Әлемнің жарығын сыйлаған, жеті және одан да көп бала тауып, тәрбиелеп отырған аналарға ҚР Президентінің 2019 жылғы 1 сәуірдегі №14 Жарлығына сәйкес «Алтын алқа» тапсырылды. Бұл ретте мұндай марапатқа жаңаөзендік бес ана ие болды. Олардың ішінде үй шаруасындағы аналар Әлия Аманқосова, Асыл Жұмаева, Нұрсұлу Есқалиева, Гүлімхан Тәжікова және «Жанарыс» ЖШС тігіншісі Зүлфия Қайыровалар бар. Жаңаөзен қаласында жылына 4-4,5 мың бала дүниеге келеді. Cондықтан шаһарда аналар мен балаларға мемлекеттік бағдарламалардың аясында жеткілікті қамқорлық көрсетіліп келеді. Биылдың өзінде атаулы әлеуметтік көмекті төлеуде айтарлықтай өзгерістер болды. Қазақстан бойынша аз қамтылған отбасылардағы аналарға төленіп жатқан 21 мың теңге Маңғыстау облысында 23 мың теңгеден белгіленді. Бұған Жаңаөзен қаласы бойынша өткен сәуір айында 3000 адам, яғни 600 отбасы тіркелді. Сәуір айына жалпы 325 млн. теңге қаржы қарастырылған. Соның 125 млн. теңгесі игерілді. Мамыр айына да атаулы әлеуметтік көмекті беру жалғасты. Сондай-ақ аймақтағы маршруттық көліктерде тегін жүру, алыс сапарларға шығып, басқа қалаларға, өзге аймақтарға барып емделіп келу үшін сол көп балалы, әлеуметтік жақтан аз қамтылған аналарға және оның қасындағы жолдасына да ұшақпен барып-келуге жеңілдіктер беру үшін тиісті шешімдер қабылданды. Осындай ақпараттармен таныстырған Жаңаөзен қаласының әкімі Әділбек Дауылбаев «Алтын алқа» алуға жиналған аналарды құттықтап, марапаттарын тапсырды. - Мен қаладағы «Жанарыс» тігін фабрикасында тігінші болып жұмыс істеймін. 7 балам бар. Тұңғышым Айгүл қазір Астрахань қаласындағы медициналық жоғарғы оқу орнының 3 курсын тәмамдады. Одан кейінгі Мәдина биыл мектеп бітіреді. Келесісі Бақберген 9 сыныпты, Нұрберген 5 сыныпты, Қарақат 3 сыныпты бітіреді. Кәусарымның жасы 3,5-да болса, қазірше кенжетайым Раяна 1,5 жаста. Отағасы Нұрлыбек Ілиясов «Бұрғылау» ЖШС-да машинист болып еңбек етеді. Құдайға шүкір, тұрмысымыз жаман емес. Қолымда 73 жастағы енем бар. Үйіміздің төрінің иесі, шаңырағымыздың киесі, - дейді өзін Зүлфия Қайырова деп таныстырған «Алтын алқа» иегері.
Мұратбай ҰЛЫҚПАН