Мамыр айының басында Жаңаөзен қаласының әкімі Әділбек Дауылбаев қала тұрғындарының сұранысына орай, олармен бірге көлік және әлеуметтік нысандардағы пандустардың мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қолайлылығын, қолжетімділігін, талапқа сайлығын анықтау мақсатында бақылау жүргізген болатын. Бұл шараға қала басшысымен қатар орынбасарлары, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары мен қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшылары, мамандары да бірге қатысты. Бақылау нәтижесінде қаладағы бірнеше нысан, жүргінші жол тексеріліп, олқылықтар анықталды. Қала әкімі талапқа сай келмейтін құрылымдарды түзеп, аз уақыттың ішінде ретке келтіруге тапсырма берді. - Қала әкімімен бірге жүргізген мониторинг барысында мүмкіндігі шектеулі жандардың көптеген мәселе айтылып, талқыланды. Қаладағы объектілерді араладық. Анықталған келеңсіздіктерді жою үшін орынбасарлары мен бөлім басшыларына нақты тапсырмалар берді. Нәтижесін қазірден-ақ көруге болады. Қала әкімдігі тарапынан жұмыстар басталып кетті, - дейді Р.Гайбатов.
Жанайым ЖАРЫЛҚАП