Дәл осындай тақырыпта Маңғыстау облыстық психоневрологиялық балалар интернат-үйінде қайырымдылық концерті өтті. Денсаулық күніне орай ұйымдастырылған кеште балалар ән айтып, би билеп, өнерлерін көрсетті. Интернат-үйінің тәрбиеленушілерінен құралған «Күн шапағы» театр ұжымы қойылым қойып, көпшіліктің ықыласына бөленді.
-Бүгінгі шараны өткізуге атсалысқан облыстық денсаулық сақтау басқармасына және облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары орталығына алғысымды білдіремін. Концерт балалардың талантын ашу, шығармашылығын шыңдау мақсатында ұйымдастырылып отыр. Одан бөлек бүгінгі концертте өнер көрсеткен талантты балаларымыздың әні мен биі, қойылымынан 1-маусым балаларды қорғау күніне орай арнайы әлеуметтік ролик дайындайтын боламыз,-дейді «Әнші балапан» балалар қорының директоры Арзу Изембаева.
Маңғыстау облыстық психоневрологиялық балалар интернат-үйінің директоры Сәрсенбай Борановтың айтуынша бүгінгі таңда интернат-үйінде 180 қызметкер жұмыс жасайды. Мұнда туа біткен, кейін пайда болған психикалық және дене бітім дамуында ауытқуы бар 5 пен 18 жас аралығындағы 132 бала тәрбиеленуде. Олардың басым көпшілігі-тастанды балалар.
-Біз балаларды емдемейміз, жағдайын жасап, күтеміз, қараймыз. Балалардың басым көпшілігінің диагнозы-туа бітті психикалық ауытқу. Ата-анасы бола тұра, бізге балаларын тастап кеткен отбасылар да кездеседі. Біз балаларды бөліп-жарып қарамай, әрқайсысын күтіп, жағдайын жасаймыз. Балаларымыз өте өнерлі. Осыдан 5 жыл бұрын құрылған «Күн шапағы» театр ұжымында 10 баламыз өнер көрсетеді. Жыл сайын қалалық, облыстық, республикалық деңгейде өтетін байқауларға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүр. Одан бөлек, ән айтып, би билеп, түрлі байқауларға да қатысатын балаларымыз бар,-дейді Сәрсенбай Боранов.
Венера МИРЛАН