©
Мұнайлы ауданында 13-17 мамыр аралығында ауыз су уақытша тоқтатылған еді. Оған «МАЭК-Казатомөнеркәсібі» ТЭЦ-1 мекемесінің қаладағы жылу құбырларды гидравликалық сынақтан өткізуі себеп болған. Ал «Каспий» тұшыту зауытында теңіз суын сорып алатын құбырлар мен су сораптары болмағандықтан өз жұмыстарын тоқтатқан. Осылайша тұшыту зауыты аталған сынақтың аяқталғанын күткен. Қазіргі таңда Мұнайлы және Қарақия аудандарына сағатына 700-750 текше метр ауыз су берілді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Жылу құбырларына гидравликалық сынақ жылына екі рет жүргізіледі. Бірі жылу маусымы аяқталған соң көктемгі мезгілде және күзде жылу беру маусымы басталар шақта тексеріледі. «Жылыту маусымына даярлық аясында құбырларды қысыммен сынау мақсатында ыстық су беру тоқтатылады деп хабарландыруда айтылды. Ертең ыстық су айтылған мерзімде беріледі. Бұл бірінші рет емес, жыл сайын жүргізілетін технологиялық процесс. Тексеріс кезінде құбыр бойындағы ақауларды анықтайды. Егер ақаулар табылса, сынақ нәтижесімен жөндеу жұмыстары қолға алынып, тиісті шаралар жоспарланады», - дейді «МАЭК-Казатомөнеркәсібі» ЖШС бас директорының кеңесшісі Қолғанат Нұржаубайұлы. «МАЭК-Казатомөнеркәсібінің» ТЭЦ-1 мекемесі жылу құбырларына гидравликалық сынақты жүргізбес бұрын «Каспий» тұшыту зауытына хат жолдап, жұмыстың уақытша тоқтайтынын ескерткен екен. Бұл жөнінде «Каспий» тұшыту зауытының бас технологы Салтанат Дюсемалиева айтты. «3 мамыр күні сағат 10:14-те «МАЭК-Казатомөнеркәсібінің» ТЭЦ-1 мекемесінен телефонограмма алдық. Онда 12 мамыр күні сағат 12:00-ден бастап 17 мамыр сағат 00:00-ге дейін қаладағы жылу құбырларын гидравликалық сынақтан өткізуіне орай жұмысты тоқтады деген. Ал біздің зауытта теңіз суын сорып алатын құбырлар, су сораптары жоқ. «Каспий» тұшыту зауыты ТЭЦ-1 мекемесінің жұмысына бағынышты болғандықтан біз де өз жұмысымызды тоқтатуға тура келді», - дейді ол. Тұрғындар үшін екі мекеменің де уақытша жұмысты тоқтатуы тиімсіз екендігі анық. Десе де тұрғындардың қажеттілігін ескерген «МАЭК-Казатомөнеркәсібі» ЖШС Мұнайлыға сағатына 280 текше метр су бере бастаған екен. Бұл туралы «МаңғыстауЖылу» КММ директоры Бекбол Қазақбаев өз пікірімен бөлісті. «"Каспий" тұшыту зауыты Мұнайлыда ауыз суды тоқтаткан болатын. Соған сәйкес "МАЭК-Казатомпром" ЖШС-нен 280м3/сағатына беруде. Бұған дейін "Каспий" тұшыту зауыты" ЖШС-нен сағатына 510 м3 ауыз сумен қамтамасыз етіп келген. Сонымен қатар алып отырған ауыз судың көлемі екі есеге дейін түсіп кетуіне байланысты аудан тұрғындарын ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік болмады. Сол себепті ауыз судан 20 мамырға дейін келеңсіздік орын алуы мүмкін", - деп отыр. Сонымен қатар тұрғындар ауыз суды тек ішуге ғана емес, өзге де қажеттілігіне пайдаланатындықтан «МаңғыстауЖылу» КММ судың қарқынын сағатына 700 текше метрге дейін көбейтуді сұрамақ. Ал кеше кешкі 22:00-ден бастап Мұнайлы және Қарақия аудандарына ауыз су беріліпті. Жалпы ауыз судың көлемі сағатына 700-750 текше метр екен.Жұлдызай ҚАЛИЕВА