекеттік жәрдемақы алу құқығына ие болды. Жоғары білімнен кейін магистратурада білім алушы асыраушысы жоқ, өзінің жасы 23 жасқа толмаған жастар да осы мүмкіндікті пайдалану құқығына ие болып отыр.
(Материал еңбек, әлеуметтік қорғау және
көші-қон комитетінің Маңғыстау облысы
бойынша департаментінің
ақпараттық қолдауымен дайындалды)
1158
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.