©
Биыл сәуір айынан бастап білім саласындағы жемқорлық деңгейін анықтау мақсатында Ақтаудағы 14 оқу орнының студенттері арасында сауалнама жүрді. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облыстық департаменті өткізген сауалнамада студенттер жеке кездесу арқылы анонимді түрде жауап берді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Оған политехникалық, энергетикалық, гуманитарлық, медициналық, туризм, өнер, шетел тілдері, «Болашақ», «Мейірбике», «Қайнар», есеп-технологиялық, технологиялық қызмет көрсету, Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің көпсалалы колледжі және М.Тынышпаев атындағы Ақтау көлік колледжінің 2641 студенті қатысты. Департамент басшысының орынбасары Қайрат Байгебаевтың айтуынша, сауалнама нәтижесі өңірдегі оқу орындарында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің бар екенін көрсеткен. «Сауалнама колледжге түсу кезінде пара арқылы грантқа қабылдау ұсынылғаны, сыйақы беруге әдейі жағдай жасайтын оқытушылардың арам пиғылды мінез-құлқының куәсі болғаны, емтихан кезінде оқытушыларға түскі ас ұйымдастырылғаны, оқытушылардың өздерінің авторлық кітабын сатып алуға мәжбүрлеу деректері әлі де болса бар екенін көрсетті. Оқытушылардың 2000-5000 теңге көлемінде пара алатынын, тіпті кейбір мұғалімнің аты-жөнін ашық жазып көрсеткен студенттер де болды», - дейді Қ.Байгебаев. Сауалнамада кейбір студенттер колледжде дайындық үшін емтихан сұрақтары тегін таратылмайтынын растаған. Студенттердің бәрі бірдей жемқорлық фактісі туралы хабарлауға дайын емес. Маңғыстаудағы жоғары және арнаулы орта оқу орындарында «Саналы ұрпақ – жарқын болашақ» клубтары құрылған. Бірақ оны мүлдем білмейтін студенттер бар болып шықты. Сауалнама нәтижесінде білім беру ұйымдарының басшыларына кешіліктерді жою бойынша тиісті шаралар алынған. Департамент басшысының орынбасары білім саласында сыбайлас жемқорлықтың алдын-алуға бағытталған конференциялар, дөңгелек үстелдер, форумдар, дебат-сайыстар жиі өтетінін атап өтті. Оқу орындарында «Адалдық дүкендерін» ашқан кәсіпкерлерден шағым да түспеген. «Білім саласындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын ала отырып, мұғалімдердің мәртебесін түсірмеу міндеті тұр. Қандай да бір жемқорлқ дерегіне куә болғандар 1424 Call орталығына хабарласа алады», - дейді Қ.Байгебаев.